Жаңалықтар

Сәбит Әбді, жас режиссер: «Менің өмірім – кино өнері»

Өзіндік қолтаңбасы бар режиссер
Сәбит Әбді, жас режиссер: «Менің өмірім – кино өнері»
21.04.2017 11:42 7957

Шымкентте соңғы жылдары киноөндіріс саласы қарқынды дамып келеді. Өзіндік қолтаңбасымен танылып келе жатқан жастың бірі – Сәбит Әбді. Жасы 26-да. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, «Режиссура және актерлік өнер» кафедрасының түлегі. «Арт хаус» жанры жанына жақын. Осы бағытта түсірілген «Win» атты қысқаметражды фильмі екі халықаралық фестивалдің іріктеу кезеңіне өтіп, ал АҚШ-та өткен байқаулардың бірінде ақтық сынға дейін барды. Өзі режиссер, актер, монтаж жасаушы, фотограф, оператор, аспаз – яғни, бойына бірнеше өнерді жиған бесаспап жігітпен жақында сұхбаттасқан едік.

– Сәбит, «Win» қысқаметражды фильмінің идеясы қалай келді? Фильмнің басты мақсаты не?

– Біздің Оңтүстікте жыл сайын жас режиссерларды, талантты қыз-жігіттерді қолдап, демеу мақсатында байқаулар жиі ұйымдастырылады. 2014 жылы облыстық деңгейдегі «КиноАрт» фестиваліне «Оян» деген киноммен қатысып, бағымды сынап көрдім. Ал келер жылы тағы да қатысуға бел буып, фильмге идея іздестіре бастадым. Бір күні әлеуметтік желіден «Өз-өзіңнен қашып құтыла алмайсың» деген сөзді оқып қалдым. Кейін «Адам өз-өзінен не үшін қашады?» деген сұрақ маза бермеді. Мен үшін адамның өмірдегі ең үлкен күресі – өз нәпсісімен, арымен күресі сияқты. Фильмнің атауы ойыма ағылшынша келді. Win – жеңіс. Яғни, адам өзінің бойындағы жағымсыз қасиеттерін, нәпсісін жеңу. Көрерменге жеткізгім келген негізгі идея – осы. Бар-жоғы 3 минут, 50 секундтан тұрады. Арт-хаус бағытында түсірілген. Қазір адамдар асығыс. Қайда асығады, неге асығады, білмеймін. Сол себепті туындыңның алғашқы 15 секундыңда оларды қызықтырып, баурай  алмасаң басқа дүниеге ауысып кетеді. Кез келген нәрсемен таңқалдыра алмайсың. Сондықтан да артық кадр қоспауға тырыстым.

– Бұл туындыңда көп дүниені символдық белгілермен шешуге ұмтылған сияқтысың?

– Иә. Адамның бес сезім мүшесі бар ғой. Иіс сезу, дәм сезу, сипап сезу, көру және есту. Біз осы сезім мүшелері арқылы ақпараттарды миымызға қабылдап, бойымызға сіңіреміз. Пайдасыз ас тұтынамыз. Қатыгездікті насихаттайтын кинолар көреміз. Осылайша санамызды улап жатқанымызды байқамаймыз. Соған орай бес кейіпкер ойлап таптым. Зер салып қарасаңыз, бес жігіттің бірінің көзі, екіншісінің аузы жабық. Ал үшіншісінің кеуде тұсы, тағы бірінің қолы қара.  Ал бес қыз жүрек тазалығын білдіреді.  Адам анадан өмірге пәк, таза, адал күйінде келеді. Өсе келе ғой, жаман қылықтарды жұқтырып жататынымыз. Бұл туындыда барлығын символдық дүниелермен, яғни, ыдысқа төгілген қара сия, жапан далада тұрған адамдар, тағы басқа өрнектермен бедерлеуді жөн көрдім. 

– Ал актерлар қалай іріктелді? «Win»-ді түсіруге қанша уақыт, қанша қаржы жұмсалды.

– Кастингте актерлардың шеберлігіне емес, түр-әлпетіне басты назар аударылды. Өйткені бұл жерде ешкім үн қатпайды. Негізгі кадрларды табиғаты сұлу Төлеби ауданында, тау бөктерінде түсірдік. Сондай-ақ, үйімдегі қонақжай бөлмені де киностудияға айналдыруға тура келді.  2015 жылдың, сол кездегі  доллар бағамымен есептегенде 1 мың Ақш доллары жұмсалды. Теңгеге шаққанда 180 мыңдай. Бірақ облыстық байқауда жүлдегерлердің қатарына іліне алмадық.

– Есесіне халықаралық фестивальдерге қатысты ғой?

– Иә. Біраз уақыттан кейін інім бұл туындыны шетелдік фестивальдерге ұсынып көрерміз деген ой тастады. Сосын өзгеріс енгізіп, музыкасын қайта жазып, Чикаго, Гонконг пен Канаданың кинофестивальдеріне жібердік. Кейін бұл туралы ұмытып кеткенмін. Бір күні электронды поштамды ашып қарасам, Чикаго мен Гонконгтан іріктеу кезеңінен өткеніміз жайлы хат келіпті. Бұл мені ерекше толқытты. Өйткені мыңдаған жұмыстың арасынан іріктеуге өткеннің өзі қуаныш. Ал осы жылдың басында Чикагодағы тағы бір фестивальде финалға дейін бардық. Ұйымдастырушылар, алдағы уақытта мол үміт күтетіндерін, фестивальге бұдан да жақсы туындылар түсіре алатыныма сенім білдіріп, хат жазып жіберіпті. Шетелде, кино алпауытына айналған елдердің арасында аты-жөніңнің жанында «Қазақстан» деген жазудың тұрғанының өзі іштей қуанышқа бөлейді екен. Жігерлендіреді. Енді топ жаратын туындылар түсіруге талпынамын. 

– Ал кино саласына қалай келдің?

– 9 сыныпта оқып жүргенімде камерасы бар ұялы телефондар біздің өмірімізге дендеп ене бастады. Үйде әкемнің телефонын сұрап алып, інім екеуміз қызығып, 3 минуттық бейнежазбалар түсіретінбіз. Көбіне рөлді ойнаушы – інім, ал оператор – мен. Тіпті «13 аймақ» фильміне римейк жасап, «Тельман» деген өз нұсқамызды шығардық. Мектептің іс-шараларына белсене қатыстым. Бірақ неге екенін білмеймін, бала кезден аспаз болуды армандадым. Тағамдарды дәмді даярлайтынмын. Әкем «бұл ер жігіттің ісі емес. Одан да агроном болғаның дұрыс» деп кеңес берді. 10-11 сыныпта биология, химия пәндеріне назарды көбірек аударып, тыңғылықты дайындалуға тура келді. Ата-анам білікті агроном болғанымды қалайды. Ал мен ақыры аспаз болмасам, онда өнер жолын таңдайын деп шештім. Осылайша Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне құжат тапсырып, сонда білім алып шықтым. Негізгі мамандығым «Бұқаралық қойылымдар мен шоу бағдарлама режиссурасы». Дипломдық жұмысымды қорғайтын сәтте моноспектакль құрған болатынмын. Оқытушыларым «сенің мамандығына тура келмейді. Сен көпшілік адамдармен жұмыс жасап, шоу бағдарлама ұйымдастыруың керек. Жалғыз өзің қойған қойылымды көруге адамдар келмейді» деп қарсы болды. Мен айтқанымнан қайтпай, «Он адам келсе де, бір адам көрсе де, мен сахнада жалғыз ойнаймын» деп, өзім сценарий жазып, өзім әртіс, режиссер боп, дипломдық жұмысымды өте жақсы бағаға қорғап шыққанмын. Сол кезде-ақ менің бойымда «арт хаустың»  ұшқындары пайда болған сияқты.

– Алдағы уақытта көрермендерді тағы қандай жаңалықпен қуантпақсың?

– Былтыр продюсер ретінде «Танго» деген толықметражды фильмді түсіруді қолға алған болатынмын. Режиссері Аман Сүйінбаев деген талантты жігіт. Алла қаласа, жуырда көрермендерге жол тартады. Бұдан бөлек, қолымда дайын сценарийлер бар. Қазір инвестор іздестіріп жатырмыз. Тапсақ, түсірілім жұмыстарын бастап кететін едік.

– Шығармашылық адамы болғаннан кейін, кино түсіру барысында түрлі жағдайға тап боласың. Есте ерекше қалған бір оқиғамен бөліссең?

– «Win»-нің түсірілім барысында басты кейіпкер ақ қар, көк мұзда жалаңаяқ түсу керек болды. Біз түсірген күні тауда -25 градусқа дейін төмендеп, аяз қысты. Ильяр деген жігіт көйлекшең 30 метрге дейін жүгіріп келу керек. Бірнеше рет қайталауға тура келеді. Жаурайды. Көлікке әкеліп, ыстық шай береміз. Екі минут түсіріп, екі сағат жылытамыз оны. Ал ертеңіне хабарлассам, ауырып қалыпты. Өзімді кінәлі сезіндім. Ал кейін халықаралық фестивальде ақтық сынға шыққанымызда ең бірінші оның еңбегінің ақталғанына қуандым.

– Болашақ армандарың, жоспарларың қандай?

– «Арт хаус» бағытында режсиисер Эмир Байғазиннің жұмыстары ұнайды. Танысып, бірге жұмыс істеп көргім келеді. Сосын шетелде 15, 30 секундтық қысқаметражды фильмдердің байқауы бар. Соған қатысуды алдыма мақсат етіп қойып отырмын.  1,5 сағаттық кинода айтылатын ауқымды ойды, осындай қып-қысқа уақытқа сыйдыру керек. Бұл жерде режиссердің шеберлігіне байланысты. Кейде уақытыңды қиып, 1-2 сағаттық киноларды көресің. Бірақ соңында көкейге түйетін ой болмайды. Ал кейде 1 минуттық дүниенің өзі жан-дүниеңді астаң-кестең етіп, қопарып жібереді. Осындай жұмыстар көңілімнен шығады. АҚШ, Франция, Польша, Жапония, Корея елдері мамандарының түсіру мәнерлері ұнайды. Алла қаласа, осы елдердің бірінде білімімді жетілдірсем деймін. Және де бала кездегі арманымды орындағым келеді. Яғни, мейрамхана ісімен айналысу да жоспарымда бар. Бірақ кино өнері саласынан алыстап кетпеймін. Бұл менің – өмірім. Кейде шымкенттік киноларға сын тағылып жатады. Иә, сапасы төмен шығар, жөн-жосықсыз әзілдері бар шығар. Бірақ мұның бәрін ысырып қойғанда, алға ұмтылушылық бар. Өзіндік өрнегімен, өзіндік қолтаңбасымен шығып жатқан жастар көп. Мені сол қуантады.  Бәсекелестік болған жерде сапа артады. Бірер жылда  Оңтүстік жастарының туындылары тек республика деңгейінде ғана емес, әлемдік байқауларда топ жарады деп ойлаймын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға