Сабан лайдан тұрғызылғандары бар. Мектептердің мәселесі қашан шешіледі?
Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков өңірлерді аралап халықпен, мектеп ұжымдарымен кездесулерімде білім саласына қатысты туындаған екі мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Депутаттың айтуынша, Түркістан облысындағы 907 мемлекеттік мектептің 121-іне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындап отыр.
Бұл білім ордалары 1939-2011 жылдар аралығында салынған. Барлығы тозған. Қабырғаларының сылағы түсіп, сыры кеткен. Едені мен шатыры құлауға айналған. Есік терезелері де ескірген. Қысқы мезгілде суықты ұстап тұру мүмкін емес. Араларында сабан лайдан тұрғызылған мектептер де бар. Жалпы, өңірдегі 110 мектепте асхана жоқ. Сондықтан, кей білім ордаларының қасынан қосымша ғимарат салуды қажет етеді, - дейді депутат.
Бүгінгі күні сол 121 мектептің 51-іне жергілікті атқарушы органдар тарапынан ЖСҚ-ы (жобалық-сметалық құжаттамасы) әзірленіп жатыр. Дегенмен, күрделі жөндеуге жұмсалатын қаражат мәселесі әлі шешімін таппай отыр. Жергілікті бюджет қаражаты жетпейді.
Сондықтан елдегі ағайын бар үмітін республикаға артып отыр. Жалпы 51 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті қаражат болжаммен 37 млрд теңгені құрайды.
Түркістан облысында 1-4 сыныпта оқитын балаларды ыстық тамақпен қамту ісі биылғы оқу жылынан басталды. Қазіргі таңда 156 255 бастауыш сынып оқушысы үлкен қоңырауда ыстық тамақ ішіп жүр. Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтардан шыққан 43 591 бала (оның ішінде 1-4 сыныптарда оқитын 31 577бала) мектептерде тегін тамақпен қамтамасыз етілген.
Жалпы, қыркүйек – желтоқсан айларына оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға жергілікті бюджеттен 6 млрд. 197 млн. теңге қаралған.
Мәжілісмен 2024 жылдың қаңтарынан бастап Түркістан облысындағы бастауыш сыныптарда білім алатын 187 832 бала тегін ыстық тамақпен қамтылуы қажет екенін айтты. Бұл бағытқа шығындар 16,8 млрд теңгені құрап отыр.
2024 жылы 907 мектептегі Бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қажетті 16,8 млрд. теңгені жергілікті бюджет есебінен шешуге өңірдің мүмкіншілігі жоқ. Сондай-ақ, 51 білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті 37 млрд. теңгені де жергілікті бюджет көтере алмайды. Сондықтан қос мәселеге қатысты жағдайларды ескере отырып, аталған қаржы көлемін республикалық бюджеттен бөлуге ықпал жасауыңызды сұраймын, - деді Ұласбек Сәдібеков.