Сақыпжамал
Ол көзін жұмып басын шайқай берді.
- Қалай тірі қалғанбыз, апыр-ай, қанша адам опат болып кетті десеңші. Талай әйел жынданып кетті ғой. Көз алдымда әлі де ат жеккен шанаға өліктерді қатар-қатар, бірінің басын оңға, бірінің басын солға алма-кезек қойып түнделетіп әкеткені тұр. Қарғыс атқыр 37-жылдың оқиғасы есіме келсе ауырып қалам, балам.
Бұл әңгімені айтып отырған 1937-жылы Казкрайкомның баспасөз жөніндегі меңгерушісі, республикалық «Лениншіл жас» газетінің редакторы Зарап Темірбековтың әйелі Назарова Сақыпжамал апай.
- Жылай-жылай көз жасымды құрғатып алғанмын. Мәскеуде кәсіподақтың пленумына қатысуға кеткен едім. Мәскеуде көңілсіз. Ананы ұстапты, мынаны ұстапты деген күңкіл сөз. Кімге сенеріңді білмейсің. Үйге түнделетіп Мәскеуден телефон шаламын. Зарапқа «басың ауырмай ма?» деймін. Бұл бәле-жаладан амансың ба дегенім. Себебі бүкіл ел бойынша бір бәле басталып еді. Көлеңкемізден қорқамыз. Әзер дегенде пленум да бітті. Поезбен Алматының вокзалына келсем, еш адам жоқ. Күтіп алып, шығарып салатын ығы-жығы баяғы қаптаған халық жым-жылас, көрінбейді. Сумаңдаған жел жапырақтар мен қағаздарды ұшырып алып кетіп жатыр. Бұралқы иттер мен мысықтар босып жүр. Төбе шашым тік тұрды. Оның алдында үйге Мәскеуден телеграмма салғанмын. Дереу такси жалдап алып, үйге келсем Зарап жоқ. Екі балам зарлап қалған, үйіміз Ыстықкөл көшесі, 129-үй еді. Зарап бір бет қағазға: «Сақып, енді үйде болмасын, «ана» жерге алып кететін шығар. Төрт күн бойы шақырып мазамды алып жатыр. Мені ұстайды. Өзіңе-өзің берік бол» деп жазып қалдырып кетіпті.
Ол кезде Ежовтың кірпі шашты суреті плакат болып көшелерге, мекемелерге ілініп қояды екен. Екі жұдырығының арасынан адамның бастары шығып тұрады. Бұл Ежовтың қолына түссең құрисың, шаруаң бітеді деген ұғым білдіреді. Қорқытудың ұсқыны, мінеки, осындай болыпты. Шаш ал десең бас алатын адамның суреті плакат болып, көп тиражбен шығарылуы ақылға сыймайтын нәрсе еді. Үрей мен қорқыныш үйірген Ежов суреті әр жерде қайдан пайда болады? Секем алған халық тарих доңғалағының өз екпінін жоғалта бастағанын сезді.
Зарап және өзі туралы қаттап қойған документтерді алдыма қойды да Сақыпжамал апай әңгіме желісін әрі қарай жалғады.
- Үйде бойымды үрей буып, Алмам мен Жаңартымды және Зараптың 13-14 жасар қарындасы Зураны бауырыма тығып жылап-сықтап 4 күн отырдым. Түрмеге барудан қорқып, таныс арқылы Зарапқа тамақ жібердім. Содан соң орталық партия комитетіндегі біздің жұмысымызға басшылық жасайтын Ибрагимовқа бардым. Болған оқиғаны айтып, «енді не істеймін?» деп едім, ол менің орынбасарым Иван Ковиняны шақыртып алып: «бұл мәселені президиумда қараңдар» деді. Ибрагимов Орталық партия комитетінде мектеп бөлімінің меңгерушісі еді. Менің қызметтес жолдастарым ісімнен ешқандай кемшілік көрмегенін айтып, жақсы мінездеме берді. Зарапты «халық жауы» деп ұстап отыр ғой. Мені жұмыста қалдыру, қалдырмау туралы шешімге келе алмады. Жұмыста қалдырса күні ертең мына президиумға жиналғандардың бәрін ұстайды, сондықтан да өзім бір шешімге келдім. «Мені жұмыста қалдырсаңдар, сендерге де жаман болады, жұмыстан біржолата босатыңдар» дедім тікесінен оларға. Әрине, олар да осы сөзді күтіп отырған. 1938 жылы 10 сәуірде үйге сау етіп НКВД-ның 2 қызметкері жетіп келді. Әй-шәй жоқ: «Міне сізді тұтқындау туралы ордер, тұрыңыз, киініңіз, жолдасыңызға барасыз» дейді. Мінеки, НКВД-ның сиқы осы болатын ол кезде. Қалай ғана шыдағанбыз, қалай ғана! Досым тұрмақ дұшпаныма да тілемеймін бұл зобалаңды. Тек қана айтқаным: «Зура, Алма, Жаңарт, бірге болыңдар!» деймін өзімше оларға ақыл айтып. Қайдан білейін олардың қалған өмірінің өксікпен өтетінін, байқұстар көрмегенді көріпті. 10 сәуірде түрмеге отырғызды. Менімен қатар Ибрагимовтың әйелі Мағрипаны да ұстады. Түрме толған әйелдер. Бибіжамал жеңгейді, Күнжамалды, Тоғжанова Мәрияны, Мусина Хадишаны, Калменованы кездестірдім. Ақыры сұрауға алатын уақыты жетіпті. Мені Қобыланов деген тергеуші тергеді. Өзінің кірпі шашы кәдімгі Ежовқа ұқсайды. Ол кездегі заң адамдары көбінесе осындай шаш қоятын. Маған ол: «Зарапты қашаннан бері білесің?» дейді. «Бала кезімнен білемін, пионерге, комсомолға бірге өткенмін. Қызылжардың казкоммунасының қара нанын бөліп жегеннен бері білемін» деймін. Бітті. Шығарып жіберді. Ал Күнжамал Майлинаны 4 рет жауап алуға шақырды. Оның тергеушісі оператив бөлімінің бастығы Завелин деген еді. «Сіз Бейімбетке қалай қосылдыңыз?» дейді екен тергеуші. Орысшасы нашар Күнжамал жеңгей: «Друг-друга хорошо видалам, хорошо зналам. Замуш пошлам» деп жауап берсе, бұл әйел әдейі қырсығып, жауап бермей отыр деп, жазалауға дейін барыпты. Завелин деген сұмырай. Айтқандай, мені тұтқындауға келген Хамидуллин сол күні балаларымды балалар үйіне алып кетті. Бір құдайға тапсырдым деп еңірей-еңірей мен кеттім. Ботадай боздап балалар қалды. Айтпақшы бір күні бізге «этапқа» алынасыңдар деді. Мәскеуде бірнеше рет кәсіподақ оқуына барғанымда «на дальний этап» деген саяси ұғымды білген мен байғұс, «е, е, бізге әдейі жасап отыр екен, мүмкін бұл сынағаны шығар, этап деген жақсы сөз ғой» деп жүрсем, қамаудағыларды алып жүретін вагонды айтады екен. Құдайым сақтасын, иттер екі жақтан үріп есіңді шығарады. Апыр-ай, тірі қалыппыз-ау, тірі қалыппыз-ау! Менің көз жасым таусылып қалған, 30 жыл жыладым. Енді жыламаймын, - деген Сақыпжамал апай ұзақ уақыт екі қолымен басын сығымдап ұстаған күйі отырып қалды.
Ал Зура, Алма, Жаңарттың тағдырына келейік. Сол күні Сақыпжамалды тұтқындаған Хамидуллин үшеуін «халық жауының» балалары деп арнайы балалар үйіне өткізеді. Көп ұзамай халық жауының балалар үйін Шымкент облысы Сайрам селосына көшірді. Жасы 14-ке келген Зура Алматыдағы үш айлық дайындық курсында қалып қояды.
8 жыл 26-нүктеде отырып шыққан Сақыпжамал апайдың паспортына 3 деген сан соғылған. Бұл сан «Совет мемлекетінің қауіпті элементі» (Опасный элемент Советского государства) деген ұғымды білдіреді екен. Алматыға келуге болмайды. Енді қайда барады? Ақмолада Жұмабай Орманбаев деген Зарап Темірбековпен бірге оқыған жолдасы бар, мүмкін көмектесер деп сол үйге барады. Уақытша сол үйде оншақты күн болады да жүк тиегіш болып орналасады. Өйтіп-бүйтіп ақша қаражат алған соң, Алманың Алматы консерваториясында оқып жатқанын естіп-біліп, ешкімге білдірмей тартып отырады. Мүмкіндігінше қатып киініп алады. Мұнысы 8 жыл түрмеде мойымады деген белгісі болатын. Алайда көрген қиыншылық жүректе запыран болып қатып қалған ғой. Консерваторияға келсе, кезекші жібермейді. Өтіп бара жатқан қызға: «Темірбекова Алманы шақырып жіберші» дейді. Қыз бір қарап алып, ұшып жоғары қабатқа көтеріліп кетеді. Бір сәт қанатын қаға жүгірген бойжеткен, есейген Алма: «маматайым, менің, амансың ба, сағындым ғой, мама, мама!» - деп жүгіреді. Залды көтерген сағыныш зары бүкіл оқытушыларға да, студенттерге де еріксіз көздеріне жас алғызды. Есінен танып қалған Сақыпжамал апайға манағы кезекшінің өзі су бүркеді. Бұл кездесу көпті жылатты. 4 күн Алмамен бірге болып, ақыры «халық жауының» әйелі Алматыда жүр деген суық хабар НКВД-ға жеткен еді. Ол тездетіп Шымкентке, сіңлісі Сапураға асықты.
Ал ұлы Жаңарт қайда еді? Алманың айтуы бойынша, Сайрамда бір-екі жыл болған. Ақыры одан көз жазып қалыпты. Қайда екенін білмейді. Сақыпжамал апай Қазақстандағы барлық балалар үйіне сұрау салды. Не өлі, не тірі екені белгісіз. Ақыры жүрекжарды қуаныш – партия съезі жарқ ете түсті. Қуаныштан ел-жұрт мәре-сәре. Зарап та ақталды. Өзі де ақталған Сақыпжамал апай баласын іздеуді әлі де тоқтатпады. Жылдар зулап өтіп жатты. Бір күні Сақыпжамал апай көршісіне бастан кешкен оқиғаны түгел айтып берді. «Ұлым әкесіне тартқан еді. Қасы қап-қара, екі қасы бір-біріне қосылып кеткен» деп күйеуі Зараптың суретін көршісіне көрсетсе, ол «апыр-ай!» деп әлденеше рет қайталап таңданады екен. Осы таңданыс жақсылық хабарындай бір жаңалықтың қарлығашы болып қалықтады. Апыр-ай-ә!. Сол күні көршісі Зұпар деген баласын Қырғызстанға Мелянфан аулына жібереді. «Сонда Шотбаев Жора деген бала бар. Соның барлық жағдайын біл, ұялмай сұра», - дейді. Сөйтсе бұл көршісі Шотбаевтармен жекжат екен. Бір күн әлгі Зұпар қуанышы қойнына симай келді. «Сізге жақсы хабар әкелдім», - деп бір оқиғаның шет жағасын айтады. Әңгіменің ұзын-ырғасы мынау. Сайрамдағы «халық жауларының» балалары орналасқан балалар үйіндегі тіршілік онша мәз болмайды. Бит-құрт қаптаған, оның үстіне аштықтан азып-тозған 10 жастағы бір бала 6 жастағы Жаңартты «жүр, қашайық бұл жерден. Ауылға барамыз. Онда құрт, май, нан бар. Қарнымыз ашпайды. Мұндағыдай бізді ешкім ұрмайды!» деп өзімен бірге ертіп, түнделетіп жолға шығады. Олар жүре, жүре әбден қарны ашып шаршап-шалдығып қаңғып жүргенде бір қазақ ақсақалына кезігеді. Балалардың жағдайын сұрастыра келіп, мән-жайға түсінген ол өзін Шотбай деп таныстырып, атына мінгізіп, үйіне алып кеткен екен. Сонымен екеуін екі үй асырап алады. Ең кішісі Жаңартты көптен бала көрмей жүрген Шотбай ақсақал меншіктейді. Сонымен 1940 жылдан яғни 6 жарым жасынан Жаңарт Шотбаев екен. Бұл әңгімеге не сенерін, не сенбесін білмеген Сақыпжамал Зұпардың алып келген суретін көргенде бұл әңгіменің бекер еместігін сезген еді. Енді не істеу керек!
Зарап Темірбековтың туған ағасының балалары – сол кездегі жас журналистер Жанәбіл, Жәмшид Темірбековты, Сарбас Ақтаевты шақырып алып, Сақыпжамал апай әлгі беймәлім суретті көрсетеді. Үш жігіт 1937 жылдың құрбаны Зарап Темірбековтың суреті мен мына суретті ары салыстырады, бері салыстырады. Құдай-ау, не деген ұқсастық. Қасының қосылуы, көзінің сәл қысыңқылығы, ерні, бет-әлпеті – бәрі-бәрі ұқсайды. Тіпті лупамен де қарады. Ақыры Жанәбіл, Жәмшид, Сарбас үшеуі «бұл Зарап ағаның, яғни сіздің жоғалтып алған ұлыңыздың дәл өзі» деп шешсе де, Сақыпжамал апай әліптің артын баққан екен.
- Зұпар оның мына әңгімесін айтып келгенде мен жынданып кете жаздадым. «Егер ол анам болса, менің есімде қалған бір оқиғаны растар ма екен? Әкем Мәскеуге барып келгенде маған әдемі ойыншық, шешеме биік өкшелі туфли алып келіп еді, менің сонда қуанғаным есімде қалыпты! Осы рас па екен сұрашы» депті. Бір күні шай ішіп отырсам, жаз кезі еді, көршінің баласы Зұпар бастаған 4-5 жігіт кіріп келді. Мен бірден әлгі суреттегі Жаңартты таныдым. Сабыр сақтадым. Қараймын. Зараптан аумайды. Не айтар екен дедім. Себебі, бұрын мен сияқты 8 жыл отырып келген бір әйелді балалары танымай, содан болар есінен адасып кетіп еді, сабыр түбі сары алтын, көретін қуанышым бар екен деп отыра бердім, ол да өзін-өзі ұстады. Ал қалғандары не болар екен дегендей маған бір, оған бір қарағыштайды. Туған бауырын таныған Алма келе салып «Жаңарт!» деп бас салып, есінен танып қалды.
- Тұра тұр, тұра тұр, мүмкін басқа адам шығармын, - дейді ол, - қандай белгің бар? Асықпайық. Сабыр сақтаңыздар... Апыр-ай, даусы да Зараптікі. Есін жиған Алма:
- Сен Жаңартсың, Темірбеков Жаңартсың, мен сені танып тұрмын. Қанеки, көйлегіңді шеш. Қай жағы екені есімде жоқ, төсіңде баданадай қал бар, мұндай қал мына шешеңде де бар. Мен куә, құдай куә, шеш көйлегіңді – дегенде, Жаңарт: «олай болса, мінеки, қал дегені!» деп, көйлегін көтеріп қалғанда мен есімнен танып қалдым. Тура менің қалым сияқты баданадай қал онда да бар еді. Бірақ жыламадым. Себебі 30 жыл жыладым дедім ғой, көз жасымды құрғатып алғанмын. Сөйтіп 40 жылдан кейін Жаңартымды тауып алдым Байғұс оқи алмапты. Фамилиясы Шотбаев екен. Қазір жеті баланың әкесі. Қырғызстанда сол баяғы Шотбай атасымен бірге тұрады. Екі ай телефонның қасында отырып, туған жерінен анықтама алғыздым. Темірбеков Зарапұлы болып жазылады. Балалары да өз фамилиясында. Қатардағы механизатор. Ал Алма болса консерваториясында сабақ береді. Мінеки, 1937 жылдың зобалаңы маған осындай таңба салды. Заманның тыныштығына қуанамын. Біз көргенді жастар көрмесе екен деймін. Айтпақшы, Жаңарт екеуміз сол түні ұйқтамай әңгімелестік. Зараптың 1936-жылы түскен суретіне қарап «мынау менің інім ғой» дейді қуланып. Тіпті әзіл, қалжыңына дейін ұқсайды. Ал Алма, Жанәбіл, Жәмшид, Сарбас, көршіміздің баласы, Жаңартты тауып берген Зұпар, Жаңартты балалар үйінен алып кеткен «бадырақ көз» (атын ұмытып қалдым) бәрі мәре-сәре болып қуанып жатқанда Зарап есіме түсті. Содан соң 1937 жылдың зобалаңы есіме түсті. Ол кезде шындықты жаза алмайтын, қорқатын. Уақыт ағымы көз алдымда өтіп жатыр. Маған қуаныш алып келген екі дата бар, айтайын ба – біреуі ХХ съезд, екіншісі – ХХІІ съезд – деп Сақыпжамал апай әңгімесін аяқтады. Ал әңгіменің негізі толығымен айтылмай қалған 8 жылда еді.
Жасы 80-ге келіп қалған Сақыпжамал Назарова кейде Қырғызстандағы жоғалтып тауып алған Жаңартымен телефонмен сөйлесіп тұрады. Кейде олар да бала-шағасымен келіп, аунап-қунап қайтады екен.
- Қалай, Шотбаев, жағдайың? – дейді Сақыпжамал апай әдейі.
- Темірбековтың халі жақсы ғой! – деп әзілдеп жауап қайтарады Жаңарт.
"АЛЖИР" естеліктер жинағы/Құрастырушы: Болат Жүнісбеков
Құрастыруға қатысқандар: Әбдірахманова Лауренсия, Жақсыбаева Рахима,
Ергельдинова Жанар, Айағанова Эльмира, Төлепбергнова Гүлнұр.