САҚТАР НЕДƏУІР ЖОҒАРЫ МƏДЕНИЕТ ЖАСАҒАН
Иə, ол кездегі сақтардың мəдени деңгейі тым төмен болмаған. Жоғарыда қысқа қайырғанымыздай, Ұлы Даланың сөз болғалы отырған тұсында, қола дəуiрiндік тайпалар бiрлестiгi жəне сол негiзде ертедегi көшпелiлер мəдениетi қалыптаса бастаған болатын. Б. з. б. 1-мыңжылдықтың басында мұндағы далалар мен таулы жерлерде көшпелi, жартылай көшпелi жəне отырықшы малшылық негізгі кəсіп болды.
Жылқы кеңiнен пайдаланылды. Темiрден ер-тұрман, қару-жарақ, тұрмыс бұйымдарының жаңа түрлерi жасалды. Киiз үй, арба, күйме кеңiнен қолданылды. Малға жəне жерге отбасылық меншiк нығайды. Қауымдар арасында жайылым, мал үшiн қақтығыстар жиiлей түстi. Ерте темiр дəуiрiнде (б. з. б. 1 – мыңжылдықтың ортасы) сол заманға сай мемлекеттер - тайпалық одақтар қалыптасты. Қазақстандық оңтүстік өңiрлердегi Бесшатыр, Есiк обасы, Түгiскен, Ұйғарақ, т. б. ескерткiштерi - сақтардың мəдениетi мен өнер жетiстiктерiнiң бiрегей туындылары.
Шынжаң қоғамдық ғылымдар академиясы Тарих институтының ғалымы Ғопуров Əли Өзбекстандағы конференциядан келгесін жазған хабарында былай депті: “XIV- XV ғасырдағы Темір империясының астанасы болған Самарқан - кезінде Орта Азияның мəдениет орталығы, ежелгі жібек жолындағы басты кент, байырғы Қытайдың Үндіге өтер көпірі болған қарт та қасиетті Афрасияб қаласы өзінің 2750 жылдығын атап өтті. Бұл талай жылдық археологиялық қазба мен зерттеу жұмыстары арқылы дəлелденген жұмыс. Ибн Хаукал, Истахри, Ибн Һордотбек- Тəбарри, Махмұд Қашқари, т. б. лар өз шығармаларында бұл қала жайлы аялдаған. Самарқанда шыққан теңге, бұл (мата) мен кілемдер шығыстағы Кореядан батыстағы Еуропаға шейін таралған. Бұл қаланың тарихтағы орны ертедегі батыстың Афинасы мен Римына терезелес”. Міне бұл - кешегі сақтардан қалған ескерткіштердің маңдай алдыларының бірі. Ұлы Даладағы ескі қалалар да (мысалы Қашқар, Түркістан, Тараз сықылдылар) - сақтардың сол кездегі терең басылған іздері. Ал, бұларға тете іздер Ұлы Даланың өзге тұстарында да толып жатыр.
Бұл Ұлы Далада сақтардан қалған ескерткіштер шынында да өте көп. Археологиялық, т. б. зерттеулер ерте етек алған Қазақстан даласын мысалға алайық. Археолог ғалым Ынтымақ Сағымбектің: “Республикамыз бойынша тізімге ілінген сақ қорғандарының саны 1800 болса, соның ішіндегі ең үлкені - Бесшатыр. Мұнда 31 қорған бар, оның 18 -іне бұған дейін қазба жұмыстары жүргізілген. Бұл қорған Алматыдан 160 шақырым қашықтықтағы, Жоңғар Алатауының оңтүстік бауырындағы “Алтын Емел” Ұлттық мемлекеттік табиғи саябағында орналасқан. Бесшатырда біздің заманымыздан бұрынғы 7-5 ғасырларда өмір сүрген Тиграхауда (шошақ бөрікті - С. Ж. ) сақтарының патша қабірлері жатыр. Зираттар үшке бөлінеді; үлкенінде əскер көсемдері, орташасында қолбасшылар жəне кішісінде ержүрек жауынгерлер жерленген”дегені бұған дəлел. Бұл елде бұдан сырт Боралдай қорғаны, Есік қорғаны, т. б. лар да тұр.