Жаңалықтар

С. Абдрахмановтың очерктері несімен тартымды?

Ерге керек өнердің екі тізгіні, бір шылбыры – қолында
С. Абдрахмановтың очерктері несімен тартымды?
08.10.2017 11:14 8733

Қайраткерлік пен қаламгерлік қанша жақын ұғым болғанымен, екеуінің тізгінін тең ұстау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сауытбек Абдрахманов осы тең тізгінге қоса ғылымның жібек шылбырын да берік ұстап, еркін сілтеп келеді. Яғни, ерге керек өнердің екі тізгіні, бір шылбыры – қолында.

Қаламгердің болмысы мен шығармашылығы жөнінде Әбіш Кекілбаев: «Мансап қумады, мақсат қуды. Мақсаты – енді ел болмақ халқына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да қалтқысыз қолғабыс ету еді. Сол жолда ол майлық та бола білді, сулық та бола білді. Пысықтық пен пасықтыққа ырық бермей, бүтіндік пен түгелдікке қызмет етуде табандылық таныта алды» дейді.

Қазіргі тарихи таңдаулар кезінде ат жалынан тартып мініп, азамат болған Сауытбектің әрқилы тақырыптағы көсемсөздерінде де, әдеби-ғылыми мақалаларында да сол жас кездегі қаяусыз арманға деген қалтқысыз адалдықты аңғарамыз. Кежегені кейін тартқызар рухани енжарлық пен кердеңдіктің емес, іргелі талапты өрге сүйрер рухани ізгілік пен парасаттылықтың сөзін сөйлеп келеді» деп пікір білдіреді. Шын мәнінде де, жұртшылықтың Сaуытбек Aбдрaхмaновты көрнекті ғaлым, сұңғылa зерттеуші, қaлaмы қaпысыз қимыл үстінде отырaтын журнaлист ретінде танығанына көп болды. Ең бaстысы қаламгер еңбегінің бaрыншa жaрқырaй көрініп, көріктене келбет aшa түсуі «Егемен Қaзaқстaн» гaзетінің еліміздегі ең беделді, aузы дуaлы, сөзі уәлі бaсылымғa aйнaлуымен еншілестіре қaрaуғa жетелейді.

2001-2010 жылдар аралығында қаламгерлік сапарлармен әлемнің көптеген елдерін аралай жүріп, өзі куә болған мемлекетіміздің сыртқы саяси қызметіндегі ірі оқиғалар жайлы «Егемен Қазақстанда» жарияланған сапарнамалары мен сұхбаттарын топтастырып, «Қашаған құрыштаған Қазақстан» деген атпен оқырманға ұсынды. Көзге көрінетін көлемді еңбек, бірден қызығушылық туғызды. Халық өз бағасын берді. Кітaптың өн бойындa aвтордың зaмaн, қоғaм, aдaм, ел, хaлық турaлы ойлaры өріліп отырды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қасым-Жомарт Тоқаев кітапқа жазған алғысөзінде былай деді:

«Қазақ журналистикасының танымал тарланы, белгілі ғалым және көркем әдебиеттің зерттеушісі Сауытбек Абдрахмановтың қаламынан шыққан әрбір туынды – бұл, ақиқатын айтқанда, біздің еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі оқиғалық құбылыс. Сіздің назарыңызға ұсынылып отырған қaлaмгерлік, қaйрaткерлік сaпaрлaрмен әлемнің елуден aстaм елін aрaлaғaн, көптеген оқиғaлaрғa куә болғaн көрнекті публицист, филология ғылымдaрының докторы Сауытбек Абдрахмановтың жаңа кітабы да сол қатардан екендігі анық.

Жіті көзқарасқа, жан-жақты дүниепайымға, талдамашылық ой сараптауға және, әлбетте, ұшқыр қаламға ие ол кәнігі жолбасшы секілді бізді аса күрделі проблематикаға толы халықаралық қатынастардың ну жынысы арасында нық сеніммен бастай жөнеледі. Сауытбек Абдрахмановтың кітабын оқыған оқырман, мейлі ол студент, ғалым немесе мемлекеттік қызметші болсын, біздің қарама-қайшылықты әлеміміз немен тыныстап, қандай қиындықтарды еңсеруге жұмылып жатқанынан, қай тұрғыдағы сынақтарды жеңуге ұмтылыс танытқанынан толық түсінік алады. Және ең бастысы – оқырманның көз алдында біздің мемлекеттің көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған оның халықаралық қызметінің тұтас бір картинасы пайда болады.

Жинақта Елбасымыздың әлемдік саясаттың саңлағы ретіндегі биік бейнесі сомдалған. Автордың қай оқиғаны жазса да оның тарихи мән-маңызын жеріне жеткізе айтатынына, сол істің бастауында тұрған адамның қадір-қасиетін айқара ашатынына бір мысал ретінде еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығына сайланғанына орай жазылған «ЕҚЫҰ» деген мақаласынан үзінді келтірейін: Ол күні кешегі кеңестік кеңістіктен шыққан мемлекеттердің еуропалық үлгі-қалыптарға да сай келетін демократия құруға шындап кіріскендігі, сол жолда толымды табыстарға қол жеткізгендігі алғаш рет ресми мойындалды, құжат түрінде танылды. Ол күні  Қазақ елі жаңа сапалық белеске ауысты – біздің мемлекетіміз ендігі жерде әлемдік саясаттың бұрынғыдай сырттай бақылаушысы, қазіргідей қатысушысы қалпынан сол саясатты қалыптастырушы, айқындаушы мемлекеттердің қатарына қосылды».

Автордың көркемдік шеберлігі жөнінде Мырзатай Жолдасбеков былай деп ой қорытады: «Егемен Қазақстан» Сауытбектің басшылығымен тәуелсіздіктің жаршысына, еліміздегі ынтымақ-берекенің ұйытқысына, жақсылық пен кісіліктің ортасына айналды. Газеттің абыройы асты, беделі өсті. Халыққа кең тарағаны сол, жазылым тиражының өзі 170 мыңның үстіне шықты. Газеттің әрбір санын оқырман асыға күтеді. Сөйтіп, Сауытбек пен «Егемен Қазақстан» егіз ұғымға айналды.

Елдікті, кеңдікті, тереңдікті, ұлтжандылықты тереңнен қозғап жазып келе жатқан ойшылдығына, ізденімпаздығына тәнтімін.

Сауытбектің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақалалары мен сұхбаттарының дені мемлекетіміздің сыртқы саясатындағы әлемдік қауымдастықты елең еткізер ірі оқиғаларға арналған.

Сауытбектің ел ісіне, әлемдік саясатқа қатысты мақалаларын оқыған көзі қарақты қауым – біздің қарама-қайшылықты әлеміміздің немен тыныстап, қандай қиындықты еңсеріп жатқанынан хабардар болады. Қай тұрғыдағы сын сабақты жеңуге ұмтылыс жасағанымызды біле түседі. Мемлекетіміздің ішкі-сыртқы саясаттағы қол жеткізген жетістіктеріне көз жіберіп, көңілі тиянақтайды.

Сауытбек шығармашылығының өзекті арнасын – Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Мемлекеттігімізді қалыптастыру, оны орнықтыру, баянды ету жолындағы орасан еңбегін кең, ашып жазған еңбектері, сұхбаттары құрайды. Ішкі тұрақтылыққа, сыртқы сарабдал саясатқа, дамудың әлеуметтік іргесінің беріктігіне қол жеткізген, экономикамыздың еңсесін тіктеген Елбасының өлшеусіз үлесін жіктеп, жіліктеп береді. Оның тәуелсіздік жылдарында жариялаған еңбектерін оқыған оқырманның көз алдында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жанкешті еңбегі мен оның халықаралық саясаттағы рөлін айшықтайтын тұтас бір картина пайда болады.

Сауытбек қай оқиғаны жазса да, оның тарихи маңызын жеріне жеткізе айтып, сол істің бастауында тұрған адамның қадір-қасиеті мен азаматтық позициясын нақтылап ашуға күш салады. Ол өзінің 2001-2011 жылдар аралығындағы еліміздегі айтулы оқиғалар туралы, әлемдік саясаттағы Қазақстанның алатын орнын қозғаған мақалалары мен сұхбаттарында айтулы жетістіктеріміздің бәрі де Елбасы еңбегінің жемісі екендігін айқын дәлелдейді.

Оқып отырып, өткен ғасырларға, алыс елге саяхат жасайсың, оқырмандық ләззатқа бөленесің.

Қазақ журналистикасының саңлағы десем, артық дәріптегенім емес.

Ол қозғамаған тақырып, ол байқамаған сала кемде-кем. Жастың да, жасамыстың да көкейінде тұрған, күн тәртібіндегі тақырыптардың жілігін шағып, майын тамызып, жүрегінен өткізіп, талдап, тербетіп жазады.

Жыл асқан сайын толыса, кемелдене түседі. Оған еш күмән жоқ». Расымен, Мырзатай Жолдасбековтей бірегей тұлға айтқандай «Сауытбек Абдрахманов міне, осындай, қатарынан озып туған азамат».

С.Абдрахмановтың газет-журнал жарияланымдарын қарап отырып, олардың бір қолдан шыққан, бір сүзгіден өткен туынды екенін аңғару қиын емес. Яғни, оның өзіндік қолтаңбасы, стилі қалыптасқан. Публицист кез келген мәселені ешқашан да төтесінен бастап кетпейді, оқырман назарын аударатын қаратпа сөз, қызықты мысал, тағы да басқа жылдар бойы жинақтаған әдіс-тәсілдерін қолдануды әдетке айналдырған.

Бүгінгі таңда ақпараттық бәсекенің қазаны қайнап тұр. Бірақ, Сауытбек Абдрахманов айтары таусылып, жазары азайып, тасада еленбей қалған емес. Қай уақытта да салмақты ойы мен байыпты байламдарының, дабыралыққа бармай, алды-артын бажайлап алатын орнықтылығының арқасында тақырыбынан адасып қалмай, қоғамның өзекті мәселелерін қозғады және өнер, әдебиет турасындағы публицистикалық жазбаларының тілдік, стильдік, мағыналық деңгейіне көңіл бөліп отырды.

Қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары техникалық революция орнап, алыс-жақын елдер бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасап тұрған сәтте адамзаттың ортақ игілігі үшін қызмет етуге тиіс. Дегенмен, бұл міндеттің орындалмай отырғаны белгілі. Әркім өз бетінше бағыт ұстап, жеке көзқарасын қоғамда қалыптастыруға тырысады. Осыдан бір ғасыр бұрын философ Ницше айтқан «Факті дегеніңіз жоқ – ұғындыру ғана бар» деген мәселе күн санап ушығып бара жатыр. Журналистикада дерексіз, дәйексіз біреуге мораль айту қисынсыз дүние. Осы тұрғыдан келгенде, публицист, журналист Сауытбек Абдрахмановтың ізденгіштігін, кез келген мәселенің әр қырынан келу әдісін, шешім жасап, түйін түюдегі шеберлігін, мәліметтер мен деректерді сұрыптап қолдану тәсілін үлгі етіп ұсынуға болады. Қазақтың бай тілінің қазынасын игерген, көркемдігі мен мағыналылығының тереңіне бойлаған публицистің шығармаларынан олпы-солпы сөйлем таба алмайсыз.

Ерекше бөліп айтуға тұрарлық жайт, ол Кеңестер Одағы кезінде де, тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жылдарда да жалған шешендікке, бос сөз бен құр мақтауға, түймедейді түйедей етіп көрсетуге бой алдырған жоқ. Қашанда елімізді өркендетуге, ұлттығымызды нығайтуға үлесін қоса білді. Қабырғалы халық, іргелі ел болуды ойлап, көпшілік оқырмандарына тағылымды дүние ұсынуды мақсат тұтты. Кейбір журналистер егемендік алғанға дейін басқа сөз сөйлеп, кейін тағы да еліміздің келісті болашағы жайлы тамсанып мақтап, біреулерді жақтап өздерінше жалынды сөз айтып жатты. Сауытбек Абдрахманов болса, өзінің бастапқы ұстанымы мен сабырлылығынан танған жоқ.

Публицистиканың атан түйе көтерер ауыр жүгі бары белгілі. Солай бола тұра, бірнеше жауапты мемлекеттік қызметтерде жұмыс атқарған қаламгер журналистикадан қол үзіп қалмады. Керісінше, жұмыс бабымен іссапарларда жүргенде ел-жер аралап, көптеген саяси жайлардың мәнін ашатын материалдар жазды, танымдық тақырыптағы айдары үшін арнайы деректер жинады.

 С.Абдрахмановтың баспасөз беттеріндегі жарияланымдарының көтерген такырыптарына жалпылай назар аударсақ, ұлттық болмыс, елге, жерге деген сүйіспеншіліктен туған біртұтас өлшем публицистің бауырын жазып, көсіле жазатын бағыты екендігін айқындап тұрады. Ақпарат айдынындағы көпшілікпен тікелей қарым-қатынаста болатын қай салаға жетекшілік етпесін, ол осы бір сара жолынан, сарабдал ойынан бұра тартып, айнып көрген жоқ.

 Жазушы Сарбас Ақтаев та өзінің «Баянды бағдар» мақаласында Сауытбек Абдрахмановтың басылым басшылығындағы шеберлігі мен журналист ретіндегі ерекшелігі жөнінде тұшымды пікір білдірген:

 «Сәкен Сейфуллин мен Смағұл Садуақасов, Жүсіпбек Аймауытов пен Ғабит Мүсірепов тәрізді әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ірі де ұлы тұлғалары керегесін қалап, уығын шанышқан қазақ баспасөзі қара шаңырағының бүгінгі иесі Сауытбек Абдрахманов өсу, өрлеу жолы сәтті қалыптасқан қаламгер. Африка зұлыстарында егіз балалардың соңғы туғанын үлкен, яғни аға санайтын қызық дәстүр бар көрінеді. Кәдімгі қазақтың балаларының ең кіші кенжесін шаңырақ иесі деп танитын салты сияқты. Сондықтан әлгі аталған алыптардың асыл тұяғына ұқсап, қара шаңырақтың қазіргі тұтқасын ұстап отырған Сауытбекті төбе газетіміздің, төре газетіміздің өркені өсіп, беделі биіктеуіне ат салысқандардың қай-қайсысы болсын аға тұтса артық емес секілді. Дана халқымыздың ақылы асқанды аға тұтқан ата дәстүрін алға тартып, оған оның сарабдал сыншы, санаткер ғалым, серке сөз сардары екенін қоссақ, бұндай құрметке ол әбден лайық екеніне еш күмән болмас.

Асылы, Сауытбек айы оңынан туған бақытты басшылардың бірі. Кешегі алмағайып аласапыран кезеңдерде газет тізгінін ұстаған алдыңғы толқын ағалары жаңа заман, жайсаң қоғам орнатып, жарқын өмір жасау жолында бұл басылымды жан аямас жалынды күрестің құралы етіп, өздері де ескі мен жаңаның арасындағы алапат айқастың топанын толарсақтан кешіп, көбі қандыауыз қызыл саясаттың құрбаны болып кетті. Одан кейінгі буын кеңестік темір тәртіптің тар құрсауына тап болып, түрпі шеңгелде көкейіндегісін айта алмай, көңілдегісін көрсете алмай шерменде күй кешті. Ал Сауытбек басылым басшылығына еліміз егемендік алып, тәуелсіздік туын тік көтергеннен кейін келіп, газеттің танымдық, тәлімдік, тәрбиелік мәнін күшейтіп, халықтың шын мәніндегі көзі мен құлағына, тілі мен үніне айналдыра білді. Тағдырын ұзақ жылдарға созылған шығармашылық ынтымақ тоғыстырған тілеуқор ағасы, қадір тұтар ақылшысы есебінде оның бұл бейқұт қадамына көңілім көлдей шалқып, мәртебем ұдайы өсіп отырады. Өйткені мен өзімді оның қалам-қарымы шыңдалып, қабілет-дарыны ұшталып, шығармашылық жұлдызы жануына себепкер болған жандардың бірімін деп білемін. Астаналық облыстық «Жетісу» газетінде жүргенімде студент Сауытбектің кино жөніндегі сындарлы пікірі, салиқалы ойлары ұнап, талдамы терең талай мақалаларын жариялаған едім. Одан «СҚ»- ға (қазіргі «Егемен Қазақстан») бас редактордың идеология жөніндегі орынбасары болып ауысқанымда, университеттен кейін бір жарым жылдай кино саласында қызмет істеп, қаламын газетте ұштау ниетімен келгенінде жас жігіт жайында жылы лебіз білдіріп, бейіміне орай жұмысқа қабылдануына қол ұшын берген болатынмын.

Алғаш ол әдебиет және өнер бөлімінде әдеби қызметкер болып, қаламын қалыптастырып, қабілетін шыңдады. Не жазса да, жан-жақты зерттеп, тереңнен толғап жазатыны, не тапсырса да тап-тұйнақтай етіп, тыңғылықты орындайтын ол артынан басты бөлім – «партия тұрмысына» ауыстырылып, келе-келе оның меңгерушілігіне көтеріліп, алқа мүшесі болып сайланды. Тіпті редакцияның партия ұйымына да жетекші болды» дейді жазушы.

Публицист Сауытбек Абдрахмановтың ерекше тоқталып өтуді талап ететін тағы бір қыры жолсапарлап шыққан елінен жіберген мақалаларының соншалықты ойнақы, жан-жақты және сол елдің шығу тарихынан бастау алатындығында деп есептейміз. Ол мұның барлығын іссапар кезінде зерттеп біліп отырмайтыны тағы да белгілі. Демек, бұл жерден біз тәжірибелі журналистің кез келген дүниені жазар алдында сол тақырыптың аясында толық зерттеу жүргізіп, ақпаратқа әбден қанығып алған соң ғана кірісетінін байқаймыз. Дәл осы себептен оның жазбалары құнарлылығын жоғалтқан емес. Мұны журналист Оңтүстік Корея, Сеулден жолдаған «Таңғы шық елінде» тақырыбындағы очеркінде өзі де мойындап жазады: «Жолың түскелі тұрған ел туралы о жер, бұ жерден мәлімет сүзе бастайтын журналистік дағды бойынша осы жаққа жүрерде «Народы мира» деген кітапқа көз салғанымыз бар. Корейлер жайында біле түссек дейміз ғой баяғы. Кейінгі кезде корейлердің түбі осы жақтан екен деген әңгіме жиірек айтылатын болып жүр. Алтайдан шыққан деп те жатамыз. Жаны бар сөз. «Очевидно, в формировании корейцев принимали участие 3 группы племен: палеоазиатская, алтайская и австронезийская, ведущая роль принадлежала проалтайским племенам» – академик Ю.В. Бромлейдің бас редакторлығымен шыққан анықтамалық (М., «Советская энциклопедия», 1988, 229-бет) осылай дейді. Тіл деген, дін деген замана желімен, тарих тезімен бірнеше ғасырдың ішінде-ақ өзгере беруі мүмкін, ал түр деген, тұрпат деген кем қойғанда мыңжылдықтарда болмаса құбыла қоймайтын құбылыстар қатарына қосылады. Осы тұрғыдан қарағанда корейлердің антропологиялық жағынан қалыптасуында алтайлық қанның үлесі үлкен екені көзге бадырайып көрініп тұр. Кей корейді, әсіресе қыздарын бір көргенде қазақтан ажырата алмай қалатынымыз да бар ғой. Ана жылы Таиландқа барғанымызда олардың да түбіміз Алтайдан тараған дейтінін естігенбіз, кезінде газетке жазғанбыз. Ал жапондардың қазіргі қоныстанған аралдарына Оңтүстік Кореядан барғаны баршаға белгілі. Оларға дейін аралдың негізгі халқы айндар болған. Сексен жылға жуық уақыт бұрын Қазақстанға алғаш табан тигізген корейлердің біздің ұлтпен соншалықты етене араласып кетуінде де осындай бір сыр жатқан сияқты».

Міне, дәл осы сынды ұтымды, зерделі жазбалары арқылы, қаламгердің көркемдік шеберлігіне шек келтіруге болмайтындығын ұғынасың. Оның белді жазушы, ойшылдардың кітаптарын ақтарып, интернет желісінен соңғы хабарларды қалт жібермей қадағалап, зердлеп отыратын шапшаңдығы әрбір мақаласының құнарлылығынан көрініп тұрады. Жазып-сызған әр дүнием халыққа жақсы ой тастап, жағымды әсер қалдыра алса екен дегенді мақсат тұтатын тәжірибесі мол журналист жолсапар очерктерін барыша нақты мәліметтерге қанық етіп жазады. Оның қай елге барған сапарын оқысаңыз да, жан-жақтылық пен тиянақтылықты байқайсыз. Қызықты фактілерге толы сапарнамалары еріксіз баурап алады. Құдды сол елге өзің барып келгендей күйге енесің. Міне, дәл осы нағыз шеберлік деп аталса керек.

Қаламгер қай тақырыпта қалам тербесе де, оқырманға сол тақырыптың соншалықты маңыздылығы мен қоғамдағы рөлін талассыз ұғындырады. Тереңінен зерделеп жазған әрбір туындысы журналистің мол тәжірибесі мен толысқан білімін, маман ретіндегі зор біліктілігін айқын байқатады.

Сонымен қоса, жалқыдан жалпыға өту әдісін публицистің тағы бір ерекшелігі деп айтар едік. Яғни, кішігірім естеліктер мен қарапайм ғана шағын оқиғаларды, мейлі ол балалық шақта өткен жағдай болса да, өмір ағынында ұтымды еске ала отырып, жазған дүниелеріне керемет шеберлікпен сіңдіріп жібереді. Кореядан жолданған сапарнамалық жазбасы сөзімізге нақты бола алады: «Біз мектепте жүргенде балаларға жаз бойы жұ-мыс істететін, оның есесіне оқу жылының қарсаңында ел көргізіп, жер көргізіп қайтатын. Ала жаздайғы тапқан табысымыз соған жұмсалатын. Сол дәстүр бойынша сегізінші кластан кейін жолымыз Алматыға түскен. Өзіміздің ауылдағы түрік азаматы Тұрсын айдайтын автобуспен улап-шулап армандаған Алматыға да жеткенбіз. Біз қалаға келіп кіргенде түн болып қалған еді. Асқақтаған Алатау көрінбейді, Алматының атақты жасыл желегін де сезіне қойған жоқпыз. Қараңғылау көшелермен жүріп келіп бір жерге тоқтадық. Ол жер осы қазіргі көкбазардың дәл түбіндегі асхана екен. Студент жылдарымызда үстіңгі қабаты ресторанға айналды. Автобустан түскеніміз сол еді, алдымен шыққан бір баланың айқайлап жібергені: «Төбелес! Төбелес!». Қарасақ асхананың алдындағы қараңғылау жерде қырғын төбелес болып жатыр. Екі жігіт бір-бірін аямай пергілеуде. Шағын денелісі кеуделі, ұзын жігітті еңсеріп барады. Еңсеруді қойып, мынамен төбелесуге қалай дәті шыдап жүргеніне таңқалғандайсыз. Жоқ, дәті шыдамақ тұрмақ, сарт-сұрт ұрғанда ананы ұшырып жібереді. Сол арада тағы бір баланың тағы айқайлап жібергені: «Мә-ә! Мынау анау ғой!». Сөйтсек, «анау» дегені төбелесушілердің аласа бойлысы екен, ал ол біздің аудан орталығындағы «Ленин жолы» мектебін өткен жылы ғана бітірген кәріс жігіті екен. Өзіміздің ауданда жүретін баланы мына Алматыда көргенімізге таңданып, оның қаланың қақ ортасында төбелесіп жатқанына да таңданып, өзінен қарулы жігітті ұрып жыққанына тағы таңданып мына жақта біз тұрмыз. Жерлесінің жеңгеніне айызы қанып, «Қалай соқты, ә! Сілейтіп салды ғой, ә!» деп жатқандар да бар. Арамыздағы біреу: «Е, кәрістердің бәрі солай болады, мықты ғой бұлар», деп аяқ астынан ақылға сала сөйледі. Жаңағы қой асығындай ғана жігіттің етінің тірілігіне таң қалып біз тұрмыз. «Бәрі мынандай болса бұлар шынында мықты екен», деп қоямыз іштей.

Президент сапарына байланысты Кореяға жол жүретінімізді естігенде ойымызға осы оқиға оралып, санамызға сол сурет сарт ете қалған еді. Әрине, бір жігітке қарап тұтас бір халық туралы ой толғай қойған кластасымыздың этнологиядан хабарының қаншалықты екені белгілі, бір халық тұрмақ, бір үйдің балалары да әрқилы болып жатады ғой, әйтсе де уақыт өте корей ағайындардың шынында көбіне өзгелерден шымыр да ширақ келетініне өзіміздің де көзіміз жете түсті.

Жетпісінші жылдардың аяғында баспасөз бетінен «Корей кереметі» деген сөз тіркесін жиі жолықтыратынбыз. Қайта құру деген бір науқан басталып, темір шымылдық түріліп тасталғанда әлі жеткендер тоңазытқыш, теледидар, телефон, мәшине сатып алмақ болса «Daewoo», «Samsung», «LG», «Нyundaі» маркаларын іздеуге шықты. Оңтүстік Корея тауарлары сапалылықтың, сенімділіктің өзінше бір кепілдігіне айналды.». Сауытбек Абдрахмановтың басты назарға алынуға тиісті оқиғадан бөлек, іссапарлап барған мемлекетінің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін тамаша толғанып жазатынын біз жоғарыда атап айтқан болатынбыз. Ендеше, тағы бір бас айтуға тұрарлық айрықша қасиеті, сол елдердің негізгі басым тұстарын да ашық жариялап жазады. Оладың білім, медицина, экономика және басқа да сала тұрғысынан алғандағы даму дәрежесін дәл келетін мысалдар келтіру арқылы нұсқап жазады. Сол арқылы халқымыздың болмысында жетіспейтін қандай да бір ескеруге тұрарлық құндылықтарды дәріптейді. Кемшіл тұстарын байқаса да еш жалтарусыз ашық көрсетеді. Ол да бір ойластырылған тәсіл болса керек. Соның есебінде, жұртшылыққа ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін ұғындыруға тырысады. Қалай деген де, әр жазбасын айрықша жоғары бағалауға болады. Басты себеп, мақалаларының құнарлылығында. Артық ауыз сөз бен дәйексіз деректердің жоқтығында. Жоғарыда атап өткеніміздей, мұның барлыға қаламгер үшін жат дүние есебінде.

Сонымен қатар, автордың алғашында жолсапар очеркі сияқты басталатын көлемді материалдарында репортаждың да, проблемалық мақаланың да детальдары кездесіп жатады. Жалпы, публицистің бұл өзіне тән ерекшелігі де. Себебі, жазған туындыларын өзгеше үрдіспен, тереңнен бастау тәсілін ол жиі қолданады.

Мысал ретінде, «Адам мен атом» деп аталған публицистикалық мақаласынвн үзінді келтіруге болады:

«Норвегия астанасында кеше ашылған «Ядролық қарудан ада әлем: ядролық қарусыздану, таратпау және экспортты бақылау стратегиялары» тақырыбындағы халықаралық конференция осы салада қол жеткенді бағамдауға, жаһандық қарусыздану мен таратпау ісіндегі келешекті айқындауға арналған.

Конференциядағы алғашқы арнау сөзді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Б. Саудабаевтың сөйлеуі Қанат Бекмырзаұлының ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы екендігімен ғана байланысты деуге әсте болмайды. Бұл арада, біздіңше, ол ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын елдің, адамзат тарихында атом қаруынан өз еркімен алғаш бас тартқан елдің – Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының жетекшісі ретінде осындай құр¬метке бөленіп отыр. Норвегия халықаралық қатынастар институтының директоры Ян Эгеландтың кіріспе сөзінен кейін конференция қатысушыларына арнауында Қанат Саудабаев біраз жайды қопара қозғады.

Еліміздің Мемлекеттік хатшысы конференцияға қатысушылардың баршасы осында ядролық қарусыз әлемге қол жеткізудің ізгі миссиясына өз үлестерін қосу үшін жиналғанын, бүгінде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Вашингтон саммитінің және Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың іс-әрекетін қарау жөніндегі шолу конференциясының қорытындылары бойынша ядролық қарусыздану үдерісінде төбе көрсеткен оң үрдістерге қолдау білдірудің өте маңызды екендігін, бұл жөнінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Бейбітшілік эпицентрі» атты кітабында атом қаруы сөзсіз бәленің өзі, сондықтан да ол жойылып бітпейінше, өзінің шынайы «жын-шайтандық» бейнесін көрсететін оқиға табылмай қоймайды, деп жазғанын, үстіміздегі жылдың сәуірінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның бұрынғы полигонның дәл кіндігіне барып, әлем мемлекеттерінің басшылары мен жұртшылығын  Қазақстан өнегесімен жүруге шақырып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың полигонды жауып, ядролық қарудан бас тартуда айрықша көшбасшылық көрсеткенін атап өткені жөнінде айта келіп, бүгінде бүкіл әлем қауымдастығы жаһандық ядролық қатерді азайтуға және Ядролық сынақтарға баршаға ортақ тыйым салу шартын іске асыруға деген ерік-жігерін танытып отырғанын атап көрсетті. Бұл ретте Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы аталған Шартты АҚШ Президенті ел Сенатының бекітуіне ұсынғанын  және Индонезияның осы Шартты ратификациялау жөніндегі шешімін жоғары бағалайтынын айта отырып, бірқатар елдердің Шартқа қол қоюдан және ратификациялаудан әлі күнге дейін бас тартып отырғанына өкініш білдірді».

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға