Сөз орайы келгенде
Жин Чұңжидің (Бейжиң жəне Фудан университеттерінің докторлар ұстазы, профессор): “Бұрын, дүние тарихын зерттеу тарапында, Қытай оқымыстыларының бірінші қол материалдарға сүйеніп жазған іліми шығармалары өте аз болды. Бұл толып жатқан жағдайлардың (мысалы, мұндағы шет тілді туындылардың аздығы, шетелге шығудың қиындығы, т. б.) шектемелеріне ұшырады. Қазір, зерттеушілердің шет тіл деңгейі жаппай өрледі, шетелдерге шығып оқу мен іліми ауыс-түйіс орайы керемет көбейді, шетелдің төлтума материалдары мен зерттеу жетістіктері оңайырақ қолға түсетін болды, олардың талайы қытайшаға аударылды, дүние тарихын зерттеушілер тобы да зорайды, соған орай бұл саладағы зерттеу жұмыстары айтарлықтай ілгеріледі. Тарих зерттеу - төл жасампаздық зерттеуге баса мəн береді. Сенімді түпнұсқалық материалдарды мүмкіндігінше молырақ игеруді, мұқият сараптаумен салыстырудан өткізуді, оқиғалардың даму желісін айқын реттеуді, шешуші мəселелерді анық айтуды, оларды дəуірдің кең декорациясы мен тарихи даму процесіне қоя толғануды, сол заманның тарихи түп келбетін жаңғыртуды, осыдан барып терең ойға батарлық заңдылыққа ие білімді алып шығуды талап етеді. Бұл əрі жапалы ізденіс сипатты, əрі күшті тартымы бар, кісіні тəнті қыларлық жұмыс” деп дұрыс айтқан. Ұлы Даладағы этностар тарихы – дүние тарихының маңызды бөлігі. Оның ішіндегі Үйсін тарихы да – мына жағы Қытайдың, ана жағы Батыстың тарихымен араласып жатқан тарих. Жин Чұңжидің сөзі бұған да қонып тұр.
Мына үш жағдай Қазақ (соның ішінде Үйсін) тарихын зерттеу мен жазуға байланысты күйді шыт жаңа сатыға көтеріп отыр:
А. Заман дамыды, ғылым өркендеді, демократия тың белеске көтерілді, ауызға қағу азайды, қазақ халқы сөз тізгінін өз қолына алды.
Ə. Əр алуан себеппен бүгінге шейін қол жетпеген əлем түкпірлеріндегі(əсіресе Қытай жылнамаларындағы) қазаққа қатысты тың деректер, əділ де шыншыл мақсұт тұтқандардың қолымен (мысалға тек мен білетін қазақ ғалымдары мен қаламгерлерін ғана атасақ, Нығмет Мыңжанұлы, Қойшығара Салғара, Мəмбет Қойгелдиев, М. Қ. Əбусейітова, Жақып Мырзаханов, Нəбижан Мұхаметханұлы, Бақыт Еженханұлы, Əлімғазы Дəулетхан, Кəкеш Қайыржанұлы, Қаһарман Мұханұлы, Жақып Жүнісұлы, Əбділдабек Ақыштайұлы, Самұдин Əлғазыұлы, Шадыман Ахметұлы, Сағынтай Сұңғатай, Əбілез Қамзайұлы, Байдəулет Аблаханұлы, Байдəулет Нұралин, Айтқазы Қалиұлы, Асқар Молдашұлы, Уəлихан Кəденұлы, Гүлжаз Асылханқызы, т. б. арқылы) аударылды, жарияланды немесе зерттелді.
Демек біздің қолымыздағы жылнамалар осал емес. Бұған Мұхтар Шахановтың мына сөзі де мысал: “Көне Қытай тарихшысы Бан Гудың шығармасы “Ханнама” – б. з. б. 206 жылдан б. з. 26 жылына дейінгі дəуірдегі Хəн əулетінің билік тарихын баяндайтын, оның ішінде Орталық Азия мен Қазақстан жерінде өмір сүрген үйсін, қаңлы, ғұн, йүз секілді түрлі халықтар мен мемлекеттерге қатысты өте құнды деректер мол жинақталған сүбелі дүние. Бұл еңбекті “Қытай Геродоты” Сыма Чянның Қытайдың үш мың жылдықтарихын қамтитын “Тарихи жазбаларының” жалғасы ретінде Бан Гудың əкесі Бан Бяу бастап жазған. Б. з. 32-92 жылдары арасында өмір сүрген Бан Гу 30 жыл ғұмырын жұмсап, аталған жылнаманы толық аяқтап шыққан”. Əрине, Қытай тарихшыларының одан бергі мыңжылдықтарда жазған жылнамалары да толып жатыр. Бертінгі жəне қазіргі тарих ғалымдарының зерттеулері де аз емес. Тарих ғылымдарының докторы Нəбижан Мұхаметханұлы айтқандай, “Тарихта үш фактіні - жазба деректі, аңыз деректі, қазба деректі комплекті түрде байланыс тыра білу керек”. Біз əне осыларға сүйене сөз қозғаймыз.
Б. Соңғы жарым ғасырдан бері, бұрын “көкпар” болып жұлмаланып келген қазақ тарихының арғы сатыларына қатысты бірқыдыру мəселелер қызу да байсалды талқы тақырыбына айналып, бірталай істің басы ашылды. Бұған ТМД елдері мен Қытайдағы қазақ тарихшылары ғана емес, өзге ел мен өзге ұлт ғалымдары да қызу атсалысты. Бұрын ат басын бұра қоймаған шығыстық (əсіресе Қытайлық) ғалымдардың (мысалы, Су Бейхай, Уаң Миңжы, Уаң Биңхуа жəне т. б. ) бұған мықтап келуі тіпті зор түрткі болды.