Сүйініш туралы әңгіме
Қарадөңнің баласы Жұбаныш деген ер еді. Он жас пенен он бесте атқа мініп кек алған. Жұбаныш атқа мінгенсін, Ноғайлы халқы дем алған. Баба түкті шашты Әзіз бабасына үйінде отырып сыйынып жүргенінде қатыны ұл тауып, сүйініп, туған баланың атын Сүйініш қойған. Бала өсіп асық ойнар қатарға қосылды. Бірде балаларға қарай асығып кетіп бара жатқанында бір шал тоқтатып:
- Арғы атаңды білемін, Қарадөң деген ер еді. Атаңа тартып тумадың, атаның жолын қумадың. Әкең еді – Жұбаныш, адырнасын қолға алып, ел шетіне жау келсе жүруші еді долданып. Он жасында ел алған, ындыс пенен қалмақтан, жапанда талай кек алған. Жұбаныш таққа мінген соң бұл ноғайлы дем алған. Ноғайдың шетін жау алды, оны қылған қалмақ ел. Жұбаныштай ерлерің алпысқа жасы толған соң, өзі де егде болған соң, шықпай отыр далаға. Ақылды болсаң, кетпеші. Ақылсыз болсаң, кете бер. Кете бер енді далаға. Жұбаныш пен Қарадөң атадан бол садаға! Бүйтіп адам болғанша, барғайсың жылдам молаға. Менің атым – Нұр, - деді. Сүйініш қатты ойланды. Асығын тастап үйіне келеді. Шешесіне келіп жаудан кек аларын, әкесіні аты мен қаруларын беруін сұрады. Шешесі:
- Қабырғаң қатсын, омыртқаң өссін. Он беске келмей, ешкім соңыңнан ермес. Босқа далада өлесің, - десе де, айтқанынан қайтпай бала атқа қарай барады. Атты ертеп, жүгендеп үйіне келіп, сандықтан қорамсаны алады. Көк жебені алады. Үстіне киіп шарайна, беліне тартып беренді, дулығасын киеді. Ақылсыз туған сорлы деп ноғайлыдан ермеді. Бір Аллаға сыйынып кетті батыр алысқа, шыдасын ба намысқа. Қашаннан тұлпар серігі, шаршасын ба шабысқа. Қараойық көлдің шетінде Сұлтан ханның елі деп, қалмақтың алыс жеріне екі айшылық жол жүрді. Оның бір ай жолы шөл болды. Сұлтан хан әскерін жинап, үш мың қолмен келеді. Хан
- Жүз әскермен барып жеңіп келгеніңді патша қоямын, - деп жар салды. Бір ноғайды өлтіреміз деп әскері мақтанды. Сүйініш батыр дулығасын киіп, қалмақ қасына келгенше найзасына сүйеніп ойланып тұрды. Көп кісіні көргесін бір Аллаға сыйынды, бұрынғы өткен пірлерге. Шарайна мен дулыға, оны жақсы киінді, екі білегін сыбанды. Үш мың кісі әскердің шаңы болған тұмандай. «Құтылар ма екен адам» деп, он екі тұтам қу жебе ер қасынан алады. Атайын деп ол оқты оңтайланып қарады. Ақ сүңгінің бар еді ортасында ілгегі, қарына оны іледі. Қалмақтар шыр айнала қоршауға алады. Садағын керіп атқанда төрт, бес кісі емес, талайдың басы домалап басылып жерде қалады. Бірнеше атқанда талайлар өледі. Шыдамай қалмақ шабады. Жебені ерге іліп Сүйініш ойын қылады. Талай адам ажал құшып, күн де батып кетеді. Мың адамы қырылды Таң атқан соң, алты жүз жаны бар хан әскерімен соғысады. Ханмен екеуі бетпе-бет келіп жеке дара соғысты. Ақ сүңгімен салысты, алмаспенен шабысты. Қорамсамен атысты. Жайына қарап жүрген жоқ, қызыл қанға батысты. Бір күн, бір түн алысып, Сұлтандайын ханыңды жығып жерге салады. Сұлтанның қызы Бибіжан Сүйінішті көруге келді. Сүйініш оған тимей, көп кісіге қосып еліне айдайды. Еліне жақындап келегнде, анасын көруге асығып, еліне жылдам жетеді. Анасы бұған риза боп, еліне той қылады. Бибімен қосып екеуін, бақытты ғұмыр жасайды. Бір күндері болғанда қатынынан ұл туады. Сүйініштей ханыңыз ноғайды билеп тұрған заманда бір күні хабар алады аттанып қалмақ келді деп. Ноғайды шауып алды деп. Халқын, би мен ер, шорасын жинап «Қарауылға шығуға біреуің ер» дегенде ешбірі үн қатпайды. Жалғыз ғана Нұрлыхандай жас жігіт «Мен барам» деп шығады. Жарлы жігіт болған соң қазынадан ат пенен қару ал деп жұмсайды. Атты аралап Нұрлыхан бір атты да ұнатпай, ханға қайтып келеді. Бір жарлының астынан көк атын қапты ұнатып. Соған керек төрт ат деп. Байларды жинап Сүйініш төрт жылқысын бергізіп, Көк атты алды. Екеулесіп жүргенде қалмақтың елі қырық күн. Қалмақтар барлауға қырық кісі жібереді. Жемнің бойын жағалап, Темірдің келіп басына екі батыр демалды. Сол кезде қалмақ алыс деп дамылдап жатқан Сүйініш «Тұр!» деп бірден ақырды. «Жау келді!» деп қаруын ала салып тәк тұрды. Екі қараны көріп жаудың шетіне келдік деп қырық қалмақ кері қайтады. «Алла!» деп ұран шақырып Сүйініш батыр ақырды. Ойынды үлкен салады. Күні-түні соғысты, қалмақтар жаман тоғысты. Оқ тиген жерде тастады, қалып жатыр қалмақтың домалап жерде бастары. Қарсы тұрған қалмаққа жарағы қанға тоймады, көрінгенді қоймады.
Қараса қасындағы жолдасының шүберектен өзге киімі жоқ. Сүйініш шешініп шарайнасын береді. Таң атып, күн шығады. Жаппар Құдайға, Рүстем, Дастан ерлерге, Аршылан шеріге сыйынып Сүйініш тұр.
Сәскеден күн батқанша соғысып, өліктен тау тұрғызды. Ұрыса берді қарамай, ағарып таң атқанша. Үш күндейін шабуыл ат үстінде салысты. Хан мен өлді қарасы, шулады қатын-баласы. Қалмақтың қаласын алады, қалған қалмақ қашады көрінбей кетіп далаға.
Шұбыртып сонда қалмақтың қатыны мен баласын, жинап алып қарасын. От жібертіп өртеді, ағаштан қылған қаласын. Еліне қалмақтың кемпір-шалын, қатын-баласын түгел айдап келіп, ағайынына еншіге бөліп берді.
Нұрлан Рахымжанов
Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма