Жаңалықтар

«Сәулет өнері» факультетіне 50 жыл

Астанада бой көтерген көптеген әсем ғимараттарды жобалаған кімдер?
10.07.2015 10:26 9681

Астанадағы жоғары оқу орындарының арасында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің тарихы тереңде. Астанамыздың алғашқы жоғары оқу орны 1957 жылы Ақмола ауылшаруашылық институты ретінде құрылған. Жақында білім ордасының «Сәулет өнері» факультеті 50 жылдығын атап өтті. Жарты ғасырлық тарихы бар факультет ұстаздары бүгінде талантты шәкірттерімен мақтанады.

«Сәулет өнері» факультетінде 50 жылдың ішінде 2000-ға жуық жоғары білікті сәулетші мамандар даярланған.  Олардың ішінде 300-ге жуығы түлектер халықаралық конкурстардың лауреаттары атанса, 40-қа жуығы ғылым кандидаты мен доценті атанған. Екеуі архитектура  ғылымының докторы болса, оннан астам маман Халықаралық архитектура академиясының академигі мен профессоры атағын алған. Түлектердің 40 пайызы шығармашылық одақтың мүшелері болып табылады. Бірқатар алыс-жақын шет мемлекеттерде, сондай-ақ еліміздің Астана, Павлодар, Көкшетау, Қостанай секілді қалаларында аталмыш білім ошағының түлектері жобалаған әсем ғимараттар салынды.

Президенттік мәдениет орталығы 2000 жылы ашылды. Елордада бой көтерген тұңғыш мәдени ошақ. Жоба авторлары: А.Муамер, Б.Ережепов, Б.Базикенов.

«Сәулет өнері» факультетінің 80-ге жуық түлегі Германияда табысты қызмет атқаруда. Сонымен қатар университет түлектерін Италия, АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Израиль, Австралия, Швеция сынды шет мемлекеттерден көруге болады.  

Білім шаңырағынан түлеп ұшқан талантты мамандар Қазақстанның қалаларын айтпағанда алыс-жақын шет елдердің сәулет келбетінің дамуына үлестерін қосқан. Олардың еңбектерінің ішінде шоқытығы биігі деп – ажарлы Астанада бой көтерген әсем ғимараттар екенін ерекше атап өткен жөн. Келбеті келіскен қаншама нысандарды осы факультеттің түлектері жобалаған. Мәселен, Қаржы министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Салтанат сарайы, Оқушылар сарайы, «Турист» қонақ үйі, «Қазақстан» спорткомплексі, «Әзірет Сұлтан» мешіті, Қазақстан тарихы музейі бірегей ғимараттарды жобалаған. Тізім осымен аяқталып қалмайды,  әрі қарай тізбектей берсек көп әрине. Бұл ғимараттар бас шаһардың алғашқы қарлығаштары десек те артық айтқандық емес.

«Есіл» тұрғын үй кешені

«Сәулет өнері» факультетін 1978 жылы тәмамдаған В.Гладких есімді түлек Астананың алғашқы бас архитекторы болған. 2000-2005 жылдары аралығында Владимир Лаптев есімді университетің келесі бір түлегі шаһардың Архитектура және құрылыс департаментінің директоры қызметін атқарған. Білім ордасын 1982 жылы тәмамдаған Серік Күлмешкенов бүгінде АҚШ-та суретші-график. Оның есімі халықаралық үздік замануи графика шеберлерінің каталогына енгізілген.

Қаржы министрлігінің ғимараты 1996 жылы жобаланып, құрылысы 1998 жылы аяқталған. Жалпы аумағы 32000 шаршы метр. Жоба авторлары: В.Лаптев, В.Гладких, В.Поздняков, Г.Сұлтанов.

«50 жылдың ішінде жоғары деңгейлі профессорлық-оқытушылар құрамын жасақтадық. Білікті мамандар студенттер мен магистранттарға, докторанттарға сапалы білім беруде. Тек 2014 жылы 40-тан аса білім алушы мен 11 оқытушы Баку, Бішкек, Алматы секілді қалаларда өткен халықаралық конкурстардың жеңімпазы атанды. Бүгінгі таңда студенттерге «Сәулет өнері» мамандығы бойынша білім беретін университтер арасында ең үздік факультет», – дейді білім мекемесінің ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев.  

Қазақ ұлттық өнер академиясы. 1997 жылы жобаланып, құрылысы 1998 жылы аяқталған. Жоба авторлары: С.Жамбылтаев, А.Жәнібек.

Қазіргі уақытта факультетте екі кафедра жұмыс істейді: «Дизайн» және «Сәулет».

Сәулет өнері кафедрасы

Факультет қызметкерлері бірнеше жыл қатарынан «Қазақстан Республикасының нарықтық жағдайдағы сәулет және қала құрылысының дамуы», «Қазақстан Республикасының нарықтық жағдайдағы сәулет және дизайн, қала құрылысының даму мәселелері және келешегі» тақырыбында ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Осы тақырыпқа байланысты докторлық, кандидаттық және магистрлік диссертациялар қорғалыпты.

Факультет қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Сәулет және дизайн мамандықтары бойынша 17 000-нан астам оқу, ғылыми және нормативтік әдебиеттер қоры бар мамандандырылған кітапханаға ие. Сурет, көркем сурет, композиция, дизайн, сәулеттік жобалау, компьютерлік жобалау сабақтары арнайы мамандандырылған дәрісханаларда жүргізіледі.

1992 жылы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Сәулет өнері» факультеті халықаралық сәулет мектептері каталогіне енгізілді. Факультет Мәскеу Сәулет Академиясы тұсында құрылған Халықаралық Сәулеттік білім беруге қолғабыс ететін қоғамдық бірлестіктің (ХСББҚҚБ) (МООСАО) мүшесі.

Сәулет кафедрасының негізгі мамандану саласы тұрғын үй мен қоғамдық ғимараттарды жобалау болып табылады.

«Париж кварталы» тұрғын үй кешені  

Дизайн кафедрасы

Университте 2000 жылдан бастап дизайнер мамандарын даярлау қолға алынды. Кафедра меңгерушісі PhD докторы аға оқытушы Айсұлу Исмаилова.  

Қазіргі уақытта «Сәулет» және «Дизайн» мамандарын оқыту мемлекеттік білім стандартына сай тек күндізгі оқыту түрінде мемлекеттік және орыс тілінде жүргізіледі. 2006 жылы «Сәулет» мамандығы бойынша магистратура ашуға лицензия берілді. 2013 жылы «Дизайн» мамандығы бойынша магистратура ашылды. Оқыту көптілді формада жүргізіледі. 2011 жылдан бастап факультетте «Сәулет» мамандығы бойынша ҚБББ (қысқартылған бағдарлама бойынша білім беру) дайындығы жүргізілуде.

Жақында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Кеңістік. Уақыт. Сәулет» атты «Сәулет өнері» мамандығының ашылуының 50-жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

«Әзірет Сұлтан» мешіті

«Мәңгілік ел» монументі


Мақалада көрсетілген Астана қаласының ғимараттары ҚазАТУ-дың «Сәулет өнері» факультеттерінің түлектері жобалаған еңбектердің тек бір парасы ғана. Бұдан өзге де көптеген нысандар салынды, әлі де салынуда.


 

Әзірлеген Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға