Жаңалықтар

Сәнаи Тараз туралы

Сәнаи Тараз туралы
27.08.2014 04:32 3352

Сəнаи – толық есімі Əбу Мəжд Мəждүд ибн Адам Сəнаи – Иранның атақты сопы ақыны. Ғазнейн қаласында он бірінші ғасырдың орта шенінде дүниеге келіп, 1131-1152 жылдар аралығында қайтыс болған деседі. Дарынды ақын ретінде əйгілі болған соң Ғəзнəви патшаларының сарайында орын тепкен. Мəсһуд ибн Ибраһим Ғəзнəви (1060-1113 ж.) жомарт та əділ патша мен Бəһрамшах ибн Мəсһуд Ғəзнəви (таққа отырған жылы 1118 ж., дүние салған жылы – 1152 жыл) патшалардың сарайында қызмет етіп, оларды өз жырларында мадақтап отырған. Дегенмен, өмірі тауқымет пен азаппен өткен ақын сопылық жолды ұстанып, дүниені тəрк етті. Бəһрамшах бұл жағдайды көріп, оны құрметтеп, өз қарындасын оған ұзатпақ болды. Бірақ Сəнаи оның ұсынысын қабыл алмады. Жастық шағын Бəлх, Сəрəхс, Герат, Нишабур калаларында өткізді. Ол əуелі Бəлх қаласында болып, сол жерден Меккеге қажылық парызын өтеуге аттанды. Мекке сапарынан кейін Бəлх қаласына оралып, əрі Сарахс, Мерв, Нишабур қалаларына ат басын бұрып, біраз уақыт жергілікті ұлық адамдармен жақсы қарым-қатынаста болып, 1124 жылы Ғазнейн қаласына қайта оралған. Ұзақ жылдар сапарда жүрген ақын біршама қасидалар жазып, Хорасанда өткен жылдарынан естелік ретінде еліне алып келген еді. Мəселен, «Бəлх күнделігі» («Карнаме-ие Бəлх») – соның бірі. Саяхат барысында да оның көзқарастары біршама өзгерістерге ұшырағандықтан Əбу Жақып Жүсіп Хамаданидің мүриді (шəкірті) болған. Ғазнейнге оралған соң сол өзі ұстанған сопылық жолын жалғастыруды мақұл көрген. Оның мазары – Ғазнейн қаласында. Парсы поэзиясының стилін өзгертуде елеулі үлес қосқан ақынның өмірін екі дəуірге бөліп қарауға болатын сияқты: бірінші кезең – жастық шақта атақ іздеп, дүние кезіп, өмірін той-думанмен өткізген жылдары. Екінші кезең – көзкарасы, дүниетанымы өзгеріп, ойы толысып ахлақтық, сопылық жолға бет бұрып, шындықты іздеген жылдары. Оның еңбектері – ақиқаттың гүлзары. Зерттеу тəсілі – пенделердің қиямет күніне дейінгі ғұмырын тану.

Сəнаи сопы ақын ретінде табиғаттың сұлулығын, Жаратушының жаратқан сүйікті пенделері мен имани сұлулық арасын таразыға салғандай. Оның өлеңдерінен Тараздың кербез, қолаң шаш, аршын төс аруларын жырына арқау еткен жолдарды ұшыратамыз. Мысалы: Бұрылса да Қағбаға қарай барлығының жүздері, Жүректері олардың Шын мен Тараз сұлуларын іздеді, – деп келетін ақынның өлең жолдарынан нағыз өмір мен махаббат күйін шертетін сырға толы, өміршеңдік қасиетті сезінеміз. Жұрттың бар назары Қағбаның жолында болса, ақынның жүрек назары Шын мен Тараз аруларында болуы Омар Хайям жырындағы танымды таңдағандай. Неге парсы ақындары Шын сұлуларын, əсіресе көне Тараз аруларын жырға қосады? Ақын жүрегін арбаған Тараз сұлулары – сол қаланың көркемдік талғамының биік болғанын аңғартады, ақын жүрегін тулатар салтанаты мен қылықтары ақын махаббатының қозғаушы қуатына айналғанынан сыр шертеді.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға