Жаңалықтар

Ә.Сүлейменов: Біз бір-бірімізге көмектесуіміз керек!

Ә.Сүлейменов: Біз бір-бірімізге көмектесуіміз керек!
22.11.2019 17:35 2202

«Қайырымды іс эстафетасын бастаймын», - деді «From kz» жастар форумына қатысушылар арасында үндеу тастаған «Интернет-технология» инновациялық мектебінің директоры Әмір Сүлейменов. Ол өзінің арбада отырғанына қарамастан, мүгедек жандарды, көпбалалы аналар мен жұмыссыздарды кәсіби мамандыққа тегін оқытуда.

«Жастар жылының ашылуында Елбасымен кездесу бақыты бұйырды. Бұл мені шабыттандырып қана қоймады, мен жоғары нәтижеге қол жеткізгенше тынымсыз еңбек етуге өз-өзіме уәде бердім. Бүгін мен Тұңғыш Президент күні мен ел Тәуелсіздігі күндерінің қарсаңында өз өзіме есеп бергім келді», - деді жастармен өзінің табыс тарихымен бөліскен Әмір Сүлейменов.

Ол өзі негізін салған «Интернет-технология» инновациялық мектебінде бүгінге дейін 200 адамның кәсіби білім алғанын және олардың 80 пайызының жұмысқа орналасқанын мақтанышпен жеткізді. «Біздің орталықта білім алған адамдардың басым көпшілігінің жұмыспен қамтылуының сыры - біз еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқытамыз. Мен үшін әрбір адамның ризашылығын есту маңызды. Біз арқылы мамандық алып, жұмысқа тұрған әйелдің «Мен енді балама дәрі-дәрмекті өзім алып бере аламын» дегенін естігенде, төбем көкке жеткендей болдым», - дейді әлеуметтік кәсіпкер Ә.Сүлейменов.

Әмір Қазақстан еріктілерінің альянсымен бірлесіп ақпараттық кеңес беру қызметін ашқанымен бөлісті. Бүгінде кеңес алуға 300-ден астам адам жүгініп үлгеріпті.

«Мен өз елімді сүйемін. Және оның көркеюіне барлығымыздың бір кісідей атсалысқанымызды қалаймын. Біздің еліміз өмір сапасы мен бақыт индексі бойынша көш бастаса екен деймін. Келесі жыл Еріктілер жылы болып жарияланды. Бәріміз бір-бірімізге көмектесейік. Мен еріктілерді әлеуметтік желілердегі өз жобаларыма шақырамын», - деді өзінің Қайырымды іс эстафетасын бастағанын айтқан жас кәсіпкер Әмір Сүлейменов.

Бөлісу:


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға