Жаңалықтар

Руханияттың қайғысы, әдебиеттің дерті не?

Руханияттың қайғысы, әдебиеттің дерті не?
Фото: Мәди Айымбетов / Сәуле Досжан / Серік Асылбекұлы / Бақытгүл Сәрмекова 16.08.2023 13:15 1966

«Әдебиет – ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі – көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...» деген көшелі пайымды Жүсіпбек Аймауытов айтқан еді. Ұлтты тәрбиелейтін әдебиеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай болып жатыр? Қазір қуанатын да, күйінетін де жағдайлар аз емес. Қуандыратыны – аударма саласының жанданып, жаңа кітаптардың шыға бастауы. Тағы басқа көптеген игілікті істер атқарылып жатыр. Күйінетін тұстар да жеткілікті. Бүгінгі таңдағы руханияттың қайғысы, әдебиеттің дерті не? Әдебиет өз тұғырында тұрып, миссиясын атқара алып жатыр ма? Осы сұрақтардың жауабын білмек үшін El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі белгілі қаламгерлермен тілдесіп қайтты.

Жазушы, аудармашы, «Алаш» сыйлығының иегері Мәди Айымбетов:

Руханияттың ойсырауы осы болар...

 

Әдебиеттің дерті?! Ілгері-кейінді мезгілдерде кітап болып шыққан нағыз көркем шығармалардың өз дәрежесінде қоғам санасында бағаланбауы дер едім. Мұның басты себебі көпшілік халықтың бұрынғыдай әдеби кітап оқуға деген ынтасының болмауы. Жас ұрпақтың көркем шығарма оқуға  деген ынтасы жоқ. Руханияттың  негізі әдебиетте десек, соның бүгінгі таңдағы сипатына көңіл толмайды. Жүректі қозғайтындай, ой-сана деңгейін биіктете алатындай шығармалар сиреген заманды бастан кешірудеміз-ау деп ойлаймын. Қаламгерлердің классикалық шығармалары өткен ғасыр үлесінде қалды. Руханияттың ойсырауы (қайғысы деу тым қатқылдау) осы болар, бәлкім...

 

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан:

 

Бізді құртып жатқан дерт – әдебиеттегі сыбайластық

 

Мен былтыр мемлекеттік сыйлыққа түскенде көрдім әдебиеттің дерті неде екенін. Сізге айтайын, ең қиыны мен үш-төрт жыл бұрын «Алтын қалам» байқауына қатысып, «Ауылдан шыққан миллионерімді» қостым. Пәлен мың адам дауыс берді. Тіпті «Ауыл» партиясы сол кезде дереу кітап етіп шығарды. Бірақ менің шығармам бірінші орынды алған жоқ. Бірінші орынды кім алғанын білесіз бе? Ұйымдастырған Кенже Жұманұлының әйелінің інісі жүз он бес дауыспен алды. Шығармасы түкке тұрмайды, әңгімесымақ бірдеме. Прозадан да, сатирадан да бірінші орын алып екі миллионды қалтасына салып алды. Мен сол кезде Кенже Жұманұлына звандадым, айналайын-ау, бұл недеген жалмауыздық, сыбайластық. Ұят емес пе, сен ұялмайсың ба? Мен бәрін біліп отырмын, Алпысбай Хонж сенің әйелің Айгүлдің туған інісі дедім. Бір кішкентай әңгімелер жазады. Енді талаптанып келе жатқан бала. Әрине, кейде талаптанған балалардың ішінде құбылыстар болады. «Қазақ әдебиетінде» істейтін жігіттер бізге берсін, газетке басайық деп еді ұялып беруге жараған жоқ. Неге сол екі миллион теңгені талантты балалар алмады? Неге менің шығармам алмайды? Себебі мені Кенже Жұманұлы танымайды. Мен оның туысқаны емеспін. Біздің қайғымыз осы. Мемлекеттік сыйлықтың кезінде де шығармаларымды оқымаған болып шықты. Менің көтерген тақырыбым – ұлттың қасіреті еді. Бірінші рет түстің, жассың ғой дейді. Бірінші рет түсіп 30-40 беттік шығармасымен ағаларының арқасында алғандарды білем. Бізді құртып жатқан дерт – әдебиеттегі сыбайластық. Біздің қоғамда, әдебиетте әйелдерді төменсіту бар. Ойбай, әйелдер қашан проза жазушы еді дейді. Иә, менің алдымда роман жазған апайлар болды. Менсінбеушілік, төмен көру, жынысқа бөлу – біздің қасіретіміз.

 

Жазушы филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Асылбекұлы:

 

Халықты «шүкіршіл» тұтынушыға айналдыруда

 

Саяси билік халықты “шүкіршіл” тұтынушыға айналдыруда. Соңғы 30 жыл бойы біздің саяси билік Қазақстан халқын ішкен-жегеніне мәз, шүкіршіл, тек бас амандығын ғана баққан тұтынушылар қоғамына айналдырып бақты. Ол үшін, әрине, ресми ақпарат құралдарын, атап айтқанда, газет-журналдар мен радионы, телевидениені өте «тиімді» пайдалана білді. Сондықтан да күні бүгінге дейін әлгі аталған ақпарат құралдарының контентінің басым көпшілігін құр мақтанға құрылған хабарлар мен арзан концерттер, шоулар, әрқиыл әзіл-сықақ театрларының татымы аз қойылымдары құрайды. Ал өркениетті, дамыған елдердің ақпарат құралдарындағыдай терең саяси сараптамалар, шындықтың қанын сорғалатып отырып жеткізетін кинолар мен спектакльдер жоққа тән. Сөйтіп көпшілігіміз осылай жан бағудың құлы, бас бағудың құлы болып алдық бірте-бірте.

Қазір біздің қоғамда ұлттың жан дүниесін ізгілендіруге қызмет ететін өнер мен әдебиет шығармалары мен олардың авторларының да біздің қоғамда пәлендей абыройы да, құны да шамалы. Қазіргі қазақ социумының геройлары негізінен арлы, ибалы, адал адамдар емес, ебін тауып екі асайтын пысықай байшікештер. Бұған қазіргі біздің қоғам «қалыпты», орысша айтқанда «нормальный» жағдай ретінде қарауға үйреніп алды. Осыдан қорқуымыз керек. Себебі бір философ дәл тауып айтқандай, жемқорлардан өзіне герой жасап алатын қоғамда өркениет құрдымға кетеді.

 

Жазушы Бақытгүл Сәрмекова:

 

Руханиятты аса қажетсінбейтін ұрпақ келіп жатыр

 

Руханияттың қайғысы – керек етіп жатқан адамдардың аздығы шығар. Руханиятты аса қажетсінбейтін ұрпақ келіп жатыр ғой қазір. Мүмкін технократтар ғасыры қазір, оны да мойындауымыз және ол үшін қайғырып, қауіптене беру де қажет емес сияқты, дайын бола беруіміз қажет. Қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақ бәрін білетіндей, бір қарасаң дым білмейтіндей көрінеді. Олай дейтінім – бір ақпаратты, тіпті тарихты алайықшы, жаңалық етіп балаңа айтып отырсаң – ол бәрін білетін болып шығады, тіпті нақты аргументтермен өзіңе айтып береді. Дым білмейтін сияқты дейтінім – тек цифр, нақты дата, оқиғаны, салдарын, себебін біліп тұрғанмен соны сезіне алмайтындай көрінеді. Міне, руханият туралы көп алаңдамайтын ұрпақтың бейнесі сондай. Әдебиеттің дерті: оқырмандардың талғамы жаңаруында, соған біз әдебиетшілердің ілесе алмай жатқанымыз шығар. Бірақ, трендке еріп жазайын десең дәл қазір атағың бұрқ етіп атып шыққанмен, сол тренд сияқты өткінші. Классикалық әдебиеттің бағасы кешеуілдеп берілетінін түсініп тұрсақ та, шыдам, төзім жетпей жатады бізге. Мысалы, тез мойындалып, тез бағасын алғым келеді, бірақ шынайы әдебиет ғасырларға өтуі тиіс. Дәл қазір жазғаныңды ешкім түсінбей, бағаламай, тіпті оқылмай жатқаны жаныңа батуы да мүмкін. Әрине, тірі кезіңде өз жазғандарыңның рахатын сезінгің келеді ғой, пенде болған соң.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға