Рухани құндылықтарымызды дәріптейтін Наурыз мерекесі құтты болсын – Олжас Бектенов

Премьер-министрі Олжас Бектенов қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Құрметті қазақстандықтар! Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Тіршілік атаулыны түлетіп, жер-жаһанға ізгілік нұрын себетін Әз-Наурызды еліміз дархан пейілмен, жаңаша мазмұнмен атап өтуде. Бағзыдан ырыс пен берекенің алтын арқауы, молшылық пен игіліктің қайнар бастауы болған ұлық мереке – халқымызды мұратқа жеткізер мызғымас бірліктің, іргесі берік, еңсесі биік елдіктің жаршысына айналды, - делінген құттықтауда.
Үкімет басшысы барлық отбасына шаттық пен молшылық тіледі.
Жаңарған жыл кемел келешектен үкілі үміт күткен еліміз үшін жасампаз істерге әрі табысқа толы болғай. Әр шаңырақтың ырзық-несібесі артып, арман-мақсаттары орындалсын. Рухани құндылықтарымызды дәріптейтін Наурыз мерекесі құтты болсын. Қашанда отбасыларыңыздан шаттық пен молшылық кетпесін! Ұлыс оң, ақ мол болсын!, - деді Олжас Бектенов.
