Лента новостей

Тау-кен  саласында еңбек өтілі 500 жылды құрайтын – Салхауовтар әулеті

Тау-кен  саласында еңбек өтілі 500 жылды құрайтын – Салхауовтар әулеті
05.07.2019 14:52 4330

Жыл сайын дәстүрге айналған республикалық «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауы биыл осымен алтыншы рет өткізілмек. Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған конкурс жұртшылық арасында кеңінен тарап,  елдегі көптеген жанұяларды елге танытып келеді. Олардың қатарында Қазақстанның денсаулық сақтау, білім, мәдениет, құқық қорғау және тағы басқа салаларда еңбек етіп, бірлігі жарасқан отбасылар аз емес. Солардың ішінде  Қарағанды облысынан жеңімпаз атанған жанұялардың бірі – Салхауовтар әулеті. Ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған республикалық байқауда «Отан отбасынан басталады» деген ұранды ұстанатын әулет мүшелерімен әңгімелескен болатынбыз.

 

Бүгінгі таңда Салхауовтардың жалпы металлургия саласындағы еңбек өтілі 500 жыл екен. Әулеттің отағасы мен отанасының жолын қуған балалар да қазіргі кезде тау-кен саласында аянбай қызмет етіп жүр. Әулет иелері Тағанбай Байділдәұлы және Нұрила Нұрмағанбетқызы 10 баланы тәрбиелеп, 29 немере мен 4 шөбереге  үлгілі ата-әже атанған ынтымағы жарасқан бақытты жандар!

Әулеттің отағасы ­Тағанбай Байділдәұлы Салхауов - 1937 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қарсақпай кентінде дүниеге келген. Таңнан кешке дейін доп қуатын ойын баласы жеті сыныптық жалпы білім беретін мектепті аяқтаған соң, отбасылық жағдайларға байланысты қызықты балалық шағынан қол үзіп, ерте есеюіне тура келеді. Сөйтіп, соғыстан кейін жасөсіпірм шағында  алғаш еңбек жолын Қарсақпай мыс зауытында металлург болып бастап, ерте еңбекке араласады. Алайда арада 20 жыл өткен соң, Тағанбай ақсақалдың өмірінде күтпеген өзгеріс күтіп тұрыпты.   Бірталай уақыттан бері қызмет етіп келе жатқан зауыт «жабылады» деген хабарды естігеннен кейін, көп ойланбастан 1975 жылы бір топ қызметтестерімен бірге Жезқазған мыс балқыту зауытында жұмысын жалғастырады.

«Осы зауытта 25 жылға жуық металлург болып қызмет етіп әрі бұған қызығушылық танытқан бірнеше жігіттерді осы салаға баулыдым. 2000 жылы зейнетке шықтым. Өткенге көз жүгіртсем, осы салаға өмірімнің 45 жылын арнаған екенмін. Менің ойымша, қара күштің иесі ғана металлург бола алады. Өйткені, қайнап жатқан металдың жанында сағаттап тұрып еңбек ету -кез-келгеннің қолынан келе бермейтін іс», - дейді 82 жастағы тыл ардагері Тағанбай ата.

Осылайша Тағанбай Байділдәұлының 45 жылдық атқарған адал әрі жемісті еңбегін басшылық тарапынан жоғары бағаланып, КСРО-ның Еңбек сіңірген металлургі әрі «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан сергек қария «Қазақ-мыс» корпорациясы ақсақалдар алқасының мүшесі әрі облыс көлемінде өткізілетін түрлі жиын-тойларға үнемі белсене қатысып тұрады.

Ал алпыс жылдан аса бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан жан жары Нұрила Нұрмағамбетқызы Қалекова - 1939 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Байқоңыр кентінде дүниеге келген. Содан төрт сыныптық жалпы білім беретін мектепті бітірген соң, алғаш еңбек жолын Қарсақпай мыс зауытынан бастаған. Кейін Жезқазған мыс балқыту зауытына ауысыпты.  Ол жерде зейнеткерлік шағына дейін  жұмыс істеген  Нұрила Нұрмағанбетқызы «Құрмет белгісі», «Батыр ана» ордендерімен марапатталған.

Бүгінде жолдасы Тағанбай Байділдәұлымен он бала өсіріп, одан 29 немере және 4 шөбере сүйіп отырған өнегелі отбасы.  

1960 жылы дүниеге келген тұңғыш ұлы Мұханбетхан Тағанбайұлы еңбек жолын қарапайым мұғалім болып бастап, мектеп директорлығы қызметіне дейін абыроймен атқарған. Ол 1981 жылы болашақ жары Айкүміс Ибаділдақызы Тоғызбаевамен танысып, қос ғашық шаңырақ көтеруге шешім қабылдайды. Қазіргі уақытта Мұханбетхан Тағанбайұлы жеке фирмада жүргізуші болса, ал жұбайы Айкүміс Ибаділдақызы медицина саласында қызмет етіп келеді. Бүгінде олардың 37 жастағы қызы Алмагүл Мұханбетханқызы заң саласында қызмет етіп, жолдасымен 11 және 8 жастағы Шәкәрім, Жандәулет есімді ұлдарды тәрбиелеп отыр.

«1962 жылы туған екінші перзентіміз Анар қазір «Қазақтелеком» АҚ-да электромонтер болып жұмыс істейді.  Қызымыз, журналист  болып жұмыс істейтін күйеубаламыз Мәди Әлжаппаровқа  1984 жылы  тұрмысқа шығып, қазір Сәтпаев қаласында тұрып жатыр. Бүгінде олар үш бала тәрбиелеп, олардан немере сүйіп отыр. Мәди мен Анардың  тұңғыш перзенттері Әсел Ерсин күйеубаламызға 2017 жылы тұрмысқа шықты. Қазір Әсел бала тәрбиесімен үйде отыр. Ал Әселден кейін  1986 жылы туған екінші балалары Бақытжан қазір ақпараттық технология саласында жұмыс істейді. Осыдан сегіз жыл бұрын Бақытжан Диана есімді қызбен отбасын құрады. Қазір 28 жастағы Бақытжанның келіншегі банк саласында менеджер болып қызмет істейді» - дейді әулеттің отанасы Нұрила Нұрмағанбетқызы.

Тағанбай ата мен Нұрила әжейдің бүгінде Бақытжан мен Диана балаларынан туған жеті және төрт жастағы Нұрәлі, Алинұр есімді шөберелері бар. Ал Мәди мен Анар Әлжаппаровтардың 1995 жылы туған кенже балалары Байдәулет те  қазір IT-технология саласында қызмет етіп жатыр.

Салхауовтар отбасының 1964 жылы туған үшінші перзенті Ахметхан Тағанбайұлы құрылыс техникумын бітірген. Қазір ағаш шебері (плотник)  болып қызмет ететін ол  2003 жылы  Нөгербекова Айжан Біркенқызымен шаңырақ көтерген. 1975 жылы дүниеге келген Айжан Біркенқызы қазір Жезқазған қаласында сот саласының хатшысы  болып жұмыс істейді. Бүгінде Ахметхан Тағанбайұлы мен Айжан Біркенқызы екі батырды өсіріп отыр. Ұлдарының үлкені Нұрсұлтан он алтыда болса, ал кішісі Тимур бес жаста екен.

Әулеттің төртіншісі баласы Төлеген Салхауов - 1967 жылы дүние келген. Еңбек жолын Жезқазған мыс балқыту зауытынан бастаған Төлеген - «Еңбек даңқы» белгісінің қос дәрежесі иегері атанған. Қазір мұғалім болып қызмет ететін  жары  Сыздықова Орынбасар Нұрмалиқызымен 1996 жылы отбасын құрып, бүгінде үш бала тәрбиелеп отыр.  Олардың 1997 жылы туған үлкен балалары Ардақ 2012 жылы мектепті бітіріп, Қарағанды политехникалық колледжіне оқуға түскен. 2016 жылы колледжді тәмамдаған соң, Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс университетіне оқуға түседі. Қазір сонда білімін жалғастыруда. Ал 2004 және 2008 жылдары дүниеге келген Төлеген Тағанбайұлы мен Орынбасар Нұрмалиқызының Мөлдір есімді қызы 10 сынып, ал кенжесі Жанерке 6 сыныпты тәмамдаған.

«Төлегеннен кейін  1969 жылы дүниеге келген қызым Жанар медицина училищесін бітірді. Ал 1973 жылы туған қызым Жанат  аспаз мамандығын тәмамдады. Содан 1998 жылы Жанар  Евгений деген орыс жігітіне тұрмысқа шығып, қазір Қарағанды қаласында тұрып жатыр. Үлкен балалары 1999 жылы туған Тимур немерем – студент.  Қазір ол Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде оқып  жатыр. Ал одан кейінгі 2004 жылы туған немерем Дарина 9 сыныпты аяқтады», - дейді отағасы  Т.Байділдәұлы.

Үйдің жетінші баласы Ахат Тағанбайұлы - 1975 жылы дүниеге келген. Қазіргі кезде жеке кәсіпті дөңгелетіп отырған Ахат, 2001 жылы Боскумбаева Асыл Сейітжанқызымен шаңырақ құрған. Жұбайы Асыл Сейітжанқызы Алматыдағы технологиялық университетті тәмамдаған. Қазіргі кезде Жезқазған қаласында тұратын олар үш бала тәрбиелеп отыр. Балаларының үлкені 2001 жылы туған Аружан биыл Қарағанды экономикалық университетінің 2-курсын бітірсе, ал одан екі жасқа кіші Алихан 10 сыныпты аяқтаған. Ал 2011 жылы туған үйдің кенжесі Алуа 3 сыныпты тәмамдаған.

Ал Ахат Салхауовтан кейін 1977 жылы дүниеге келген Қанат Тағанбайұлы Түркияның Кония қаласында орналасқан «Мерам»  (Meram) экономикалық лицейінің «Есепші» мамандығы бойынша 1996 жылы тәмамдаған. Кейін  «Сельджук» университетіне түсіп, мұнда  «Экономикалық менеджмент» мамандығы бойынша білім алады. Мұны  2000 жылы бітірген Қанат Тағанбайұлы қазір «Эфес Қазақстан» сыра нарығында қызмет етіп жатыр. Ал 2007 жылы отау құрған сүйген жары Бақыт Берікқызы 1995-1999 жылдары Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Халықаралық экономика факультетін тәмамдаған. Қазір Қазақстан Республикасының Индустрия және Инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінде бас сарапшы болып жұмыс істейді. Бүгінде олар 11 жасар  Жібек атты сұлу қыз бен 6 жасар Санжар есімді батыр жігітті тәрбиелеп отыр.

Әулеттің тоғызыншы баласы Қайрат Тағанбайұлы 1979 жылы дүниеге келген. Содан 1997 жылы мектепті бітіріп, Жезқазған аграрлық техникалық колледжін, кейіннен Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен қоса, Қайрат Тағанбайұлы 2018 жылы  Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінің «Радиотехника, электроника және  телекоммуникация» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Қазіргі кезде Жезқазған мыс балқыту зауытында еңбек етіп жатқан Қайрат осыдан он төрт жыл бұрын, яғни 2005 жылы сүйген  жары Толешова Жанар Рахымжанқызымен отау құрған. Бүгінде Жезқазған қаласында тұратын олардың бес ханшайымы бар. Үйдің үлкен аруы Нұрай сегізінші сыныпты, Әлия бесінші сыныпты  бітірген. Ал қызы Еркеназ төртінші сыныпқа көшсе, Аида қызы екінші сыныпқа ауысты. Үйдің кенжесі Сәния биыл үш жасқа толған.

Салхауовтар әулетінің кенжелері Айзада Тағанбайқызы - 1984 жылы дүниеге келген. Мектепті бітірген соң Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Еңбек технологиясы және кәсіпкерлік» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 2013 жылы жолдасы Әміров Мұса Нұркенұлымен шаңырақ көтеріп, бүгінде бес және бір жасар Мадияр, Сардар есімді қос батырды тәрбиелеп отыр.

Мерейлі жанұя ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанып, ұрпағына ұлықтап отырады. Ақсақалды қария мен ақ жаулықты әжей дастархан басында немерелеріне үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді әрқашан айтып отырудан еш жалыққан емес.

Бүгінгі таңда Салхауовтар отбасының мүшелері спортпен белсенді түрде айналысып келеді. Әсіресе ұлдары ұлттық спорттың бір түріне айналған «Қазақша күрес» және «Самбодан» түрлі жарыстарға қатысып, бақ сынап жүр. Сондай-ақ, немерелерін спортқа баулып, салауатты өмір салтын берік ұстануды оларға да әркез айтып жүреді.

Енді бұл жанұя елордада өтетін ақтық кезеңде Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады.

(Суреттер  Салхауовтар отбасының жеке мұрағатынан алынды)  

Поделитесь:
Telegram
Подпишитесь на наш Telegram-канал и узнавайте новости первыми!