Лента новостей

Өнерді серік еткен Құдайбергеновтер отбасы

Өнерді серік еткен Құдайбергеновтер отбасы
24.06.2019 16:58 7222

Жалпыұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық сынында жеңімпаз атанған алматылық жанұяның бірі – Құдайбергеновтер. El.kz порталы жұлдызы жарасқан жұптың отбасы мүшелері және олардың осы уақытқа дейін  жеткен жетістіктері жайында баяндайтын болады. 

Құдайбергеновтер әулетінің отағасы Қанат пен отанасы Айткүл  40 жылдан астам өмір мен өнер айдынында бірге қол ұстасып келе жатқан жұлдызды қос ғашықтардың бірі.  Олар алғаш рет 1975 жылы  Алматы қаласында қазіргі Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде танысқан. Сол таныстықтың соңы үлкен махаббатқа ұласып, арада бір жыл өткен соң олар  Нарынқол ауданына қарасты Текес селосында шаңырақ  құрған.  1956 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Қайнар ауылында дүниеге келген Қанат Жолдыбайұлы мен 1957 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты Жарлы селосында дүниеге келген Айткүл Кәкімқызы екеуі де өнер киесі қонған өнерлі жанұядан шыққан.

– Мен сол эстрада колледжінен кейін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін, ал апаң әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдадық. Алғаш еңбек жолымызды екеуіміз Қызылорда облыстық филармониясынан бастадық. Ол кезде мен 21-де  болсам, ал Айткүлдің жасы 20-да болған еді, - дейді отағасы Қанат Құдайбергенов.

Алайда бұл жерде  олар  небәрі 3 ай ғана еңбек етіп, содан Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Қарағанды облыстық филармониясы жанындағы  «Гәкку» жастар эстрадалық ансамбліне  ауысады. Өнерлері өрге жүзген Құбайбергеновтер 1978-1980 жылдары республикалық байқаудың лауреаты атанып, бүкілодақтық жастар шығармашылығы конкурсының лауреаты атағын да алыпты. Ал 1982 жылы республикалық «Гүлдер» жастар эстрадалық ансамбліне шақырылып, содан 1988 жылға дейін қажырлы еңбек еткен. Жұлдызды жұп осы кездері өздерінің шығармашылықтары бірден жоғары деңгейге көтерілгенін де тілге тиек етті. Өйткені олар 30-ға жуық ТМД мен алыс-жақын  шет мемлекеттерді және Кеңес Одағын аралап, қазақтың ұлттық  қара домбырасы арқылы қазақ өнерін кеңінен насихаттаған.

– 1989-1990 жылдары Сүйінбай атындағы  Алматы облыстық филармониясында отбасылық ансамбль құрып, өзіміздің ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты шығармашылық өнерімізді дамыттық. Содан 1991 жылы тұңғыш рет өзіміздің отбасылық шығармашылық кешімізді өткіздік, - дейді отанасы Айткүл Құдайбергенова.


 

Құдайбергеновтер отбасының осындай ерең еңбектері еш кетпей, түрлі марапаттауларға да ие болған. Бүгінде олар еліміздің еңбек сіңірген әртістері, «Құрмет» орденінің иегерлері екенін айта кетейік. Киелі сахнада қос аққудай болып, қазақтың әндерін домбырамен нақышына келтіріп, бірлесе орындап жүріп, өмірге үш ұл мен бір қызды  әкелді. Сөйтіп олар өнер жолында шығармашылықтарымен айналыса жүріп, перзенттеріне тәлім-тәрбие мен заман талабына сай білім беріп, оларды да өнерге баулып,  шыңға шығуға сүбелі үлестерін қосты. Осылайша бүгінде төрт баласы да ата-анасының ізін  басып келеді.

– Тұңғыш перзентіміз әрі бізге алғаш рет ата-ана болу бақытын сыйлаған ұлымыз Ербол П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищесін, кейін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің музыка факультетін тәмамдады. Ахмет Жұбанов атындағы І  республикалық байқауының лауреаты болған Ербол қазіргі кезде күйшілікпен қоса, домбырашылық өнерді де қатар алып жүр. Одан кейін 1979 жылы жарық дүниеге келген екінші  баламыз Айбол  1998-2003 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алды. Кейіннен 2006-2009 жылдары ұлттық аспаптар мамандығы бойынша аспирантурасын бітірді. Бүгінгі таңда әнші, күйші, сазгер әрі фольклорлық ансамбльдерге музыка жазумен әрі өңдеумен айналысатын ол 15-ке жуық күйдің авторы. Сонымен қоса, ол 2003 жылы Құрманғазы атындағы халықаралық конкурсының, «Шабыт» халықаралық байқауының  әрі республикалық конкурстардың лауреаты. Және «Үздік» аспапшы төс белгісінің иегері  атанды, - дейді Қанат Жолдыбайұлы.  

Үйдің үшінші баласы әрі көпшілікке «Мен қазақпын!» сынды  патриоттық әндерімен танымал Ерболат Құдайбергенов Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік  университетінің музыкалық факультетінде хор дирижерлік мамандығы бойынша білім алған. Қазақ эстрадасында өзіндік стилімен есімі елге жақын белгілі әнщі, сазгер, музыка өңдеуші әрі бүгінгі таңда 100-ге жуық әннің авторы Ерболат Құдайбергенов осыдан тоғыз жыл бұрын «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанған. Артынша   «Тіл жанашыры» төс белгісі  мен «Алаш ұлы» медаліне де ие болған. Ал осы үш ұлдан кейін, 1991 жылы дүниеге келген Салтанат Құдайбергенова Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясын бакалаврын және магистратурасын сахна тілі, сахна қозғалысы, актрисалық, әншілік, би, тіл мамандығын меңгеріп, оны қызыл дипломмен бітірген. Қазіргі таңда Салтанат Қанатқызы өзі бітірген өнер ордасында ұстаздықпен қатар актрисалық өнерін де қатар алып келеді. Тұла бойы талантқа толы өнер иесі өлең жазумен де айналысады екен. Сонымен қоса, «Жетісу жұлдыздары» мен Нұрғиса Тілендиев атындағы әншілер байқауының лауреаты атанған. Осылайша бүгінде Құдайбергеновтер әулетінің балалары Ербол Қанатұлы  – күйші, домбырашы, Айбол  Қанатұлы – шертерші, Ерболат Құдайбергенов – жалпақ жұртқа танымал әнші, ал осы үш ұлдың ортасындағы жалғыз қыздары Салтанат әнші әрі биші ретінде халық алдында өнерлерін паш етіп, шығармашылықпен айналысып жүр.

– Үлкен келінім Назгүл П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищенің қобыз аспабы мамандығын, кейін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің музыкалық факультетін бітірген. Мұнда қылқобыз аспабы мамандығы бойынша білім алған ол Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филарманиясында еңбек етті. Қазір келінім «Қобыз сарыны» ансамблінің және Мұқан Төлебаев атындағы оркестрінің қылқобызшысы болып жұмыс істейді. Ал одан кейінгі келінім Әйгерім ұстаз болса, кіші келінім Гаухар заңгер болып жұмыс істейді, - дейді Айткүл Кәкімқызы.

Төрт бала тәрбиелеп өсірген Құдайбергеновтер әулеті бүгінде 11 немере сүйіп отырған бақытты отбасы. Олардың тұңғыш немерелері  21 жастағы Таңат Ерболұлы қазіргі таңда дәрігер мамандығы бойынша білім алуда. Одан кейінгі 2005 жылы дүниеге келген Салауат Ерболатұлы Күләш Бәйсейітова атындағы музыкалық мектептің фортепиано класында оқиды. Ал  13 жастағы Нұрайым Ерболқызы, 12 жастағы Әнел Ерболатқызы және 11 мен 8 жастағы Сағадат пен Азамат Айболұлдары мектеп қабырғасында білім алып жүр.

Татулығы мен бірлігі жарасқан Құдайбергеновтер әулеті  бос уақытын  бала-шағасы және немерелерімен бірге өткізгенді ұнатады.

- Бос уақытымызда әртүрлі іспен шұғылданамыз. Мысалы, атам балық аулауса, Ерболат қайын інім ағаштардан түрлі шкаф, тұрмыстық жиһаздар жасайды және сурет салумен айналысады. Үй-ішімізбен табиғат аясында демалып, өзіміздің сүйікті әрі пайдалы ісімізден шұғылданамыз. Кейде атам мен енем немерелерімен қыдырып, олармен әңгімелесіп, уақыттарын пайдалы өткізеді, - дейді келіндері Назгүл Алмабекова.

Әулет үлкендері ұл-қыздары мен немерелеріне Отанды сүю, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, бір-бірлеріне қамқор болу, және оларды патриоттық тәрбиені де ұмыт қалдырмаған.

- Ең алғаш ұлдарымызды үйлендіріп, келін түсірген кездері 1-2 жылдай бәріміз бірге тұрдық. Ондағы мақсатымыз келіндерімізді біздің үйдің дәстүріне баулу болды. Содан кейін барып жеке үй ғып шығардық. Қазіргі кезде Айбол мен Ербол Талдықорғанда, ал Ерболат мен Салтанат Алматыда тұрады. Ал біз қазір Алматыда тұрамыз, кейде Талдықорғанға да жұмыс бабымен  жиі баруға тура келеді, - дейді отанасы.

Бүгінде қазақ эстрадасындағы отбасылық ансамбльдердің бірі Құдайбергеновтер әулеті күнделікті өмірде күтпеген түрлі қызықты оқиғаларға да тап болатынын айтады.

– Қанат ағаң екеуміз жас кезімізде гастрольдік сапарларға шыққанда, кейде кішкентай балаларымызды тастап кететін жер болмаған соң, өзімізбен бірге алып жүрдік. Содан әнімізді айтып тұрған кездері күтпеген жерден олар да сахнаға шығып кеткен күндер де болды. Жаздың аптап ыстығында сахнадағы нөмерімізді бұзбау үшін аузымызға тығылғын шыбын-шіркейді жұтып жіберіп, әнімізді әрі қарай жалғастырған кездер болған, - деп еске алды Айткүл Құдайбергенова.

Мерейлі отбасы болудың құпиясы «ең бастысы ауызбіршіліктің  арқасы» деген өнерлі әулет күзде республикалық ақтық сында өз қаласының намысын қорғамақ.

(Суреттер  Құдайбергеновтер отбасының жеке мұрағатынан алынды)  

Поделитесь:
Telegram
Подпишитесь на наш Telegram-канал и узнавайте новости первыми!