Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту

19 Мая 2017, 10:42 6044

ЭКСПО-2017 көрмесіне арналған керуен

Бүгін Тараз қаласынан «Көне Тараз» тарихи мәдени орталығы, Жамбыл ескерткіші алаңынан салтанатты түрде Астана қаласына «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» атты керуені жол тартты.

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандарылған көрмесі аясында ұйымдастырылған  керуен құрамында-20 түйе,  46 ат болады. Оның 6-ы ат арба, 10 жүк автокөлігі, 3 автобус, 6 қызметтік автокөлік (ұйымдастырушылар, МАИ, жедел жәрдем, төтенше жағдай т.б.)- 150 адам бар.

Керуен Астанаға жеткенше Жамбыл және Қарағанды облыстарындағы жол бойында орналасқан 10 елді мекенге тоқтайды. 

Әрбір тоқтайтын пункттерде ЭКСПО-2017 көрмесін насихаттауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады. Киіз  үйлер тігіліп, қазақ елінің тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлері сахналанады,  ұлттық спорт ойындары, концерттік бағдарламалар өткізілмек.

Бекітілген кестеге сәйкес, ағымдағы жылдың 26-30 шілдесі аралығында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында Жамбыл облысының мәдениет күндері  өтеді деп жоспарлануда. Аталған керуен көрмеге екі мың жылдан астам тарихы бар  көне Тараздан тамаша тарту болмақ. 

Шараға байланысты Басқарма тарапынан ұйымдастырылатын іс-шаралардың жоспары мен бағдарламасының жобасы жасалып, бүгінгі таңда жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Мәдениет және спорт министрлігі жанынан ЭКСПО-2017  көрмесіне байланысты құрылған Штабтың кестесіне сәйкес, 26 шілде күні Жамбыл облысы ЭКСПО аумағындағы «Амфитеатрда» мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізеді. Яғни, осы күні облыс күндерінің ашылуын өткізу жоспарланып отыр. Онда түрлі форматтағы шаралармен қатар көрмелер, театрлардырылған көрініс және облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылады.

Бағдарламаға сәйкес 5 күн бойы жоспарланған шаралар өз кезегімен өте береді (көрмелер, театр қойылымдары, концерттер). Оған алдын-ала Астана қаласының әкімдігі ұсынған қала аумағында орындар қарастырылған.

Ал, 28 шілде күні «Қазанат» қалалық ипподромының аумағында салынатын «Этноауылда» іс-шаралар ұйымдастыру Жамбыл облысына жүктелген. Ол жерде күні бойы шеберлер ауылы, шеберлердің туындыларын сатуға арналған «Шығыс базары», концерттер, театрландырылған қойылымдар, ұлттық спорт ойындары және т.б. іс-шаралар ұйымдастырылады.

Соңғы күні, яғни 30 шілдеде «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда Жамбыл облысы күндерінің жабылуына арналған облыс өнерпаздары мен Жамбыл өңірінен шыққан белгілі эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала концерт ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесіне әлемнің әр түкпірінен келетін қонақтарға «Ұлы Жібек жолы» бойындағы сауда, мәдениет, өркениеттің рухани орталығы болған Ежелгі Тараздың тарихымен таныстыру мақсатында «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» атты керуен ұйымдастырылады.

Поделитесь: