Жаңалықтар

Өртенген орманды қалпына келтіруге ұзақ жылдар керек

Қазіргі кезде дүниежүзінде орман аумағының 3 млрд гектардан астам, яғни дүние жүзінің 27-28 пайызын орман алып жатыр.
Өртенген орманды қалпына келтіруге ұзақ жылдар керек
Фото: gov.kz 30.09.2022 10:18 9140

Әлемнің қай түкпірін алсақ та, қызыл жалын ешбір құрылықты аямағаны белгілі. Өкінішке қарай, алапат өрт біздің елімізді де айналып өтпеді. Әсіресе, соңғы айларда бірнеше орман өртеніп, шығыны да көбейе түсті.

Әлемдік жағдайға қарайтын болсақ, 2018 жылы Амазонкадағы тропиктік ормандардың 900 мың гектары отқа оранған. 2019 жылы Австралияның 10 млн гектар алқабы жанып кеткен. Сондай-ақ, Сібірде 21 млн гектар, Францияның Вар аймағында 6 мың гектар орман мен бұта өртенген.

Мұндай алапат өрттердің шығуына не себеп болуы мүмкін деген сұрақ туындайды. Аптап ыстықтың салдарынан да өрттің шығатыны ақиқат.

Мәселен, еліміздегі шөлейтті аймақтар Қазақстан территориясының 50 пайызын қамтиды. Ол солтүстіктен оңтүстікке қарай 900 және шығыстан батысқа қарай 3000 шақырымға созылып жатыр. Бұл аймақтың ауа райы құрғақшылығымен ерекшеленеді. Шілде айында орташа температура +27-тан +30-қа дейін жетеді, тіпті кейде +45-қа дейін көтеріледі. Бұл аймаққа топырақ бетін кептіріп жіберетін қатты желдер тән. Міне, осындай аура-райының салдары орман өртіне алып келіп отыр.

Қазақстан территориясында тоғайлы ормандар үлкен жерді алып жатқан жоқ, олар көбінесе жолақты немесе кішкене тоғай түрінде кездеседі және кең көлемде шалғынды шөптесін өсімдіктермен алмасып жатыр.

Energyprom.kz мәліметінше, 2021 жылғы 20 қыркүйектен бастап 2022 жылғы 12 қыркүйекке дейінгі кезеңде 5 мыңнан аса орман өрті мен дыбылы тіркелген. Тарихи деректермен салыстырғанда, 2021 және 2022 жылдардағы шама салыстырмалы түрде төмен. Өйткені, 2017 жылы ең көп 24 мыңға жуық дерек тіркелген.

Қазақстан үшін ең қауіпті айлар - шілде, сәуір және тамыз болып саналады. Биыл қыркүйектің басында Қостанай облысында орман өрті өршіп, Әулиекөл ауданында орман өрті салдарынан 91 үй өртеніп, 2091 адам эвакуацияланған болатын. Жарақат алған адамдардан бөлек, бір адам көз жұмған еді. Өрт ыстық ауа райы мен қатты жел салдарынан тез таралғаны анықталды. Алайда, өрт елдің басқа аймақтарына да әсер еткені белгілі.

Өртенген ормандарды қалпына келтіруге болады

Өртенген ормандарды қайта қалпына келтіру мүмкін бе? Оған қанша жыл уақыт керек деген сияқты сауалдар әрқайсымыздың көкейімізде тұрғаны белгілі. Бұл сұрақтарды орман шаруашылығы және жануарлар комитетіне қойған едік. Олар өртенген ормандарды қалпына келтіруге болады дейді. Алдымен өртенген алқапты ағаштардан тазартып болған соң, жоба жасалып, соның негізінде ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіледі.

Өртенген орманды қалпына келтіруге ұзақ жылдар керек

Өрттен кейінгі орманды қалпына келтіру үшін, өртенген ағаштарды тазалау қажет. Өйткені, өртенген аймаққа зиянкестер таралу ошағына айналуы мүмкін. Тазартылған соң орман молықтыру жұмысы жүргізіледі. Аталған жұмыстар алғашқы 3-5 жылдықта жүргізіледі. Орман толығымен өртке дейінгі қалпына келуі үшін ағаштардың түрлеріне байланысты 50 жылдан астам уақыт кетуі мүмкін.

   Орман өсіру бойынша жұмыстар

Елімізде Үкімет бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында, тұрғындардың қолайлы өмір сүру ортасын құруға, елдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталаған іс-шаралар атқарылуда.

Бұл жұмыстарды атқару үшін бюджеттен жылына 13,5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Мемлекет Басшысының 2025 жылға дейін мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд астам ағаш, елдімекендер мен қалаларда 15 млн ағаш отырғызу және Арал теңізінің құрғаған табанында 1,1 млн гектар аумақта сексеуіл екпелерін отырғызу жөнінде жұмыстар қолға алынуда.

  Экологияға әсері

Өрттің экологияға әкелген әсерін анықтау, республикалық ведомствоаралық комиссияның тексерісінен кейін анықталатын болады.

Елдімекендерде ағаш отырғызу, өндіріс ошақтары мен машиналардан бөлінген зиянды көмірқышқыл газдарын сіңіріп қоршаған ортаға оттегін бөледі, ауаны тазарту функцияларын атқарады. Елдегі орман алқаптарының ауданы 13,6 млн  гектар болған кезде жалпы сіңіру қабілеті жылына 10,1 млн тонна СО2 деп бағаланады. Осылайша, ормандардың орташа сіңіру қабілеті жылына 1 гектардан 0,78 тонна СО2 құрайды. Сонымен қатар, жасыл желектер желдің екпінін азайтады, шаң-тозаңнан тазартады, климаттың қолайлы өзгеруіне әкеледі.Орман қоры аумағында отырғызылған ағаштар топырақты эрозиядан қорғайды және биоалуантүрліліктің артуына, малдың жайылуына оңтайлы орта қалыптастырады.

Өртенген орманды қалпына келтіруге ұзақ жылдар керек

Қазақстан орманы аз елдердің біріне жатады, орман қорының 50 пайыздан астамы сексеуіл ормандарын құрайды. Сонымен қатар, ұзындығы 400 шақырымға ені 40 шақырымға радиусы 300 шақырымға дейін жететін құмды дауылмен күресудің тиімді әдістерінің бірі болып табылады. Сексеуіл екпелерінің бір түбі 10 нан 100 тоннаға дейін тұзды шөгінділерді бекітіп ұстай алады.

   2021-2022 жылдар аралығында отырғызылған көшеттер мен бюджеттік деңгейі

2021 жылы 66 мың гектар алаңда 138,3 млн. ағаш отырғызылды. Күзгі түгендеу қорытындысы бойынша орман дақылдарының жерсінуі 71,7 пайызды құрады. Ал 2022 жылға жоспарланған орманды молықтыру көлемі 112 мың гектар алқапта жүзеге асырылды, отырғызылатын ағаштар саны 279 млн. дананы құрады (ағымдағы жылдың көктемінде орманды молықтыру көлемі 39,1 мың гектарды құрады, 106,4 млн.ағаш отырғызылды. Көлемнің қалған бөлігі ағымдағы жылдың күзінде орындалады).

2021-2022 жылдарға орман молықтыру жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге жергілікті бюджеттен 19,5 млрд теңге қаражат қарастырылған.

   Елді мекендерде ағаш отырғызу жұмыстары

Мемлекет басшысы орман қорында алдағы 5 жылда 2 миллиард және елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу туралы тапсырма берген болатын. Соның аясында бүгінде елді мекендерде 2021 жылы 3,3 млн дана ағаш отырғызылды. 2022 жылға 3038,2 дана ағаш отырғызу жоспарланған, бүгінгі күні 1753,3 мың дана ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған табанында 2025 жылға қарай 1,1 млн гектарға сексеуіл екпелерін отырғызу жөнінде тапсырмасын орындау мақсатында, Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесіп сексеуіл екпелерінің алаңын ұлғайтуға бағытталған іс-шаралар қолға алынып жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы 100 мың гектар алаңда сексеуіл тұқымын себу жұмыстары жүргізілді. 2022 жылы жоспар бойынша 250 мың гектар алқапта жүргізу жоспарланған. Ағымдағы жылдың көктемгі отырғызу кезінде 12 026 гектар алаңда 3607,8 мың дана қара сексеуілдің көшеті отырғызылды. Қалған жұмыстар күз айында жүргізілетін болады.

Өртенген орманды қалпына келтіруге ұзақ жылдар керек

Қостанай облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының берген мәліметінше, аталмыш өңірде 2021-2025 жылдар ішінде 28 793, 6 га көлемінде (168, 4 млн. теңге көлемінде) ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізген. Облыс бойынша ағаш отырғызу көлемін мынадай түрде бөліп қарастыруға болады.

2021 ж. - 677 га, 4697,6 мың дана (іс жүзінде ағаш отырғызу 689,2 га алаңда орындалды, көшеттер саны 4836 мың дана (103 пайызға орындалды).

2022 ж. - 4277,9 га, 24352,8 мың дана.

2023 ж. - 7023,5 га, 40421,3 мың дана.

2024 ж. - 7670,4 га, 47347,9 мың дана.

2025 ж. - 9145 га, 51579 мың дана.

Сондай-ақ, аталған облыста 2022 жылы ағаш отырғызу көлемі 4277,9 га құрады, отырғызылған көшеттер саны 24 352,8 мың дана. Ағымдағы жылдың көктемінде көшеттер саны 2474 га алқапқа орман отырғызу жүргізілді. 14 966 мың дана, көлемі 568,1 мың дана 239,9 га алқапта орман дақылдарын толықтыру орындалды.

Осылайша, көктемгі жұмыстардың нәтижелері бойынша орман дақылдарын отырғызу жоспары облыста 62 пайызға атқарылған. Ал қазіргі уақытта 2331,5 мың дана, 3 628,5 мың данаға ағаш отырғызу бойынша сатып алу жоспарда бар. 3 132,3 мың данаға 156,2 млн.теңге (1 көшет үшін 50 теңге) қаражат бөлуге бюджеттік өтінім жолданғаны мәлім етілді.

   Еліміздегі орман алқаптарының көлемі

Қазақстан шағын орманды мемлекетке жатады. Бүгінгі күні, мемлекеттік орман қорының ауданы 30 млн. гектардан астам, оның ішінде, орманмен қамтылған жерлер 13,6 млн. гектарды құрайды. Еліміздің ормандылық пайызын 5 пайыздан 5,3%-ға 2030 жылға дейін 836,6 мың га орманмен қамтылған алқапқа ауыстыру арқылы ұлғайту жұмысы тұр. Нәтижесінде орманмен қамтылған алқап 14,5 млн. гектарға жуық жерді құрауға тиіс.

Еліміздің орман алқаптары орташа есеппен алғанда жыл сайын 300 мың гектарға ұлғаяды.

   Қазақстанда кесуге тыйым салынған ағаштар

Елімізде, сексеуіл (мемлекеттік орман қоры аумағындағы), самырсын (Шығыс Қазақстан облысы аумағында басты ағаш кесу түрінде) және қызыл кітапқа енгізілген ағаштарды кесуге тыйым салынған.

   Орман шаруашылығындағы өзекті мәселелер

Еліміздің жергілікті атқарушы органдарының орман шаруашылығы мекемелерінде және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарымен, мамандандырылған және табиғат қорғау мекемелерінде 11 мыңнан аса жұмыскерлер қызмет етуде.

Еліміз бойынша, орманшылар мен мемлекеттік инспекторларының орташа жалақысы 80-100 мың теңге көлемін құрайды. Сондай-ақ, орман шаруашылықтарында материалдық техникалық жабдықтардың жетіспеушілігі бар (техникалардың өзі тозығы жеткен) және орманшылардың айлығының төмендігі бүгінгі күнде өзекті болып тұр.

Өртенген орманды қалпына келтіруге ұзақ жылдар керек

Бұдан бөлек, білікті орман шаруашылығы мамандарына тапшылық проблемасы бар. Мәселен, бейінді білімі бар мамандар саны небәрі 33%-ды, оның ішінде жоғары білімі бар мамандар саны -10 %-ды және орта арнайы білімі бар мамандар саны 23%-ды құрайды.

Бұл бағытта, орман шаруашылығы саласындағы мамандарды қолдау бағдарламасын әзірлеу және ООО, ЖОО-ның оқу бағдарламаларын қайта қарау, біліктілікті тұрақты арттыру және тәжірибе алмасу арқылы шешу мақсатында тиісті ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдармен жүргізілуде.

Мамандар жетіспеушілігінің тағы бір себебі, еңбек ақы төлеу деңгейінің төмендігі (орманшылардың жалақысы еліміздегі ең төменгі деңгейде қалып отыр). Қазіргі таңда орман шаруашылығы саласындағы қызметкерлердің еңбекақы жалақысын көбейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

   Эколог мамандардың пікірі

Орман – жер табиғи қордың, оның ішінде өсімдіктер жамылғысының басты бір типі. Орман қорлары бүкіл биосферадағы тіршілік үшін, оның ішінде адамзат қоғамы үшін аса маңызды. Тиімді пайдаланған жағдайда өз-өзінен қайта қалпына келіп тұратын таусылмайтын табиғи қор. Оны паналап, қоректерін содан табатын жан-жануарлар мен жәндіктер көп. Орман ағаштары, оның ішінде мәңгі жасыл, қылқан жапырақты ағаштар өз жапырақтары арқылы өздері өскен қоршаған ортаға зиянды ауру қоздырғыш бактерияларды өлтіретін, хош иісті заттар шығарады. Сондықтан да, қылқанжапырақты орманды аймақтарда көпшілік демалып, тынығатын курорт-санаторийлердің болатындығы белгілі. Қазіргі кезде дүние жүзінде орман аумағының 3 млрд гектардан астам, яғни дүние жүзінің 27-28 пайызын орман алып жатыр.

Өкінішке орай, адамзат қоғамы өз тарихында бүкіл орманның 2/3 бөлігін жойған, сонымен бұрын жер бетінің 75%-ын алып жатқан ормандардың көлемі көп кеміген. Жер шарындағы мемлекеттердің табиғи-климаттық жағдайларына сәйкес әр мемлекеттегі ормандардың көлемі мен түрлері әрқалай. Аумағының кеңдігіне қарамастан қазақ жерінде орманды жерлер көп емес. Оның басты себебі жеріміздің негізгі бөлігі құрғақ, жартылай шөл, шөлді аймақтарда орналасқандығы. Десе де, орман өрті өршіп тұр. Бұл бағытта нақты шаралар қабылдау қажет деп санайды эколог мамандар. «Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы» өзін-өзі реттеу ұйымының төрайымы Лаура Мәлікованың айтуынша, орман өрттерін болдырмау үшін мемлекеттік органдар тәжірибелі мамандармен бірлесіп, заң жүзінде кешенді жоспар әзірлеп, оның іс жүзінде орындалуын мұқият қадағалауы керек деп отыр.

Өртенген орманды қалпына келтіруге ұзақ жылдар керек

«Ауыл шаруашылығы министрлігі заңды түрде агро және ауыл шаруашылығы жерлерінде қураған ағаштарды өртеуге шектеу және кейіннен тыйым салуы керек. Қазіргі уақытта қаралып жатқан «Өсімдік туралы» заңына осыған байланысты ұсыныстарды жібердік. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті облыстық әкімдіктермен бірлесіп барлық орман алқаптарының мәртебесін айқындап, қаржыландыру мәселелерін шешуі тиіс. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатқызылған орман шаруашылықтары бойынша жалақыны көтеру және кадрлар бойынша атқаратын лауазымына сәйкестігіне тексеру жүргізу. Әкімдіктер құзыретіне берілген орман шаруашылықтарының барлық қызметкерлерін, сондай-ақ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетін орманды басқару кезіндегі қажетті іс-шаралар бойынша, жасыл желектердің түрлері бойынша ауруды тану және мелиорациялық жұмыстар бойынша қайта оқыту және біліктілігін арттыру керек», - деді.


Бұдан бөлек, маман экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі үш жылдық перспективаға арналған «табиғатты қорғау іс-шаралары жоспары» шеңберінде әкімдіктерге әдістемелік қолдау көрсетіп, орман алқаптары мен орман шаруашылықтарында мелиорациялық, өртке қарсы іс-шаралар жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс дейді.

«Орман шаруашылықтарын, өрт сөндірушілерді материалдық жабдықтауды жақсарту қажет, тек Қостанай облысында орман шаруашылығына арналған техниканың жетіспеушілігі 2019 жылы 130 бірлікті құрады. Орман алқаптары мен шаруашылықтарда өрттерді жедел анықтау үшін өрт қауіпті маусымда дрондарды қолдану, сондай-ақ космомониторингті жақсарту. Мемлекеттік басқаруда басымдықтарды қайта қарау және халықтың экологиялық қауіпсіздігі тұрғысынан шешімдер қабылдау. Климаттың өзгеруін ескере отырып, барлық мемлекеттік органдардың қызметінде мемлекеттік жоспарлауды қайта қарастыру. Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті жақсарту мақсатында ақпараттық-ағарту жұмыстарын үздіксіз жүргізу. Өрт қауіпті маусымда орман алқаптарының жанында өрт сөндіру үшін судың болуын ұйымдастыру. Орман алқаптары мен шаруашылықтардың жанында тұратын жергілікті халықты өрт сөндіруге оқыту керек», - осындай жүйелі іс-шараны жүзеге асыру арқылы ғана орман өрттерінің алдын алуға болады дейді.


Сондай-ақ, Қостанай облысындағы орман алқаптарын қалпына келтіруге кем дегенде 40-50 жыл қажет дейді «Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы» өзін-өзі реттеу ұйымының төрайымы Лаура Мәлікова.

Ал С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің экология және география кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы Күлзипа Дакиеваның айтуынша, орман өртінің қайта қайталанбауы үшін ертерек іс-шараларды қабылдау қажет деп отыр.

Өртенген орманды қалпына келтіруге ұзақ жылдар керек

«Өртенген ормандарды қалпына келтіру бірнеше жылды алады. Орнын толтыру үшін жас ағаштар отырғызу керек болады. Тіптен өрт шыққанда, өрт сөндіру машиналары да жетспей жатады. Басқа қаладан бұл машиналар жеткенше ормандар да жойылып бітеді. Бұның барлығына дайын болу керек», - дейді.


Сондай-ақ, эколог маман Шығыс елінің жері құнарлы. Отырғызған талдар да жақсы өседі. Мұнда өсетін кейбір ағаштар басқа облыста өспейді дейді.

«Бұл біздің климатқа, температураға байланысты. Уақыт жоғалытпай, өртенген орманды қалпына келтіру үшін талдар отырғызу керек. Ол өсу үшін біраз уақыт кетеді. Елімізге өте үлкен шығын болды», - деді биология ғылымдарының докторы Күлзипа Дакиева.


Қоршаған орта біздің байлығымыз. Сол арқылы біз энегрия аламыз, қажетімізге пайдаланамыз. Ал оны күтіп, баптау сіз бен біздің еншімізде. Сондықтан да, өртті өз қолымызбен жасауға себепші болмайық және табиғатты аялайық! 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға