Жаңалықтар

Роза Ибраева: «Асыранды баланың тегін жасыру дұрыс емес»

«Ана үйі» қоғамдық қоры
04.10.2016 12:03 4569

Қазақстанда қалай бала асырап алуға болатындығы жайлы осыған дейін бірнеше БАҚ жазған болатын. Егер сізді дәл осы сұрақ қызықтыратын болса, мына сілтеме арқылы өтіп, толық ақпарат ала аласыз. Ал,біз бүгін бала асырап алғысы келетін ата-аналармен тікелей жұмыс жасайтын «Ана үйі» қоғамдық қорының маманы Роза Садуқызымен сұхбаттастық.

 Роза Ибраева: «Асыранды баланың тегін жасыру дұрыс емес»

— Роза ханым, мен әңгімені «қазақ жетімін жылатпаған халық»деп бастағым келген болатын, бірақ дәл қазір сіз бен біз отырған Балалар үйіндегі жүзден аса қара домалақты көріп, бұл бір көнерген сөз екенін түсіндім.  Біз қаласақ та, қаламасақ та, өкінішке қарай, жетім балалар Қазақстанда бар және олардың саны аз емес. Осы қиындықпен «Ана үйі» қоғамдық қоры қалай күресіп отыр?

— Әрине, бұл өте күрделі мәселе. Балалар үйінің мүлдем болмағанын біз де қалаймыз. Дегенмен, мәселе туындағандықтан, оның шешімін қарастыру  —  заңды құбылыс. Осы мақсатпен біздің қоғамдық қор бүгінгі таңда екі ауқымды жоба бастады.  Бірінші жоба «Ана үйі» деп аталады. Бұл жоба аясында біз өмірдің қиын-қыстау кезеңіне тап болып, баласынан бас тартпақшы болған аналармен жұмыс атқарамыз. Олар үшін арнайы «Ана үйі» құрылып, сол жерде олардың 18 ай бойы баласымен бірге тұруға мүмкіндігі бар. Осы уақыт аралығында анасы баласына бауыр басып немесе әкесі келіп сәбиді Балалар үйінде қалдыру туралы ойдан бас тартып жатады.

— Мұндай үйлердің республика бойынша саны қанша?

— Жалпы бұл жоба 2013 жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Қазақстан бойынша мұндай үйлердің саны — 26. Ал осы уақытқа дейін жобаның арқасында 1757 бала өз анасымен қалды. Екінші жобамыз «бала асырап алушыларға көмек» деп аталады. Жаңадан бастаған бұл жобаның нақты мақсаты — бала асырап алушылармен және баламен тікелей жұмыс жасау. Қазіргі таңда республика бойынша 17 кабинет ашылды. Бұл кабинеттерде бала асырап алушылармен  психолог және консультант маман жұмыс атқарады.  Арнайы ата-аналар үшін 12 сабаққа созылатын үш сағаттық дәріс оқимыз. Дәрістердің уақыты ата-аналардың жұмысына кедергі келтірмейтіндей етіп дайындалған.

— Ал жаңа отбасын тапқан балалармен қандай жұмыстар атқарылады? 

— Балалармен алдымен психологтар жұмыс жасайды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда ең тиімді тәсілдердің бірі саналатын «арт-терапия» қолданылады. Бұл арқылы біз баланың көңіл-күйін анықтап, онымен жеке сырласуға мүмкіндік аламыз.   

— Бүгінгі таңда Балалар үйінен ата-аналар мейлінше жас сәбиді алуға тырысатындығын жақсы білеміз. Ересек баланы алған ата-ана қандай қиындықтарға жолығуы мүмкін? Жалпы әлемдік тәжірибеде бұл мәселе қалай шешімін тапқан?

— Біздің елде ежелден қалыптасқан стереотип бар. Ол — баланың тегін жасырып қалу. Осының кесірінен ата-аналар көбіне әлі есі кірмеген жас сәбиге құмар. Бірақ біз бір нәрсені анық түсінуіміз қажет: тегін білмейтін бала түбінде психологиялық  дағдарысқа ұшырайды. Сондықтан, асыранды баланың тегін жасыру дұрыс емес. «Бала асырап алушыларға көмек» жобасы дәл осы мәселелерді болашақ ата-аналарға жеткізумен айналысады. 

P.S. Жапонияда баласы жоқ адамдар үшін робот-сәби жасап шығарылды. Кішкентай ойыншық өзін бес жасар баладай ұстайды екен. Робот-сәби туралы толығырақ білгіңіз келсе, мына сілтемені басыңыз.


Алмас САУДАНБАЙ 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға