Роман Скляр Жапонияның Қазақстандағы елшісі Джун Ямадамен кездесу өткізді
Келіссөз аясында ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екендігіне тоқталып, Жапония Қазақстанның халықаралық аренадағы маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Қазақстан Жапониямен өзара қызығушылық тудыратын барлық салада стратегиялық әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделі. Жалпы алғанда, елдер арасындағы ынтымақтастық көптеген жылдар бойы достық пен өзара түсіністік негізінде қалыптасып келеді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Жапония өзара іс-қимылының өзекті мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасты. Бұл ретте, Роман Скляр сауда-экономика және инвестиция салаларындағы байланыстарды одан әрі арттыру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ екі ел арасындағы өзара тауар айналымы өткен жылдың қорытындысы бойынша 13,8%-ға артып, $2,2 млрд құрағаны атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша экономикалық, әлеуметтік және басқа да салаларда Қазақстан-Жапония қатынастарын нығайту бойынша белсенді жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.