Жаңалықтар

Роботтар жарысы

Ақыл-парасат сайысы
Роботтар жарысы
27.12.2016 15:20 16243

Жақында Алматыда Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ұйымдастыруымен оқушылар арасында «Robogames» жарысы өтті. Мұнда жас өнертапқыштар өздері жасап шығарған роботтарын сынға салды.

Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған бұл жарысқа биыл 15 топ қатысты. Олардың әрқайсысының мақсаты – ойын алаңында жеңіске жететін автоматты және механикалық роботты құрау.  

Бір қарағанда robogames ойыны жасанды сана иелерінің жарысы сияқты көрінеді. Алайда бұл – адамның ақыл-парасатының сайысы. Себебі, бәйге робототехниктердің тәжірибелігін көрсетеді.

Мұндай жарыс алаңы шығармашылық идеяларға толы болады. Жас өнертапқыштар жаңа жобаларды қызу талқыға салғанды ұнатады. Жалпы ойын шарты бойынша роботтар арасындағы әрбір жарыс 3 минутқа созылып, жеңіске шарды қақпаға көбірек салған топ жетеді. Биылғы жылдың тақырыбы – энергетика болды.

Әрине, бұл машиналардың сыртқы бейнесі біз кинодан көріп жүрген роботтардың бейнесіне ұқсамайды. Тіпті бірі қоқыс жәшігіне ұқсап жатса, енді бірі орындықты елестетеді. Себебі, бұларды балалар қолжетімді материалдардан жасайды. Робототехникада ең бастысы – сыртқы бейнесі емес, функционалдығы. Оқушылардың айтуы бойынша, жеңіске күрделі құрастырылым емес, қарапайым әрі жеңіл робот жетеді. Себебі робот жеңіл болса тез жүріп, шапшаң қимылдай алады. Яғни ол өзіне тиесілі функцияны белгіленген уақытта орындап шығады. 

Жарысқа қатысқан әрбір машинаның өзіндік жұмыс істеу қағидалары бар. Жеңіске жеткен топ өздері жасап шығарған автоматты роботқа Джокер деген атау беріпті. Джокердің алдыңғы дөңгелегінде лазер орнатылған және оған қарама-қарсы фоторезисторы бар. Лазер қосылған сәтте ол екі жүзге жуық сәуле өлшегішті санап шығарады. Химия-биология бағытында білім алатын Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары міне осындай прототип ойлап тапқан. Ерекше құрылымы мен ойластырылған жүйесінің арқасында жас өнертапқыштар екінші жыл қатарынан робототехника саласында үздік атанып отыр.

Жүлделі үш орынды иеленген үздіктер ұйымдастырушылар тарапынан ерекше марапатқа ие болды. Яғни Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде тегін оқу мүмкіндігі мен 3Д-принтерлерге қол жеткізді. Ал оларды жеңіске жеткізген роботтарды бөлшектеп тастайды. Себебі оларды қазіргі қалыпта пайдалану мүмкін емес. 

Робототехника саласындағы сайыстар өзге спорттық жарыстар сияқты көрерменге де, қатысушыға да ерекше көңіл-күй, қайталанбас әсер сыйлайды.

Сол себепті келесі жылы республикалық чемпионатты енді жоғары оқу орындарының студенттері арасында ұйымдастыру жоспарланып отыр. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға