Робототехникадан Орталық Азия чемпионаты өтті
Оқу-ағарту министрлігі мен USTEM Robotics қоғамдық қорының қолдауымен робототехникадан Орталық Азия чемпионаты өтті. Жеңімпаз оқушылар АҚШ-та өтетін дүниежүзілік жарысында ел намысын қорғайды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Биылғы маусым өзекті Энергия тақырыбына арналған. Бұл жарыста балалар роботтарды бағдарламалау мен құрастырудан басқа, инновациялық жобамен айналысады және бүгінгі қоғамның маңызды мәселелерін шешуге тырысады. Өткен жылдың соңынан бастап әр команда әлеуметтік желілерде #FIRSTKZ2023 хэштегімен көптеген тапсырмалар орындады, соның ішінде балалар түрлі энергетикалық станциялардан репортаждар ұйымдастырып, энергетика саласының мамандарынан сұхбат алып, оқу орындарында шеберлік сабақтарын өткізді.
Ең қызығы, біздің оқушылар жарысқа дайындық аясында өздерінің тәжірибелерімен қазақстандық мықты жоғары оқу орындарының студенттерімен бөлісті. Бір байқағанымыз, робототехникамен айналысатын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл Оқу-ағарту министрлігінің қолдауының арқасында мүмкін болды. Бірігіп жасаған еңбектің нәтижесінде 2022 жылдың қазан айында біздің оқушылар Женевада өткен Дүниежүзілік жарыста (FIRST Global Challenge) жеңіске жетті. Осы жылы да жас өнертапқыштарымыз жеңіске жетеді деп сенеміз, - деді USTEM Robotics қорының жетекшісі Асылбек Мурзахметов.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы 3 жылда Қазақстанда 3 мыңнан астам робототехника кабинеті ашылды. Екі мыңнан астам мұғалім робототехника курстарынан өтті.
Орталық Азия чемпионаты үш жас санатына қарай келесідей категорияларға бөлінген:
FIRST LEGO League Explore (6-10 жас);
FIRST LEGO League Challenge (10-16 жас);
FIRST Tech Challenge (12-18 жас).
Ұлттық кезеңнің жеңімпаздары елдің намысын қорғауға АҚШ-тың Хьюстон қаласына аттанбақ.
Астана қаласы NIS мектеп-интернатының, Түркістан облысы Төле би ауданы “Дарын” мектеп-интернатының оқушыларынан құралған жас робототехниктер жеңімпаз атанды.
Мәселен, жеңімпаз атанған командалардың бірі - Түркістан облысы Төле би ауданы “Дарын” мамандандырылған мектеп-интернетаның оқушылары жел трубиналарын жол бойына қойып, энергияны жинақтауды мақсат тұтады. Жел трубиналары қатты жылдамдықпен өткен екі көліктің энергиясы әсерінен генератор айналымға түсіп, энергияны жинақтайды. Кемінде 1 кВат энергия жинақталады. Ол бағдаршамдарға, көше жарықтарын жарықтандыруға 40 сағатқа дейін жеткілікті. Үшінші бөлігі – күнбағыс. Күн панелінің ерекшелігі шығыстан батысқа ауысып отырады. Сондай-ақ гравитациялық батарея жасап әкелген. «Қайта өңделетін энергиялар» деп аталады. Төрт тарап бойынша қарастырдық. Ең бірінші тарап – экологиялық тиімділік. Біз тұратын Леңгір қаласында Леңгір өзені бар. Өзен лас әрі қоқыстарға толы. Біз робот құрылғы жасап шығардық. Ол тарту арқылы қоқыстарды жинайды. Жинаған қоқыстарды сұрыптайды. Пластикалық, синтетикалық, қағаз, қайта өңдей жарайтындары бойынша сұрыптау жасайды,- дейді Түркістан облысы Төле би ауданынан келген «Дарын» мамандырылған мектеп-интернатының оқушылары.