Ринат Зайытов Абай опера театрында корпоратив өткізетіндерді сынады

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жұмысын сынға алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутаттың айтуынша, еліміздің театрларының көпшілігінде жағдай қиын, ал Абай театрында тіпті кешкі корпоративтер өткізу үшін ғимараттың кіреберісі жалға берілуде. Бұл жағдайды ол арнайы комитет отырысында айтып, театрлардың мәдени мақсатта емес, коммерциялық мақсатта пайдаланылуы туралы мәселені көтерді.
Неліктен Абай театры кешкі сағат 6-дан түнгі сағат 3-ке дейін жеке кештер өткізу үшін жалға беріледі? Бұл заңды ма? Ақша қайда кетіп жатыр? Қандай келісімдер жасалып жатыр? - деді Ринат Зайытов.
Сонымен қатар депутат қолында бұл корпоративтердің нақты дәлелдері – фото және видеоматериалдар бар екенін де айтты.
Елдегі жалпы театрлардың қызметін жақсарту, кадрларды даярлау аса маңызды. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет театр мен мәдениет үйлерімен бірге жұмыс істеуі керек. Сонда ғана біз халықтың мәдени қажеттілігін қанағаттандыра аламыз, - деді депутат.
Сондай-ақ елдегі мәдениет саласын дамыту үшін кәсіби мамандарды даярлау, шығармашылық қызметтің сапасын арттыру және театрлардың жағдайын түбегейлі жақсарту қажет екенін атап өтті.
