Жаңалықтар

Риддердегі аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға 28 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді

Риддердегі аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға 28 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді
Фото: t.me/KZgovernment 20.11.2024 09:02 81

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде қайтарылған қаражаттан Риддер қаласындағы 200 орындық стационары мен бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын емханасы бар көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға 28,2 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет 2021 жылы басталған аурухана кешенінің құрылысын аяқтау үшін қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. Жобаның жалпы құны – 34,8 млрд теңге, қазіргі уақытта 6,6 млрд теңгеигерілді, оның ішінде 2 млрд теңге республикалық бюджеттен, 4,6 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Қалған қаражат Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінеді.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Олжас Бектеновке құрылыс алаңын қарау кезінде жұмысты аяқтау үшін жобаны қаржыландыру қажеттілігі туралы баяндалған болатын. Қабылданған шаралар әлеуметтік маңызы бар объектінің «сақалды құрылыс» тізіміне енуіне жол бермеуге және тұрғындарды сапалы және қолжетімді медициналық қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Аурухана кешенінің ашылуы демографиялық жүктемесі жоғары моноқала үшін өте маңызды. Риддердің халқы 55 мың адамды құрайды, оның 22,7%-ы 60 жастан асқан. Қаланың әр түкпіріндегі 12 ғимаратта орналасқан жалғыз аурухана кешенінің ғимараттары 80 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Нысандар ескірген және қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келмейді. Сонымен қатар халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қосымша кардиологиялық, инсульттік, травматологиялық және күйік төсектерін ашу қажет.

Жаңа көпсалалы кешеннің жалпы ауданы – 40 мың м2. Аурухана сараптамалық кластағы медициналық жабдықтармен жабдықталады. Мұнда 500-ден астам қызметкер жұмыс істейтін болады.

Бұған дейін қаражат Ақтөбе қаласында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы балабақша, Ақмола облысы Зеренді ауылында спорт кешені, Түркістан облысы Темірлан ауылында музыка мектебі, Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешені, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығы құрылысына бағытталған болатын.

Осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға