Жаңалықтар

Риддердегі ақау шыққан қазандық қалыпты жұмыс істеп тұр

ШҚО әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта қазандық қайта қалпына келтірілді
Риддердегі ақау шыққан қазандық қалыпты жұмыс істеп тұр
Фото: ШҚО әкімдігі 11.11.2022 11:13 1404

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығында ақау шыққан қазандық қайта қалпына келтірілді, деп хабарлайды El.kz.

10 қараша күні түнгі сағат 01:00-де жылу электр орталығындағы №6 қазандық апатты жағдайда сөндірілген болатын.

ШҚО әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта қазандық қайта қалпына келтірілді. Алдағы бірнеше сағатта қазандық іске қосылып, жылу бере бастайды.

Төтенше жағдай жөніндегі штабтың дерегінше, 11 қараша таңғы сағат 8:00-дегі жағдай бойынша жылу электр орталығындағы температура - 57/44 градус.

Ал сыртқы температура - 2 градус.

«Сонымен қатар бүгін ЖЭО-ға қосымша 4 цистерна мазут жеткізілді. Қалада энергия тұтыну 9 МВт (бұрын 12-19 МВт болатын) құрап отыр. Бұл үйлердегі температуралық режим қалпына келе бастағанын және тұрғындардың электр құралдарын аз пайдаланып жатқанын көрсетеді», - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, 5 қараша күні сағат 20.00-де аталған орталықтағы күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын.

Соның салдарынан 22 мыңнан астам абонент үшін жылу беру азайтылып, төтенше жағдай жарияланған еді.

 7 қараша күні Энергетика министрлігі Риддер ЖЭО-дағы жағдай туралы мәлімдеме жасаған болатын.

Облыс билігі Риддердегі жылу электр орталығының жұмысын 9 қарашаға дейін қалпына келетінін мәлім еткен.

Кеше Риддердегі жылу электр орталығында тағы да апат болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға