Жаңалықтар

Режиссер Дәулет Ислямовтың дебюттік фильмі жарыққа шығады

Режиссер Дәулет Ислямовтың дебюттік фильмі жарыққа шығады
Фото: ©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА 01.10.2024 13:00 550

Астанада «Айқай-шу» криминалдық комедиясының жабық көрсетілімі өтті. Кино 3 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларына жол тартады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сюжетте кездейсоқ провинциялық кафеде кездесіп, түрлі қызық жағдайға тап болып, одан аман шығуға тырысқан екі достың оқиғасы баяндалады. Фильмдегі оқиғалар бір ғана ғимаратта өтеді. 

Оқиға желісіне сәйкес, қалыңдықты тойдан ұрлап кету әрекеті сәтсіз аяқталғаннан кейін екі дос қашуға бел буады. Жасырыну үшін олар Ақсу қаласына келіп, сол жерде ақшасыз әрі телефонсыз қалып қояды. Мекеменің әкімшісі қонақтардың бірін жергілікті «дөкейдің» бауыры деп ойлап, достар аяқасты «VIP қонақтарға» айналады, бәрі оларға ұнауға тырысады. Осы сәттен бастап түрлі қызықты жағдайлар орын ала бастайды. Оқиға екі досты қуғыншылар тауып алғанша жалғасады, бірақ аталған «дөкейдің» өзі дәмханаға келген сәтте бәрі күрт өзгереді.

Фильмді LS Production өндіріс компаниясы мен бас продюсер Айдар Қасымов түсірді. Кино криминалдық комедия жанрында, онда Гай Ричи, Дэвид Финчер және Квентин Тарантино фильмдерінде қолданылатын элементтер бар. Бұл фильмнің режиссері Дәулет Ислямовтың ерекше стилін аңғартады, аталған картина – оның режиссерлік дебюті.

Режиссер Дәулет Ислямовтың дебюттік фильмі жарыққа шығады

Фото: El.kz/Миражан Махан

«Айқай-шу» - менің дебюттік фильмім. Бұған дейін продюсер, сценарист болып жұмыс істедім. Енді толыққанды фильм түсіріп көргім келді. Кино өте жеңіл, халыққа ұнайды деген үміттемін. Онда қазақтың болмысы бейнеленіп, еліміздегі қыз алып қашу сынды түрлі мәселе қозғалды. Біз фильмді Астана қаласында түсірдік, - дейді Дәулет Ислямов.

Басты рөлдерде «5:32» сериалы, «Районы», «Шекер», «Дос-Мұқасан» және басқа да фильмдер арқылы танылған актерлер Шәріп Серік және Саят Мақұлбаев ойнайды.

Режиссер Дәулет Ислямовтың дебюттік фильмі жарыққа шығады

Фото: El.kz/Миражан Махан

Кино табысты болады деп күтеміз. Себебі бұл фильмді түсіру үшін продюсеріміз Айдар Қасымов өзінің пәтерін сатып жіберген. Егер қажетті қаражат жиналмаса, продюсеріміздің сақалы далада қалады. Сондықтан жаңа пәтердің ақшасын шығару керек. Фильмге келетін халық өзінің уайым-қайғысын ұмытып, көңіл көтеріп, демалып қайтса екен деймін, - деді Шәріп Серік.

Саят Мақұлбаев фильмде Оспан есімді кейіпкердің рөлін сомдады.

Режиссер Дәулет Ислямовтың дебюттік фильмі жарыққа шығады

Фото: El.kz/Миражан Махан

Кез келген ортада ашушаң, тосын жағдайды одан әрі шиеленістіретін адамдар болады ғой, менің кейіпкерім сондай. Жалпы фильм криминалдық комедия жанрында. Батыстан, өзіміздің қазақтардан алынған дүниелер бар. Киноның қаншалықты сәтті шыққанын көрермен өзі бағалай жатар, - деді актер.

Режиссер Дәулет Ислямовтың дебюттік фильмі жарыққа шығады

Фото: El.kz/Миражан Махан

Сонымен қатар фильмде «Рэкетир», «Ағайынды» және басқа да қазақстандық картиналардағы рөлдерімен белгілі Нұржан Садыбеков пен «Келінжан» сериалының жұлдызы, G.H.A.D тобындағы музыкалық жетістіктерімен әрі Al Nasr лақап атымен белгілі Назар Шархан да бой көрсетеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға