Республикалық маңызы бар қалаларды дамыту туралы заң жобасы таныстырылды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Заң жобасы астана мен республикалық маңызы бар қалалардың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге бағытталған және мыналарды көздейді:
- астананы және республикалық маңызы бар қалаларды абаттандыру мәселелері бойынша нормаларды жетілдіру:
- қолжетімді ортаны қамтамасыз ету;
- дизайн-кодты енгізу, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдардың дизайн-кодты сақтау, стационарлық емес объектілерді орнату және олардың жұмыс істеуі жөніндегі құзыреттерін нақтылау;
- жарнама қызметін реттеу және көшедегі қоғамдық орындарда аудиожарнамаға, сондай-ақ тротуарларда, автожолдарда сыртқы жарнаманы орналастыруға тыйым салуды енгізу;
- астанада көші-қонды реттеу тетіктерін жетілдіру.
Заң жобасында Жер кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы», «Жарнама туралы», «Халықтың көші-қоны туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңдарға өзгерістер енгізу ұсынылады.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобына 225 түзету келіп түсті, олар мүдделі министрліктер мен ведомстволар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер мен сараптамалық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының жеті отырысында, Комитеттің кеңейтілген отырысында қаралды.
Парламент Мәжілісінің комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындылар берді.
Жоғарыда баяндалғанға байланысты Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бірінші оқылымда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысының қарауына енгізуді ұсынады.
