Жаңалықтар

Республика күнін әлем елдері қалай тойлайды?

Республика күнін әлем елдері қалай тойлайды?
Фото: Коллаж El.kz 24.10.2024 10:14 759

Елімізде 25 қазан Республика күні болып бекітілген. Президенттің бастамасымен 2022 жылдан бастап бұл күн ұлттық мереке статусын алды. Атаулы күн қарсаңында ел азаматтары бір күндік демалыс алып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал өзге елдер Республика күнін қалай тойлайды? Шолу жасап көрейік.

Республика күні – елдің егемендік жолындағы алғашқы қадамы. Бұл күнді әлем елдері өз деңгейінде тойлайды. Мәселен, АҚШ халқы ұлттық мерекелерін асыға күтеді. Бұл елде Республика күні 4 шілде. 1776 жылы 4 шілдеде АҚШ тәуелсіздік декларациясын қабылдаған. Бұл күн АҚШ-тың азат ел ретіндегі туған күні болып саналады. Республика күнінде отшашулар атылып, парадтар, жәрмеңкелер, карнавалдар, концерттер, бейсбол ойындары ұйымдастырылып, отбасылық кездесулер өтеді. АҚШ-та да Республика күні ұлттық мейрам.

Ал түбіміз бір түрік елі Республика күнін қазан айында атап өтеді. Себебі, 1923 жылғы 29 қазанда елдің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік ел конституциясына өзгерістер енгізіп, Түркия Республикасы деп жариялаған болатын. Содан бері түріктердің бас мерекесі жыл сайын салтанатты түрде тойланады. Түркияның астанасы Анкарадағы мейрам Ататүрік кесенесінен басталып, мемлекет және үкімет басшылары, министрлер мен саяси партия өкілдерінің қатысуымен өтеді. Жалпы бауырлас елде атаулы күндерді Ататүріктің жатқан жерінде атап өту бұрыннан дәстүрге айналған. Мереке күні қарапайым халық Түркияның алғашқы парламентінен Ататүрік кесенесіне дейін ту көтеріп, шеруге шығады. Республика күнінде әр үйде, мектептер, емханалар мен дүкендерге мелмекеттік ту ілінеді. Сәйкесінше бұл күні елде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, қала көшелерінің тыныштығын күзететін сақшылардың саны артады. Осылайша түрік елі Республика күнін қастерлеп, думандата атап өтеді.

Ал көршілес Қытай Халық Республикасы бұл күнді «Алтын апта» деп атап, мерекені жеті күн бойы тойлайды. Себебі, Қытай халқы үшін Республика күні басты мереке. 1949 жылдың 1 қазанында әлем алдында ел атынан сөйлейтін бір ғана заңды өкіл болуы керек деген шешім қабылданып, Қытай Халық Республикасы жарияланған болатын. Посткеңестік мемлекеттердің біразы ресми декларация қабылданған күнді Республика күні ретінде атап өтеді.

Мәселен, Әзербайжан Демократиялық Республикасы шығыстағы алғашқы зайырлы демократиялық мелмекет ретінде 1918 жылы 28 мамырда құрылған. Ал 1990 жылдан бастап бұл елде Республика күні ұлттық мейрам ретінде тойланады. Атаулы күні ел астанасында әскери парад өтеді. Ұлттық мерекенің құметіне Бакудегі жер асты стансасына «28 мамыр» деген атау беріліп, Әзербайжан Демократиялық Республикасының құрылуына арналған ескерткіш тақта орнатылған. Сонымен қатар, 2008 жылы атаулы күннің 90 жылдығына байланысты мерейтойлық пошта маркасы да шыққан. Республика күні Әзербайжанның түкпір-түкпірінде концерттік бағдарламалар қойылып, кешкілік отшашуға ұласады.

Бұл тек біздің мысалға арқау болған елдердің біразы ғана. Қарап отырсақ, әлем елдері Республика күнін сән-салтанатымен атап өтеді. Себебі, бұл күн ел тарихындағы, тәуелсіздік жолында жасалған алғашқы қадамы. Сондықтан бұл мереке ерекше саналады. Ал біздің елде Республика күні 25 қазан. Егемендіктің иісін шығарған декларациядан бастау алатын бұл күнді ел болып атап өту ізгі бастама.

Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан 25 қазан жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деген еді Мемлекет басшысы.

 Республика күні ел арасында тек бір күндік демалысы бар мейрам емес, тарихты танып, тағылым алатын күн болуы тиіс.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға