Ресми: ҚМДБ мәһір мен қалыңмалды біріктірді

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қалың мал мен мәһрге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мүфтияттың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы "әке еңбегі", "ана сүті" сияқты қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік мәһірге саналмайтынын айтты.
Қалыңмал – қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптық салтындағы қалыңдық үшін берілетін мал. Фиқһ кітаптарында ұзатылып жатқан қызға жиһаз әперу үшін күйеу жігіт тарапынан берілетін мал-мүлікті "дустиман" деп атайды, - деді ол.
Ағабек Қонарбайұлы осы мәселеге қатысты мүфтияттың шешімін жария етті.
Шешім: Күйеуі тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһірге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады. "Әке еңбегі", "ана сүті" секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік (кәдесый, т.б.) мәһірге жатпайды, - деп жазды ол.
Қалыңмал берілмейтін өлкелерде неке қию барысында мәһірді белгілеуі тиіс. Мәһір белгіленбеген жағдайда некесі дұрыс болады. Бірақ күйеуі мәһір-мисл береді.
