Жаңалықтар

Ресейдің Еуропа кеңесіне мүшелігін тоқтату: Қазақстан дауыс беруден қалыс қалды

Ресейдің Еуропа кеңесіне мүшелігін тоқтату: Қазақстан дауыс беруден қалыс қалды
Фото: El.kz 02.05.2023 20:01 702

Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында «Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа кеңесі арасындағы ынтымақтастық» деп аталатын қарар қабылданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР СІМ мәліметінше, бұл қарар БҰҰ Бас Ассамблеясы шеңберінде 2000 жылдан бастап «БҰҰ-ның өңірлік ұйымдармен ынтымақтастығы» күн тәртібіндегі тармақ аясында тұрақты негізде қаралады және әрқашан дауыс берусіз, консенсус негізінде қабылданып келеді.

Биылғы қарар жобасының кіріспе бөлігіне «БҰҰ мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттілігі, Ресейдің Украинаға, ал бұған дейін Грузияға қарсы агрессиядан кейінгі Еуропаның алдында тұрған сын-қатерлерге және Ресейдің Еуропа кеңесіне мүшелігін тоқтатуға байланысты» атты тармақ енгізілді.

Құжат авторлары (Исландия мен Ирландия делегациялары) қарар жобасы бойынша алдын ала кеңесулер барысында бұл кіріспе тармақ бойынша ресейлік әріптестерімен бірыңғай ұстанымға келе алмағандықтан, Ресей делегациясы ол бойынша жеке дауыс беруді сұрады, - делінген мәліметте.

Дауыс беру қорытындысы бойынша преамбулярлық параграфты 10 «қарсы» және 48 қалыс қалған 81 «қолдау» дауыспен қабылданды. Бұл тармақтың саясиланғандығын ескере отырып, Қазақстан делегациясы осы тармақ бойынша дауыс беру кезінде «қалыс қалды».

Қарар бойынша тұтастай дауыс беру барысында, Қазақстан делегациясы БҰҰ мен өңірлік ұйымдар, оның ішінде Еуропа Кеңесі арасындағы өзара іс-қимылды нығайту қағидатын «қолдап» дауыс берді. Айта кететін жайт, біздің еліміз Еуропа Кеңесімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, заңсыз шығарылған активтерді қайтару, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, конституциялық заңнаманы реформалау және адам құқықтары мен заң үстемдігінің кең спектрі аясында белсенді түрде өзара іс-қимылды жүзеге асырады, сондай-ақ оның құрылымдарының – Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссияның (Венеция комиссиясы) және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының толық мүшесі болып табылады (ГРЕКО).

Тұтастай алғанда, 38 оперативті параграфтан тұратын бұл қарардың мәні БҰҰ-ның Еуропа кеңесімен ынтымақтастығы болып табылады.

Бұл құжат, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары ұсынуға тырысқандай, Ресей-Украина қақтығысын қарастыруға арналмаған. Қарар бойынша Қазақстанның дауыс беруі Ресей-Украина қақтығысына қатысты еліміздің ұстанымымын білдірмейді. Бұл мәселеге қатысты біздің ұстанымымыз бұған дейін БҰҰ Бас Ассамблеясы шеңберінде дауыс беру шеңберінде бірнеше рет анық белгіленген болатын. Қазақстан мұндай қарарлар тараптардың арасында өзара түсіністіктің орнауына ықпал етпейтініне, керісінше тек дағдарысты одан әрі күшейтетініне және бөлу сызықтарын тереңдетеді деп пайымдайды. Жалпы, БҰҰ алаңы мемлекеттер арасындағы қарама-қайшылық орны емес, диалог пен келіссөздердің негізгі құралы болуы керек деп санаймыз, - делінген ҚР СІМ таратқан мәліметте.

Сонымен қатар ҚХР, Үндістан, Мысыр, Бразилия, Армения, Индонезия, Пәкістан және басқалары секілді Украинадағы жағдайға қатысты бейтарап ұстанымдағы көптеген елдер де қарарды тұтастай қолдап, аталған преамбулярлық тармаққа дауыс беруден бас тартты.

Қазақстан делегациясы БҰҰ Бас Ассамблеясы шеңберінде дауыс беру барысында сыртқы саяси міндеттеріміз бен ұлттық мүдделерімізге сәйкес келетін теңгерімді және қағидатты ұстанымды одан әрі де сақтайтын болады, - делінген СІМ мәліметінде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға