Ресейден Қазақстанға ақша аударымдары 24 пайызға азайды
Ресейден Қазақстанғаақша аударымдары 24 пайызға азайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ranking.kz порталының мәліметінше, биыл қаңтар-мамырда қазақстандықтар мен ел қонақтары халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы шетелге 349,2 млрд теңге жіберді. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,8 пайызға кем. Шетелден түскен ақша аударымдарының көлемі 137,6 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 23 пайызға аз.
Оқи отырыңыз:
- ҚТЖ биыл тағы 50 жолаушылар вагонын сатып алады
- Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы төмендеді
2023 жылдың мамыр айында шетелге 90 млрд теңге жөнелтілді. Көрсеткіш осы жылдың сәуірімен салыстырғанда 17,7 пайызға көп болғанымен 2022 жылдың мамырымен салыстырғанда 8,5 пайызға төмен.
2023 жылдың мамыр айында ақша аудару жүйелері арқылы шетелден 28 млрд теңге түсті. Сома биылғы сәуірмен салыстырғанда 6,5 пайызға көп. Бірақ 2022 жылдың мамырымен салыстырғанда бірден 2,5 есе төмен. Қазақстаннан ақша аудару жүйелері арқылы ақша жіберілген елдердің ішінде 2023 жылдың қаңтар-мамырында Түркия 89,5 млрд теңгемен көш бастады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8,4 пайыз аз. Екінші орында Ресей: 89 млрд теңге, 2022 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда бірден 39,8 пайыз көп. Үздік үштікті Өзбекстан түйіндейді: 81,5 млрд теңге, бір жыл бұрынғыдан 13 пайыз аз.
Сондай-ақ айтарлықтай көлем Грузияға (36,7 млрд теңге), Қытайға (11,3 млрд теңге) және Қырғызстанға (10,8 млрд теңге) тиесілі. Ақша аудару жүйелері арқылы Қазақстанға қаражат аударған елдер ішінде Ресей бірінші орында: 54,9 млрд теңге, алайда бұл 2022 жылдың қаңтар–мамырымен салыстырғанда 24,1 пайызға төмен. Сондай-ақ айтарлықтай көлем Өзбекстан (14,7 млрд теңге), Оңтүстік Корея (13,9 млрд теңге) және АҚШ-тан (13,9 млрд теңге) келді.
Айта кетейік, биыл мамырда Ресейден 10,6 млрд теңге аударылды, бұл елімізге аударылған барлық ақшаның 37,8 пайызын құрады. Бір жыл бұрын Ресейдің үлесі барлық аударымның 65,9 пайызына тең болып, 45,6 млрд теңгеге жеткен.