Жаңалықтар

Репрессия құрбандарын ақтау үшін ұрпақтарының өтініші керек - Бүркітбай Аяған

Репрессия құрбандарын ақтау үшін ұрпақтарының өтініші керек - Бүркітбай Аяған
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 31.05.2024 10:07 972

Қазақ тарихында ақтаңдақтар аз болған жоқ. Солардың ішінде ең қасіреттісі ХХ ғасырда болды. 1932 жылы қасақана жасалған ашаршылық пен ел ішіндегі зиялыларды "халық жауы" деген желеумен қырып салған 1937 жылдың қанды кезеңін ұмыту мүмкін емес. 2020 жылы Президент тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Төрт жыл бойы үздіксіз ізденісте болған комиссия былтыр желтоқсан айында қорытынды отырысын өткізді. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі комиссия құрамында болған Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанмен сұхбаттасып қайтты.

El.kz: Мемлекет басшысы тапсырмасымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия құрамында өзіңіз де болдыңыз. Сіздер негізінен зерттеу-іздеу және жинақтау-талдау жұмыстарына көбірек мән берген секілдісіздер. Осы зерттеу жұмыстарының нәтижесіне кеңірек тоқтала кетсеңіз...

Бүркітбай Аяған: Жыл басында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы өз жұмысын тоқтатты. Дегенмен біраз жұмыс ғылыми деңгейде әлі де жалғаса береді. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын арнайы ғалымдар бар. Себебі алда әлі жұмыс көп. Тексерілмеген дүниелер де жетерлік. Комиссия жұмысы сырт көзге көріне бермейді. Астанада орталық кеңсе құрылды. Аймақтық комиссиялар да болды. Олар 1917 жылдан 1991 жылға дейінгі мерзімде зерттеу жұмыстарын жүргізді. Неліктен 1991 жылға дейін десеңіз? Оған себеп бар. 1991 жылы КСРО құлады. 21 желтоқсанда ТМД ұйымы құрылды. Тәуелсіздік алдық. Басқа дәуір басталды десек болады. Біз - Кеңес дәуірін зерттеген комиссиямыз. Әр комиссияның өз бағыты болды. Бірі қуғын-сүргінге түскен азаматтардың санын белгілеумен айналысса, екіншілері ақтау жұмыстарын қолға алды. Сондай-ақ бірнеше бағытта жұмыс жасалды. Біразы орталық кеңседе отырса, басқалары аймақтарда қызмет етті. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы, Шымкент, Қарағанды қалаларында жұмыс қарқынды жүргізілді. Өз басым «Құпиясыздандыру» тобын басқардым. Комиссияның мүшесі ретінде көптеген жиналысқа қатыстым. Зерттеу жұмыстарының нәтижесіне тоқтала кетсем, былтыр 33 томдық шықты. Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай, Семей қаласында, Ақтөбеде жұмыс нәтижелі болды. Кітаптар басылып, кинофильмдер жарық көрді. Газет-журналдар мен телеарналар арқылы комиссия қызметі жайлы баяндалып отырды. Бұл - оңай жұмыс емес. Репрессиялауға бұйрықты КСРО ішкі істер халық комиссариаты берді. Оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әкесі десек болады. Ішкі істер халық комиссариаты Сталин заманында жұмыс істеді. Көптеген репрессия осы комиссариаттың мойнында. Олар адамдарды құрту, зорлау, ату, түрмеге қамауды жасырын істеді. Қанша адам қамалғанын, қанша адам атылғанын білдірмей жасады. Алматыда ішкі істер халық комиссариатының кеңсесі болды. Кеңсенің астындағы жертөледе көптеген адам атылып кетті. 1937 жылы Николай Ежовтың тапсырмасымен халық жаулары атылғаннан кейін олардың әйелдерін сотсыз, тергеусіз бірден қамауға алу бұйырылды. Ал балалары арнайы қабылдау орындарына тапсырылды. Осының барлығы заңсыз істелді. Сот үкімінсіз, ішкі істер халық комиссариаты бұйрығымен іске асырылды. Осы тектес зәбір көрген адамдар саны өте көп. Сұлтанбек Қожановтың әйелі, Жанайдар Садуақасовтың жолдасы АЛЖИР-де отырды. Сәкен Сейфуллиннің жұбайы, Ілияс Жансүгіровтың да әйелі қамауға алынды. Темірбек Жүргеновтің жары Дәметкен апай 10 жылға темір торға тоғытылды. Ол кісіні 1990 жылдары көрген едім. Ал Бейімбет Майлиннің әйелі Жаңарқа жақта отырды. Абырой болып, құрсаудан қашып құтылғандары да бар. Мәселен, басқа ұлттың әйелдері елдеріне көшіп, темір тордан аман қалған деседі. Санжар Асфандияровтың отбасы, Сергей Лапин мен Мұстафа Шоқайдың да туыстары ұсталып, түгел атылды. Десе де, нақты қанша адам ұсталғанын айта алмаймыз. Қазақстан бойынша жалпы 1,5 млн деген дерек бар. Николя Верт есімді француздық ғалым КСРО бойынша 11-17 млн-дай деген факт келтірді. Ресей, Украина, Грузия, Армениядан келген әйелдер АЛЖИР-ге қамалды. Финляндия, Польша, Германия, Австрия коммунистері осы жаққа қудаланды. Ең қызығы қарсыластармен қатар сенімді коммунистер де ұсталды. Сәкен Сейфуллин мен Тұрар Рысқұлов оппозиция адамдары емес, партия мүшелері болғанымен, оларды отбасы мүшелерімен қоса құртып жіберді. Тұрар Рысқұловтың әйелі мен енесі де АЛЖИР-да отырып шықты. Досмұханбетов отбасымен Воронежге жер аударды. Мұстафа Шоқайдың туыстарын іздеп жүріп қинағаны бар. Шымкентке келген жерінен ұстап, Мұстафаның туысысың деп айыптап, толық атып тастаған көрінеді. Белгілі ақын Олжас Сүлейменовтің әкесі Омар офицер болған кісі. Елден шығып Ташкентке бет алған тұста вокзалда ұсталыпты. Содан қайтқан жоқ. Атылып кетті. КСРО ішкі істер халық комиссариатының үйден шыға бергенде ұстайтын жаман әдеті болған. Ол ол ма, тамақ ішіп отырған жерінде де қолына кісен салатын еді. Ұстау, қинау, адамдарды атудың мыңдаған әдісін қолданып отырған. Бүкіл үрім-бұтағының соңына түскені қынжылтады. Қанша адам атылғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Бүгінде Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш қойылды.

El.kz: Комиссия жұмысының нәтижесіне байланысты ғылыми еңбектер жарияланды ма?

Бүркітбай Аяған: Көптеген ғылыми еңбек жарияланды. Былтыр 33 томдық  шықты. Қателеспесем, биыл жыл соңына дейін тағы 10-ға жуық том шығуы тиіс. Кинофильмдер де түсірілуде. Кейбір азаматтарды ақтау басталды.

El.kz: Мемлекеттік комиссия жұмысының барысында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың қандай қайраткерлері ақталды? Қандай еңбектері табылды? Бұрын-соңды айтылмаған деректер бар ма?

Бүркітбай Аяған: Біраз қайраткер 1989-90 жылдары ақталды. Мысалы Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтарды айтуға болады. Ал қазіргі кезде ақтап алу үшін заң бойынша туыстарынан, ұрпақтарынан өтініш түсуі керек. Жайдан жай ақтай салуға болмайды. Сондай-ақ, ақтау үшін арнайы комиссия, прокуратура жұмыс істеуі керек. Қағазды көтеріп, бірден ақтап алу деген жоқ. Әуелі қандай іс қозғалғанын анықтау қажет. Кей кездері істі қозғамастан-ақ атып жіберетін болған. Сол себепті ақтау үшін нақты деректер керек. Бүгінде 80 мыңға жуық адамның қағаздары ақтауға берілді. Алайда оны ақтау оңайға соқпайды. Ең ауыр атақты антикеңестік 58-бап жойылса, автоматты түрде ақталуы тиіс. Ішкі істер халық комиссариаты адамдардың көзін құрту үшін көптеген бапты заңдастырып алды. Арасында 59-бап та бар. Сол баптарды заңсыз деп табуымыз керек. Әйткенмен ол шешімді прокуратура шығара алмайды. Бұл шешім Президент жарлығымен шығады.

El.kz: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрамында болған кезде зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында қай жерлерде болдыңыз?

Бүркітбай Аяған: Польша, Ресей, Украина архивтерінде бірталай азамат жұмыс істеді. Қырғыз архивтерінен көптеген материал табылды. Сондай-ақ, қырғыз азаматтары тарапынан көп көмек болды. Олардың арқасында 1928 жылы мыңдаған қазақ Жамбыл, Шымкент, Алматы, Талдықорған, Семей, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстаннан қашып, Қырғызстанға өткен еді. Мағжан Жұмабаевтың туыстары да қырғыз еліне қашты. Міне, осындай мұрағаттар табылды. Материалдар Қазақстанға тапсырылды. Украинаға алматылық ғалымдар барды. Польша архивтерін ақтарғандар біршама. Кейіннен Ресейге барып, біраз құжат тапқандары да болды. Материал тым көп.

El.kz: Мемлекеттік комиссия жұмысы қорытындыланған кезде ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін туралы құжаттарды цифрлы форматқа көшіріп, электронды қор қалыптастырылады, оның бәрі ғалымдарға, зерттеушілерге және қалың көпшілікке қолжетімді болатыны жайлы айтылған еді. Бұл уәделер орындалды ма? Электронды қор ашылып, бұқара халыққа қолжетімді болатындай жағдай жасалды ма?

Бүркітбай Аяған: Дұрыс сұрақ. Цифрландыру – күрделі процесс. Қағаздардың көбі ескірген. Арасында сарғайғандары да бар. Кейбір қағаздар қолмен ұстаса, үгітіліп кететіндей. Десе де, цифрландыру жұмысы жүріп жатыр. Табылған құжаттарды Алматыдағы президент мұрағатына тапсырдық. Олар қор қылып жинап, электронды нұсқа ретінде дайындап, елмен таныстыруы тиіс. Айта кеткенімдей, комиссия биыл ғана өз жұмысын тоқтатты. Сол себепті кем дегенде бір-екі жыл уақыт керек дер едім. Кейбір азаматтардың кітаптары КСРО ішкі істер халық комиссариаты қоймасынан табылды. Офицерлер адамды ұстағанда үйін тінтіп, барлық қолжазбаларын, кітаптарын, суреттерін тәркілеп отырған. Қоймалардан сол тәркіленген материалдар табылды. Ендігі кезекте материалдардың кімге тиесілі екенін анықтау қажеттігі туындады. Толық сараптама жасау қажет. Қағаздағыны компьютерге түсірген абзал. Мүлдем қате жіберуге жол жоқ. Осыған орай қазақстандық қоғам тарихшы ғалымдарға алғыс айту керек деп ойлаймын. Суығына, аязына қарамастан, архивте таңертеңнен кешке дейін отыру - оңай жұмыс емес. Сол кезде Арайлым Мұсағалиева, Данагүл Махат, Әдемі Ауанасова, Еркеш Нұрпейісов, Зиябек Қабылдинов сияқты ғалымдармен бірге жұмыс істедік. Қыстың қақаған 40 градус аязында бірге архив ақтардық. Өз атымнан ризашық білдіремін. Үкімет те өз тарапынан разылығын білдірді. Ғалымдарға алғысхат берілді. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Президент алғысын жеткізді. Дегенмен жұмыс әлі де мәресіне жетпеді. Ғалымдар материал дайындайды. Билік Үкім шығарады. Заңгерлер тексеріп, қорытынды жасалады. Соңынан Парламентке немесе Президент аппаратына тапсырылады. Сон соң шешім қабылданады. Бұл - бір күндік жұмыс емес.

El.kz: Жыл сайын 31 мамыр Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтіледі. Биыл тақырып аясында қандай іс шараларға қатыспақ ниеттесіз?

Бүркітбай Аяған: Мамырдың 29-ы Қарағанды еңбекпен түзету лагеріне (Карлаг) барамыз. Репрессия – қазақ елінің басынан өткен үлкен қасірет. Зайсанда, Нарынқұлда тұрған шекара әскері Қытайдан өткен қазақтарды қырып жіберген кездер болды. Осы материалдарды таппаймыз деп қорқып едім. Сонда да таптық. Есіме бір оқиға түсіп отыр. Солтүстік Қазақстан облысында орыс отбасы тұрыпты. Отағасы діни қызметкер болып қызмет атқарған деседі. Сол кездері жұмысшылардың, шаруалардың арасында «тазарту» жасалып, ату, жою, түрмеге қамау процестері жүзеге асырылды. Әсіресе төрелер мен қожалардың соңынан түсті. Арнайы қаулылар іске асты. Сол қаулыларға сәйкес, әлгі діни қызметкерді ұстап, «совет үкіметін қостамадың» деген айыппен ешқандай сот үкімінсіз көзін жойған көрінеді. Туыстары іздеп келгенде, оларға мардымды жауап берілмепті. Соны тауып бердік.

El.kz: Мемлекеттік комиссия нәтижесі бойынша материалдарының жинағы әзірленеді. Бұл томдықты қайдан кездестіруге болады? Қандай тың деректер қамтылғанын айта аласыз ба?

Бүркітбай Аяған: Былтыр саяси репрессия нәтижесі бойынша 33 томдық кітап шықты. Комиссия жыл соңында есеп беріп, көптеген кітап шығарып отырады. Кітапта табылған құжаттардағы деректер жазылды. Қанша адам атылды, қандай іс қозғалды, қай ауданда қудаланды деген сияқты тізімдер басылып шықты. Сол тізімді көрген сайын денең түршігеді. Бірі білсе, бірі білмес Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Маметованың әкелері бай-манап деп қудаланып, атылып кетіпті.

El.kz: Комиссия жұмысы бойынша 33 томдық шықты деп едіңіз. Бұл томдықтар сатылымда бар ма?

Бүркітбай Аяған: Томдықтар сатылмайды. Оны кеңсе орталығы шығарады. Заң бойынша шыққан кітаптың барлығы облыстық кітапханаларға жіберіледі. Бюджет бойынша шыққан кітаптар дүкенде сатылмайды. Тек бюджеттік мекемелерге жіберіледі. Мәселен, музей, мұрағат және облыстық кітапханаларға жолданады. Бұл томдықтардың тиражы да көп емес:  1 мың әрі кетсе 2 мың дана. Қаралы кітапты қолыңа ұстап, парақтасаң, көзіңе жас келеді. Біз талайды көрген адамбыз. Мүлдем кінәсіз адамдар қыршын кетті. Алашорда қозғалысы туралы құжаттарды Тұрсын Жұртпай ағамыз шығарды. Ол құжаттар шындықты көрсетеді. Сол бойынша Алашорда ісі деген арнайы істер болды. Талай жазықсыз адам кінәлі деп табылды. «Осыдан 15 жыл бұрын Алаш орданың сьезіне қатыстың. Біреумен кездестің. Сталинді жамандадың» деген тәрізді айыптар тағылып, жазықсыздар жазаланды. Сталиндік террордың күшті болғаны сонша, кеңестік кезеңді көріп үлгерген қазақ халқының бойында әлі де үрей бар. Большевиктік билік адамды қорқытып тастағаны рас. Кезінде «қатты сөйлеме естіп қалады», «тыныш жүр көрініп қаласың» деп қорқытатын еді. «Әдемі киінбе, көзге түсесің» дегендер де болды. Себебі әдемі киінген адамды «байдың баласы» деп қудалаған көрінеді. Келбетіне, ата-тегіне қарап қудалай берген екен. Осыған орай жазықсыз жазаланғандарды еске ала отырып, журналистерге осы күннің маңыздылығын жыл сайын түсіндіру қажеттігіне назар аудартқым келеді.

El.kz: Сұхбатыңызға рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға