ӨРБУ
27.08.2014 19:16
3578
Дүниеде өзгермейтін нəрсе жоқ. Дүниенің табиғи, негіздің жолы өзгеріс, өзгергенде кер кетіп, кеміп өзгеру емес, ілгері басып, жеттіге, жетіле, өсіп-өне өзгеру. Мұны ғылым тілінде «еуолиіутсиа» (табиғат тағдыры) дейді.Үстіміздегі шегі, шеті жоқ көк күндіз болса дүниені жарық еткен күн, түн болса аспанда күлімсіреп тұрған ай мен жұлдыздар, іздесең тіршілігіңе керек нəрсенің бəрі табылып, анаша асырап отырған мынау жер, ол жердің үстіндегі жанды, жансыз мақұлықтар бəрі осы түрінде, осы күйінде, осы қалпында болмаған. Мəселен, жер осы тұр, осы күй, осы қалпына жеткенше, ғалымдар айтуына қарағанда, 5 – 6 мілілійон жылдар өткен. Жердің тұман сиақты буға ұқсаған замандары да болған, онан келе-келе қойылып, балқыған қорғасынға ұсаған замандары да болған. Онан бері келе тас болып қатып қалған замандары да болған. Сонан соң тас ұсатылып, үгіліп, топырақ болып жерге айналған. Жерге айналған соң су пайда болған. Су пайда болған соң өсімдік аталған түрлі жер түктері ағаш, бұта, шөптер, жануар аталған түрлі жəндіктер пайда болған. Ол айтылған жердің түктері де, ол айтылған жəндіктер де осы тұр, осы қалпында болмаған. Өзгеріле-өзгеріле келіп, осы күй, осы түр осы қалыпқа түскен. Адам да осы түр, осы кескін, осы қалыпты болмаған. Тұрмысы, істеген кəсібі, ұстаған жолы, жұмсаған білімі, тұтынған нəрсесі осы күнгідей болмаған.Адамзат адам болғаннан бері де неше мың жылдар өткен. Неше мың жылдарды өткізе, неше түрге түсіп, жеттіге, жетіле келіп, осы күнгі тұрмыс түрін тапқан. Бұл тұрмысқа жеткенше адамның тұрмысы, қалпы, салты талай өзгерген, талай құбылған. Өнер білім де талай күйді басынан кешірген, талай жанып, талай сөніп, тағы көтерілген. Бірақ ілгерінің ақылы, білімі кейінгіге қалып, кейінгілер оған қосып жамай келіп, тіршілік əдісі артылып, ақтығында өнер-білім ауданы ұлғайа, кеңи берген. Күн көріс тəсілі молайа берген. Пайдалы тəсіл алынып, пайдасыз тəсіл қалынып, тіршілікке керек білімдер атадан балаға, үлкеннен кішіге, нəсілден нəсілге қалып, білім сабасына құйылып отырған. Осы күнгі білім-өнер дегеніміз адам болғаннан бергі адам баласының тапқан тіршілікке керек əдіс-амалы. Өнер-ғылым білген адам тіршіліктің ісіне керек əдіс, амалды жақсы білген.
Күн көріс ісі оған оңай, барлық қақпасының неше есігі, неше тесігі оған мəлім. Жылдық жерден көз ашып жұмғанша жылдам қабар алып отырған, атсыз арбамен жүріп, суды балықтай кезіп, құстай аспанға ұшып отырған жұрттар ғылым мен өнер арқасында, дүниенің есік-тесігін білгендіктен істеп отыр. Бұл ғылым-өнер табиғат тағдыры бойынша аса бермек, өсе бермек. Бірақ адам баласының бəрі қатар жетілу, қатар жетігу жоқ.
Табиғат тағдырының жолы – жарыс, талас, тартыс, күрес. Бəйге өнерлі жүйріктікі, əдістінікі. Қарасақ қатар жетіліп отырған жұрт жоқ. Біреу ілгері, біреу кейін, біреу көкке ұшатын, біреулер терінің де жөндеп илеуін білмей, қаудырлаған тері мен сірі киіп отыр.
А.Байтұрсынұлы / «Ел - шежіре»
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алдар көсе мен Қожанасыр