Жаңалықтар

Райимжон Музаффаров: «Зие» өзбек жексенбілік мектебінде оқушылар төрт тілде емін-еркін сөйлеп үйренеді

Райимжон Музаффаров: «Зие» өзбек жексенбілік мектебінде оқушылар төрт тілде емін-еркін сөйлеп үйренеді
14.09.2018 11:31 5022

Мектептің ашылу тарихы

Тегінде әр ұлт өзінің тілін, тарихын, мәдениетін сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуі — заңдылық. Оны үзбей жеткізудің бір-ақ жолы бар, ол — үнемі білім беру, білім алу.  

2017 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Астана қаласындағы № 53 мектеп-лицейінде «Зиё» жексенбілік мектебінің ресми ашылуы өзбек этносы өкілдерін марқайтып, қуантқан еді.

Ашылу салтанаты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінің қарсаңында өткен шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаттары Фахриддин Қаратаев пен Кеңес Абсатиров, Астана қаласы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин, Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының бас маманы Гүлнәр Тайгокова, № 53 мектеп-лицейінің директоры Зәмзәгүл Қиянова, Астана қаласының өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің «Археология және этнология» кафедрасы әлеуметтік ғылымдар факультетінің профессоры Жамбыл Артықбаев, «Алғабас» холдингісінің негізін салушы Арыстан Жұмағали, сондай-ақ астананың этномәдени орталықтарының жетекшілері мен жастар бірлестігінің көшбасшылары қатысып, қолдау көрсеткен еді.  

Шара барысында өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының бас маманы Гүлнәр Тайгоковаға, жексенбілік «Зиё» мектебінің алғашқы директоры Райимжон Музаффаровқа, Астана қаласының өзбек этномәдени орталығы төрағасының білім және мәдениет жөніндегі орынбасары, жексенбілік мектептің тәлімгері Ихтиёра Ходжаеваға көп жылдан бері қолдау көрсетіп келгені үшін «Өзбек орталығының 10 жылдық мерейтойы» төсбелгісін тағып, құрмет білдірген-ді.

Сонымен қатар мектеп кітапханасына өзбек авторларының кітаптары тарту етіліп, кітап қоры молыға түскен.     

Жалпы мектептің ашылу мақсаты — өзбек тілі мен мәдениетін сақтап және дамыту, ана тіліне деген қызығушылықты қалыптастыру, сонымен қатар өзбек этностарын, жалпы халықты Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу.

Алғашында қоғамдық негізде жұмыс істеген жексенбілік мектеп уақыт өте келе оң нәтижесін бере бастаған соң, Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен және Астана қаласының Білім басқармасының шешімімен жексенбілік өзбек мектебі мемлекеттік қолдауға ие болды.

Қазір мектепте өзбек тілін, тарихын, мәдениетін, әдебиетін, әдет-ғұрпын және салт-дәстүрін оқытады. Сонымен қатар халық әндері мен өзбек этносының классикалық хореографиясы үйретіледі.

Тарих пен әдеп сабақтары. Бұл сабақтарда әдеп ережелері мен ерекшеліктері, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар оқытылады. Тарих сабағында Қазақстан және Өзбекстан тарихы оқытылады.

Алғашқы жылдары жексенбілік өзбек мектебіне келушілер өте аз болды. Қиындықтарға қарамастан, балаларға білім беруді И. Ходжаева үзбей жүргізіп отырды. Қазіргі кезде мектепте 50-ге тарта бала білім алуда. Ол жерге өзбек ұлтының балалары ғана келіп қана қоймай, өзге этностың балалары да келеді.

Жексенбілік мектепте балалардың білім алуына жайлы екі кабинет пен үлкен хореография залы бар. Сәйкесінше сабақ жексенбі күні таңертеңгі он бірде басталып, күндізге сағат үште аяқталады.

Қазіргі кезде жексенбілік мектепті ғалым-арабтанушы, көп жылдық еңбек өтілі бар педагог Райимжон Музаффаров басқарады. Ол ұзақ жылдар бойы түрлі білім беру мекемелерінде жұмыс істеген және бірқатар шетелдерде елшілік қызметін атқарған.  

Достық рухы жайлаған мектеп

Өзбек жексенбілік мектебінің «Зиё» деп аталуы тегін емес, аудармасы «жарық» және «ағарту» деген мағынаны білдіреді.

«Біздің негізгі мақсатымыз балаларға тек білім ғана беріп қоймай, оларды зияткерлікке, шығармашылыққа, мәдениетке және тәрбиелі тұлға болуға баулу және ең бастысы еліміздің патриоты болуына тәрбиелеу», — дейді мектеп ұстаздары.   

Сол себепті бұл жерде сабақтар қазақ, өзбек, орыс және ағылшын тілдерінде өткізіледі.

Жексенбілік мектептің мұғалімдері Севара Бахтиярқызы, Анора Аманбайқызы және Шохиста Нуридинқызы көп жылдық еңбек өтілі бар, өз істерінің үздік мамандары. Олар оқушыларының қажеттілігіне зейін қоя отырып, өзін өзі тану және өз білімін жетілдіруге көп көңіл бөледі.

Сабақ бірінші қыркүйекте басталып, әр оқу жылының жиырма бесінші мамырында аяқталады. Өзбек тілі, тарих және әдеп «одобнома» сабақтары 45 минут оқытылады, ал хореография мен ұлттық аспап доирада ойнауға уақыт көптеп бөлінеді.

Сонымен қатар балалар сабақта қазақ, өзбек әдебиетінің шығармаларын оқиды, яғни, түркітілдес ақындар мен жазушылардың өмірі мен шығармашылығымен танысады.

Оқушылардың тәрбиелік жұмысына Астана қаласының өзбек этномәдени орталығының барша ұжымы қатысады.

Жексенбілік мектеп жанында бүлдіршіндердің «Астана Ғунчалари» деп аталатын бишілер тобы бар. Олар әркез өзбек ұлтының мәдениетін сахнада үлкен ынтамен насихаттайды. Қазірдің өзінде балғын жастар жексенбілік мектеп пен өз этностарына жүктелген жауапкершілікті сезінуде.

Өзбек мектебінің бірде бірі классикалық бисіз болмайды. Сабақ кестесіндегі сүйікті пәндердің бірі — хореография сабағы. Репертуарда ең басты екі би: андижан полькасы мен лязги билері.

Хореографиядан сабақты өзбек орталығының белсендісі Мухтарамхон Мамадалиханова жүргізеді. «Астана Ғунчалари» тобының құрамында талантты бүлдіршін бишілер көп. Жарық жұлдыздар есімі — Амина Аббозова, Амира Пулатова, Гаухар Музаффарова, Зере Өмірзақ, Камила Қамбарова, Лола Усманхонова, Сарвиноз Билалова және Шахло Бахтиярова.

Мектеп оқушылары Қазақстан халқы Ассамблеясы, өзбек этномәдени орталығы мен Астана қаласының әкімдігі өткізетін барлық шараларға үздіксіз қатысады. Сонымен қатар көптеген халықаралық конкурстардан арнайы сыйлықтармен оралады.    

Өз Отанының тәрбиелі және тәлімді азаматын өсіру — әр ата-ананың міндеті. «Зиё» мектебінің оқушылары дәл солай өсіп келе жатыр десек, артық айтқан болмаған едік. Мектепте нағыз патриоттар білім мен тәрбие алып, дәл осы жерде Қазақстан халқының достығы мен бірлігі жарасымын табуда.  

          «Біз үшін ұлты маңызды емес, баланың қалауы болса, кез келген ұлттың өкілі мектебімізге келе алады», — дейді Ихтиёра Ходжаева.   

 

Өзбек тілі латын әліпбиінде

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Зиё» мектебінде балалар латын әліпбиіне негізделген өзбек әліпбиін үйреніп жатыр. Бұның балаларға да, ересектерге де пайдасы тиіп жатыр. Өйткені этностық тілді кейінгі ұрпаққа сол күйінде сақтап, жеткізуге болады.

Кесте бойынша үш-төрт сабақ өтеді. Оқу міндетті түрде Қазақстан Республикасының әнұранымен басталады. Бірінші сабақ — ана тілі.

         «Біздің ерекшелігіміз — ана тілін оқытуда бірден төрт тілді меңгереміз — қазақ, өзбек, орыс және ағылшын тілі. Біздің ұстаздар аталған тілдердің барлығын жетік меңгерген. Қыркүйек айынан бастап алғашқы айларда балалар өзбек әліпбиін латын әліпбиімен оқиды», — дейді мектеп директоры.  

         Астана қаласының өзбек этномәдени орталығының төрағасы Ш. Пулатовтың айтуынша, балаларға латын әліпбиін оқыту идеясы Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін туындаған.

Өнерлі өрендер

         Еңбек және қолөнер сабағын өзбек мектебінде «мехнат» деп атайды. Бұл жерде балалар ұлттық бас киім — тақияның тігу жолын үйреніп, өз қолдарымен ұлттық үлгіде қуыршақ жасайды.

         Қыз балалар бисер, мулине тоқу шеберлігін меңгереді. Орамал, дастарқан, кілемше, өзбек ер адамдарының ұлттық атлас белбеуі — бельбак тігуді үйренеді. Түрлі-түсті ұшбұрышты матадан көрпе тігеді. Ертеректе мұндай көрпе қалыңдықтың жасауына міндетті түрде тігілетін болған. Ұшбұрыштар неғұрлым көп болса, соғұрлым отбасында молшылық, береке мен бақыт көп болады деп есептеген.  

Қыз балалар қолөнерді меңгеріп отырғанда, ұл балалар ертеден келе жатқан өзбектің ұлттық ер адамдарының музыкалық аспабы — доираны үйренеді. Доира дабыл мен даңғараға ұқсас аспап.

«Доира — көнеден келе жатқан аспап. Түркітілдес халықтардың арасында бұл аспап әзірбайжан, түрік халықтарында кездеседі. Біздің аспаптың ағашындағы шығыршық негіздемесі талдан жасалады. Материал арнайы сұйықтыққа салынады, біраз тұрған соң ол илігеді. Оны шеңбер етіп шиыршықтап жалғайды да, оған тазаланған және өңделген қой терісін кереді. Үні айрықша шығу үшін ағашына темір сақиналар ілінеді. Соққылағанда, темір қайталанбас дыбыс шығарады», — дейді Р. Музаффаров.  

Жазғы демалыс

Жаңадан ашылған мектеп жазғы демалыс кезінде балаларды Қазақстан мен Өзбекстанның тарихи жерлеріне апаруды жоспарлап отыр. Мәселен, Тараз, Түркістан, Тәшкент, Самарқанд, Бұхара және Хива қалаларына саяхатқа шығу жоспары бар.  

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға