Жаңалықтар

Рахат-Би Абдысағин Кремль төрінде өнер көрсетті

Кремль сарайында өнер көрсеткен тұңғыш қазақ
Рахат-Би Абдысағин Кремль төрінде өнер көрсетті
30.05.2018 11:13 4856

Қазақтың Моцарты атанған – Рахат-Би Әбдісағин мемлекеттік Кремль сарайында өткен Чайковский атындағы екінші халықаралық жастар фестивалінде өнер көрсетті. Әлемнің жас әрі ең мықты музыканттары жиналған халықаралық шарада төл туындыларын орындау бақытына ие болған тұңғыш өнерпаз – елміздегі ең жас композитор, пианист, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Рахат-би Абыдсағин екенін мақтанышпен атап өтсек артық етпес.

   

Мемлекеттік Кремль сарайының Георгиевский залында өткен концерт әлемнің әр түкпірінен классикалық музыка орындаушыларының басын бір арнаға тоғыстырды. Рахат-би Абдысағин – осынау әйгілі сахнада қазақ өнерін паш еткен тұңғыш музыкант.

Андрей Щербак, П.И. Чайковский атындағы қордың жетекшісі:

– Бұл кез-келген концерттерді өткізе беретін көпшілікке қолжетімді зал емес, бұл – тек ерекше салтанатты шараларға ғана арналған әйгілі сахна. Сол себепті осы концертті ұйымдастыруға рұқсат алғанымызға өте қуанышытымыз. Рахат-би Абдысағин – өте талантты, қабілетті жігіт. Болашақта тек биіктерден көрінетініне сенімдіміз.

Рахат-би сахнада Ресей симфониялық оркестрімен бірлесіп «Воля к жизни» атты туындысын орындады. Бүгін де шетелдік сарапшылар мен музыкатанушылар жас композиторды «Қазақтың Моцарты» деп тегін атап жүрмегенін сахна төрінде тағы бір рет дәлелдегендей.  

Рахат-Би Абдысағин, композитор:

– Өз шығармашылығымды дамытуда мен музыка кеңістігі мен уақыт ағымына көбірек көңіл бөлемін. Біз 21 ғасырда өмір сүріп отырғандықтан, қазіргі дәуір – шексіз жылдамдықтың дәуірі, біз сол дәуірдің тілінде сөйлеп, ағымынан қалыспауымыз керек.

Сахнада өнер көрсеткен сәтін музыкант өзі киелі мезетке балайды. Жас композитордың өнерге деген құлшынысы мен махаббатына көрермендер тарапынан соғылған тоқтаусыз шапалақтары мен көптің қошеметі, ықыласы ақтай түскендей.  

Юрий Ткаченко, П.И. Чайковский атындағы байқаудың бас дирижері:

– Рахат-бидің өнері мейілінше жақсы әрі үйлесімділік бар деп ерекше атап айтар едім. Менің ойымша ол болашақта әрі дирижерлықты да, шебер орындаушылық пен сазегрлік өнерін сондайы-ақ оқытушылықты қатар алып жүретін үлкен өнер қайраткері болады. Оның бойындағы жан-жақтылық пен үйлесімілік оны әлі талай биік шыңдарға жетелейді.

Рахат-Би Абдысағин 31 мамырда Санкт-Петербург филармониясының үлкен залында өтетін концертте өзінің үш шығармашылық туындысын орындайтын болады.

Небәрі 10 жасында симфониялық музыка жазып, 13 жасында студент атанған, 18 жасында магистрлік дисертация қорғаған талантты қазақ баласы осы уақытқа дейін 100 астам симфониялық туындылардың авторы ретінде танылды.  

Рахат-би бір сұхбатында: «10 жасымда симфониялық музыка жазғаным, он үшімде студент атанғаным, 18 жасымда магистрлік дисертация қорғағаным – уақыттың қалауы. Өз жүйемде өзіндік уақытпен өмір сүрудемін. Әйтпесе, В.Моцарт алғашқы шығармасын 5 жасында жазған, Ф.Крейслер 7 жасында Веналық консерваторияға түсіп, 10 жасында бітірген. К.Черни 10 жасында концерт берген. Бұл өткен шақ десек, бұл заманда да сондай адамдар бар. Мәселен, Альма Дойчер бірінші шығармасын 6 жасында жазған, қазір 11-де»,- деген екен.

Рахат-би пианино ойнаудың шебері болса да алғаш домбырада ойнауды үйренген екен. Қазақтың төл өнері туралы композитор келесі бір сұхбатында: «Домбыра – біздің ұлттық аспап. Домбыраның қос ішегінде ойнай алмасам қанша жерден музыкант болсаң да, үлкен сын. Ұстазым Абдулхамит Райымбергеновтің ұлттық музыкаға қызығушылықты, құрметті бойыма сіңіре білгеніне шексіз разымын»,- депті.

Рахат-би домбырада ойнау арқылы басқа аспаптарға деген көзқарасы өзгергенін айтады. Соның әсері болса керек 2014 жылы Kazakh rhapsody («Казахская рапсодия») фортепиано мен симфониялық оркестрде ойнайтын алғашқы шығармашылық туындысын жазыпты. Автор бұл әуенді жазу барысында батыстық музыкаға шығыстың философиясын салуға тырысқанын алға тартады. Осылайша батыстың үйлесімділігінен қазақы рухты сезінуге болатынын айтады.

Рахат-би Абдысағиннің шығармалары осы күнге дейін әлемнің ең өнерсүйер саханалары Прага, Лондон, Вена, Париж, Берлин, Сеул, Анкара, Стамбул, Мәскеу, Рогашка-Слатин, Бергамо, Аркёй, Аликанте, Теулада-Морайро сынды елдерде шырқалды.

Ол – еліміздегі ең жас «Дарын» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, ТМД Парламентаралық ассамблеясның «Қазақстан мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға