ҚР Конституциясының 83-бабына түсіндірме
ҚР Конституциясы, 83-бап
1. Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Прокуратура сотта мемлекет мүддесін білдіреді, сондай-ақ заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады.
2. Республика Прокуратурасы төменгі прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға және Республика Бас Прокурорына бағындыра отырып, бірыңғай орталықтандырылған жүйе құрайды. Ол өз өкілеттігін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады және Республика Президентіне ғана есеп береді.
3. Республиканың Бас Прокурорын өз өкілеттігі мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттерді қоспағанда, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Бас Прокурор өкілеттігінің мерзімі бес жыл.
4. Республика прокуратурасының құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі заңмен белгіленеді.
Конституциялық Кеңестiң 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 «Қазақстан Рес- публикасы Конституциясы 4-бабының 1-тармағын; 14-бабының 1-тармағын, 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын, 79-бабының 1-тармағын және 83- бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы» қаулысынан:
... «прокуратура Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келе- тiн заңдар мен басқа да құқықтық актiлерге наразылық бiлдiредi» деген норма прокуратураның аталған өкiлеттiлiгi соттардың шешiмдерiне, үкiмдерiне және басқа да қаулыларына наразылық бiлдiру құқығын да қамтитынын бiлдiредi.
Конституциялық Кеңестiң 2003 жылғы 30 қаңтардағы № 10 «Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы 4-тармағын, 71-бабы 5-тармағын, 79-бабы 2-тармағын, 83-бабы 3-тармағын және 15-бабы 2-тармағын ресми түсіндіру туралы» қаулысынан:
... қол сұғылмаушылықтан айыру тәртібі, тұлға әрекетінің саралануы өзгерген жағдайда да оның сақталуын көздейді, оны тұтқынға алу және қылмыстық жауапқа тарту кезінде бұл аталған конституциялық талаптарды сақтау қажет болады.
тұтқынға алудың тәртібін және «қылмыстық жауапқа тартудың» мазмұнын айқындау заңмен реттеу нысанына жатқызылған.
Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 15 қазандағы № 8 «Қазақстан Рес- публикасы Конституциясының 54-бабын, 61-бабы 3-тармағының 1) және 3) тармақшаларын, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру мәселелері бой- ынша басқа да бірқатар нормаларын ресми түсіндіру туралы» қаулысынан:
... прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел- іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Басқа мемлекет- тік органдар қадағалау функцияларын өз құзыреті шегінде іске асыруға хақылы.
Прокуратураның конституциялық мәртебесі Конституцияның «Соттар және сот төрелігі» атты бөлімінде орналасқан жеке бапта белгіленген. Онда про- куратура органдарының құқықтық мәртебесін реттеудің заңнамалық нысаны, оларды ұйымдастыру, олардың қызметінің негізгі бағыттары мен қызмет етуі- нің принциптері, оның жоғары лауазымды тұлғасының өкілеттігінің мерзімі мен құқықтық иммунитетінің мазмұны сипатталады. Прокуратура органдарын құру, олардың құқықтылығын және қызметінің ерекшеліктері 1995 жылғы 21 желтоқ- сандағы Прокуратура туралы Заңда толық реттелген.
1. Прокуратура қызметінің басты бағыты оның Республика аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентi Жарлықтарының және өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң дәл және бiрыңғай қолданылуына жоғары қадағалауды мемлекет атынан жүзеге асыруы жөніндегі функциясы болып табылады.
Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтары, танылып, оларға кепілдік берілетін, өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк ретiнде орнықтыратын мемлекет жағдайында заңдылық құқықтық қатынастардың кез келген субъектісінің аса маңызды әрі мызғымас принциптерінің бірі болып табылады. Заңның үстемдігін танып, қаралып отырған конституциялық норма мәні бойынша мемлекеттік билік органдарының жүйесінде прокуратураның орнын белгілейді. Бақылау қызметі әлеуметтік басқарудың міндетті құрамды компоненті болатыны ескеріліп, прокурорлық қадағалауды өзге мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларынан бөлектейтін, тек мемлекет атынан және барлық мемлекет шегінде ғана жүзеге асырылатын жоғары қадағалау сатысы болып танылатын прокуратура спецификасына назар аударылады.
«Жоғары қадағалау» құқықтық санатын түсіндіргенде, «жоғары қадағалау» ұғымы мемлекеттік органдар жүйесіндегі прокуратура органдарының мәртебесін аса дәл белгілейтініне назар аударған жөн. Отандық конституциялық-құқықтық ғылымда «жоғары қадағалау» ұғымы «қадағалау» ұғымына қарағанда прокуратураның функцияларын көбірек білдіретіні туралы пікір айтылған.
Құқықтылықтың кең аясымен, сондай-ақ заңдылықты бұзу фактілеріне прокурорлық ден қою актілерін орындауды қамтамасыз етудің пәрменді тетігімен кепілдік берілетін мемлекет атынан прокуратураның қадағалау қызметінің жоғары деңгейін атап, ол түрлі көздерде қамтылған құқықтық нормаларды сақтау, орындау және пайдалану саласында қолданылатындығын ерекше көрсеткен жөн.
Прокурорлық қадағалау объектісіне нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ құқық қолдану нысанында құқықты іске асыруды орындайтын уәкілетті органдар мен тұлғалардың жеке қолдану актілері де жатады. Құқық қолдану аясы қоғамдық қатынастардың мемлекеттік саласымен шектелмейді, сондықтан прокурорлық қадағалау объектісіне мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың, оның ішінде меншіктің түрлі нысандарын пайдаланатын және түрлі басқару құрылымдарына ие болатын қоғамдық және өзге де ұйымдардың және олардың лауазымды тұлғаларының тиісті актілері жатады.
Прокуратура заңдардың, Президент Жарлықтарының және өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң дәл және бiрыңғай қолданылуына жоғары қадағалауды жүзеге асыруға тиіс. Құқықты дәл қолдану деген оны нормативтік құқықтық актілерде мазмұндалған құқықтық ережелерге толық сәйкес жүзеге асыру қажеттілігін білдіреді. «Бірыңғай қолдану» деген ұғымға келетін болсақ, онда құқық қолдану нысанындағы құқықты іске асыру ерекшеліктері белгіленген.
Құқық қолдану, іс жүргізу әрекеттерінің (немесе рәсімдерінің) жиынтығын көрсетіп, біріншіден белгілі бір құқықтық жағдайларда және кезекпен жүзеге асырылады, екіншіден, жеке мағынадағы іс жүргізу құқықтық актіні қабылдау құқық қолданудың соңғы кезеңі болып табылады. Демек, прокурорлық қадағалаумен кепілдік берілетін нормативтік құқықтық актілерді бірыңғай қолдану заңнамада біркелкі (мазмұны бойынша ұқсас) құқық қолдану қызметінің субъектілеріне белгіленген іс жүргізу нысандарына оның сәйкестіктігін қамтамасыз етеді.
Жедел-iздестiру қызметiнiң, айқындау мен тергеудiң, әкiмшiлiк және атқарушылық iстер жүргiзудiң заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асыру прокуратура органдары қызметінің басқа маңызды бағыты болып табылады. Қадағалаудың белгіленген салаларында заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі прокуратура органдарының өкілеттігі Прокуратура туралы заңмен ғана емес, Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңмен, ҚР ҚІЖК-мен, ҚР ӘҚБтК, Қылмыстық-атқару кодексімен, сондай-ақ ведомстволық нормативтік актілермен де реттеледі.
Прокуратура кез келген заңдылықты бұзуды анықтау және жою жөнінде шаралар қабылдайды. Осы нормада қоғамдық қатынастардың кез келген салаларында, бірақ қолданылып отырған өкілеттік шегінде іске асырылатын заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі прокуратураның саладан тыс функциялары белгіленеді.
«Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне прокурорлық қадағалау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2002 жылғы 5 тамыздағы № 5 қаулысында прокуратура заңдылықтың кез келген бұзылуын жою жөнінде өзiнiң заңмен белгiленетiн құзыретi шегiнде шаралар қолданады деп көрсетілген. Заңдылық тәртібін қамтамасыз етуді мемлекеттік қызметтің маңызды бағыттарының бірі ретінде тани отырып, Конституциялық Кеңес мұндай өкiлеттiк прокуратураға ол жүргiзетiн прокурорлық қадағалаудың барлық нысандары мен түрлерiнде тиесiлi болуы мүмкiн деп белгілейді.
Прокуратураға Республиканың Конституциясы мен заңдарына қайшы келетiн заңдар мен өзге де құқықтық актiлерге наразылық келтіру құқығы берілген. Прокуратура туралы заң осы құқықтылықты нақтылай отырып, прокурор Конституцияға, заңдарға және Республика Президентiнiң актiлерiне қайшы келетiн нормативтiк және өзге де құқықтық актiлерге, мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне наразылық келтіретіндігін қарастырған.
Талдау жасалып отырған конституциялық нормада қандай құқықтық актілер туралы айтылатыны нақтыланбайды, бірақ прокуратура туралы заңда нормативтік актілер туралы, сондай-ақ көрсетілген субъекттердің әрекеттері білінетін нормативтік емес сипаттағы актілер туралы да айтылады.
Прокуратура құқық қолдану практикасында нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен белгіленген сатысын сақтауды қамтамасыз етіп, конституциялық заңдылық пен елдегі заңдылық принциптерін іске асыруға кепілдік беруге тиіс.
«Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының 1-тармағын; 14-бабы- ның 1-тармағын, 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын, 79-бабының 1-тармағын және 83-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы» Конституциялық Кеңестiң 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 қаулысында Қазақстанның қолданылып жүрген құқықтарына қатысты «өзге нормативтік құқықтық актілер» тізбесі белгіленді, сондай-ақ прокуратураның аталған өкілеттігі өзіне соттардың шешімдеріне, үкімдеріне және өзге де қаулыларына наразылық бiлдiретіні түсіндірілген.
Конституцияға және заңға қайшы келетін заңдарға наразылық білдіруді іске асырудың құқықтық тетігі болмағандықтан, прокуратураның тәжірибесінде бүгінгі күнге дейін ондай оқиғалар кездеспеген. Ұзақ уақыт ішінде ғылыми жұртшылық пен практиктердің талқылауының мәні болған осы құқықтық мәселеге1 Конституция- лық Кеңес «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» 2008 жылғы 23 маусымдағы Жолдауында назар аударды.
Мемлекеттің қызмет етуінің қазіргі замандағы жағдайында прокуратура қызметінің осы бағытының өзектілігі, мемлекет атынан жоғары қадағалауды жүзеге асыруға мүмкіндік берілетін прокуратура органдарының конституциялық мәртебесі оның конституциялық емес заңдарға, сондай-ақ қайшы келетін заңдарға наразы- лық білдіру жөніндегі құқықтылығын іске асырудың құқықтық тетігін белгілеу қажеттілігін болжайды. Наразылық келтірудің құқықтық тетігін анықтау кезінде Мемлекет Басшысына есеп беруде көрінетін мемлекеттік органдар жүйесінде прокуратура органдары орнының ерекшелігін, сондай-ақ бүгінгі күні қолданылатын Бас прокуратураның Конституциялық Кеңеспен және Парламентпен өзара ықпалдасуының құқықтық негіздері мен практикалық тәжірибесін ескеру қажет.
Прокуратура сотта мемлекет мүддесін білдіреді, сондай-ақ заңда белгіленген жағдайларда, тәртіпте және шекте қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
Жоғарыда аталған Конституциялық Кеңестің 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 қаулысының дәлелдеу бөлігінде осы норма прокурорға сотта мемлекет мүддесiн бiлдiру мiндетiн жүктейдi, бұл оның iс жүргiзу өкiлеттiгi аясын кеңейтедi.
Прокурордың қылмыстық, азаматтық және әкімшілік сот ісін жүргізуге қатысу шарттары, сондай-ақ оның сотта мемлекет мүддесін білдіруі, оның ішінде заңдық күшіне енген сот шешімдеріне наразылық келтіру жөніндегі өкілеттіктері тиісті іс жүргізу кодекстерінде, сондай-ақ ҚР ӘҚБтК толық белгіленген.
Прокуратура туралы Заңға сәйкес, прокурор өзiнiң iстiң сотта қаралуына қатысу-қатыспауына қарамастан, соттың (судьяның) заңды күшiне енбеген заңға сәйкес келмейтiн немесе негiзсiз шешiмiне, үкiмi мен өзге де қаулысына жоғары тұрған сотқа наразылық беруге құқылы. Бас Прокурор сот практикасында заңнаманы қолдану мәселелері бойынша қабылданатын Жоғарғы Соттың конституциялық емес немесе заңдарға сәйкес келмейтін нормативтiк қаулысына наразылық келтіре алады. ҚР ҚІЖК-не кезең-кезеңмен енгізілген өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде прокуратура органдарының қылмыстық қудалау саласындағы құқықтылығы елеулі кеңейтілді.
Ерекше жағдайларда, тергеудің толық және объективті болмауының фактілерін, істің күрделілігі мен маңыздылығын белгілеу кезінде Бас Прокурор топтың басшысы ретінде прокурорды тағайындап, алдын ала тергеуді жүзеге асыратын бірнеше органдардың тергеушілері арасынан тергеу тобын құрайды. Осындай тергеу тобы жүзеге асыратын тергеудің заңдылығына қадағалау жүргізу Бас Прокурорға жүктеледі.
Қылмыстық істер бойынша алдын ала тергеуді прокурорлар тікелей жүзеге асыра алады. Ерекше жағдайларда, тергеудің толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында алдын ала тергеу органының өтініші бойынша немесе өзінің бастамасы бойынша прокурор істі алдын ала тергеу органының біреуінен басқасына ауыстырады немесе өзінің іс жүргізуіне қабылдап, оны белгіленген соттылыққа қарамастан тергейді (ҚІЖК-нің 191-бабының 12-тармағын қараңыз).
Алдағы онжылдыққа белгіленген Қазақстанның құқықтық саясат тұжырымдамасы сотқа дейінгі іс жүргізуде прокурорлардың рөлі мен жауапкершілігін, оның ішінде қоғамға аса қауіп төндіретін және күрделі қылмыстар туралы қылмыстық істерді прокуратура органдарының тергеуі арқылы одан әрі арттыруды көздейді. Қылмыстық қудалауды жүзеге асыру саласында прокуратураның позициясын және бір уақытта жауапкершілігін күшейтудің көрсетілген беталыстары оның жүйесіндегі құрылымдық өзгерістер перспективасын болжайды.
2. Республиканың прокуратурасы төмен тұрған прокурорлардың жоғары тұрған прокурорларға бағыныштылығын ескеріп, органдар мен мекемелердің бірыңғай орталықтандырылған жүйесін құрайды.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасын Бас Прокурор басқарады, оның жүйесіне Бас прокуратура, облыстар прокуратуралары, Алматы және Аста- на қалаларының прокуратуралары, ауданаралық, аудандық, қалалық және оларға теңестірілген әскери және басқа да мамандандырылған прокуратуралар кіреді. Мамандандырылған прокуратураларға әскери, табиғат қорғау, көліктік, сондай-ақ арнайы объектілер прокуратуралары жатады.
Прокуратура органдары жүйесінің біртұтастығы прокуратура мақсатының, міндеттерінің және функцияларының бірлігінде, оның құрылуының ортақ ұйымдастырушылық негіздерінде көрінеді.
Прокуратураның орталықтануы прокурорлардың бағыныштылығы мен қызметінің мынадай принциптерінде көрінеді: жоғары тұрған прокурорлардың ұйымдастыру және қызметі мәселелері бойынша нұсқамаларының міндеттілігі; төмен тұрған прокурорлар жоғары тұрған прокурорлар алдында қызметтік міндеттерін орындағаны үшін жауапты болады; қажет болған жағдайларда жоғары тұрған прокурорлар төмен тұрған прокурорлардың өкілеттіктерін жүзеге асырады; жоғары тұрған прокурорлар төмен тұрған прокурорлардың актілерінің күшін жоя алады, оларды кері қайтарып ала алады немесе өзгерте алады; жоғары тұрған прокурорлар төмен тұрған прокурорлардың әрекеттері мен актілеріне жасалған шағымдарды шеше алады.
Заңда белгіленген негіздер мен тәртіпте шығарылған прокурорлық қадағалау актілері барлық органдар, ұйымдар, лауазымды тұлғалар мен азаматтар үшін міндетті болып табылады. Прокуратура өзінің қызметін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалардан, саяси партиялардан және өзге де қоғамдық ұйымдардан тыс жүзеге асырады. Прокуратура басқа органдарды, ұйымдарды ауыстырмайды әрі олардың қызметіне және азаматтардың жеке өміріне араласпайды.
Прокуратура органдарының қызметіне олар өздерінің өкілеттігін жүзеге асыруы кезінде араласуға тыйым салынады. Прокурорға оның өкілеттігін жүзеге асыруға кедергі жасау немесе оның заңсыз шешім қабылдауы мақсатында оған қандайда бір нысанда ықпал ету, сондай-ақ прокурордың қаулыларын, ұйғарымдарын, нұсқамаларын, талаптарын орындамау заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соқтырады.
Прокурор оның іс жүргізуіндегі істер мен материалдардың мәні бойынша қандайда бір түсіндірмелер беруге, сондай-ақ заңда көзделген жағдайлар мен тәртіпті есептемегенде, ешкімге оларды танысу үшін беруге міндетті емес.
3. Сенаттың келісімімен Бас Прокурорды қызметке Президент тағайындайды және қызметтен босатады. Бас Прокурор өкілеттігінің мерзімі – бес жыл.
Республиканың Бас Прокурорын өз өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған жағдайда болмаса, Сенаттың келiсiмiнсiз тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазаға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
Бас Прокурорды қызметіне тағайындауға, сондай-ақ оны иммунитеттен айыруға келісім беру, мәселе Палатаның салалық тұрақты комитетінің отырысында алдын ала талқыланғаннан кейін Парламент Сенатының отырысында жүзеге асырылады. Егер Сенат дауыс берудің өзге тәртібін белгілемесе, шешім ашық дауыс беру арқылы Палата депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Президент ұсынған кандидатура қабылданбаған жағдайда, Сенат шешімінде толық дәлелдемелер көрсетілуге тиіс.
Республика прокуратурасы Президентке ғана есеп береді. Оның есептілігі Мемлекет Басшысының белгіленген кезеңділікке сәйкес, кемінде тоқсанына бір рет Бас Прокурордың есебін тындау арқылы елдегі заңдылық жай-күйі мен прокуратура органдары қызметінің нәтижелері туралы қажетті ақпаратты білу құқығында көрінеді (қараңыз: Президент туралы Конституциялық заңның 13-бабының 3-тармағы).
4. Конституцияның түсініктеме беріліп отырған бабында көрсетілген прокурорлық қадағалаудың негізгі бағыттары, прокуратура органдарын ұйымдастыруды, оның қызметінің тәртібін, сондай-ақ құзыретін толық белгілейтін «Прокуратура туралы» Заңда өз дамуын тапты.
Конституциялық өкілеттіктерден басқа, осы Заңның реттеу аясына адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын, заңды тұлғалар мен жалпы мемлекеттің мүдделерін сақтауға қадағалау жүргізу, сондай-ақ мемлекеттің өзге құқық қорғау органдарына қатысты прокуратураның үйлестіру функциялары кірді. Қызметтің белгіленген бағыттарының өзектілігі 2010–2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында аталған, онда барлық қадағалау функцияларына іс жүргізу кепілдіктерін күшейту орындылығы ғана емес, сондай-ақ елдің құқық қорғау жүйесінің өзегі болып табылатын прокуратураның үйлестіру қызметін арттыру қажеттілігі көрсетілген.
Прокуратура биліктің сот тармағына кірмегендігімен, оның конституциялық сипаттамасы Конституцияның «Соттар және сот төрелігі» бөлімінде жүзеге асырылған. Прокуратура туралы конституциялық нормалардың аталған орынға орналасуына байланысты көптеген сұрақтар туындайды, атап айтқанда, бұнын себебі не, осыған орай прокуратура биліктің сот тармағына жататындығы туралы қорытынды жасауға бола ма, мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының бірлігі мен бөлінуінің қолданыстағы жүйесі тұрғысынан прокуратура органдарының заңдық сипаты қандай деген сұрақтар.
Тәуелсіз Қазақстанның 1993 жылғы Конституциясында прокуратура мәртебесі Конституцияның «Прокуратура» деп аталған жеке (он жетінші) бөлімінде белгіленген болатын.
Қазіргі кезеңдегі конституциялық реттеудің жағдайы, сірә, 1995 жылғы Конституцияның жобасын әзірлеу кезінде басым болған, шет елдерде пайдаланылатын прокуратураның міндеті мен функцияларын қысқартып белгілеу, сондай-ақ оған ілескен сот пен прокуратура органдарының конституциялық мәртебесін біріктіріп реттеу практикасы беталысын ескеру көзделген болған.
Прокуратура органдарының мәртебесін белгілеу нұсқалары әр алуан, тиісінше, прокуратура қарауының мәнін белгілеуде, сондай-ақ прокуратураны ұйымдастырудың универсалды моделінде бірлік жоқ.
Кеңестік дәуірден кейінгі кеңістікте заң ғылымында мемлекеттік билік құрылымындағы прокуратура органдарының орнын белгілеуде де түрлі пікірлер бар. Мысалы, прокуратураны биліктің атқарушы, бақылау (қадағалау-бақылау) немесе президенттік тармақтарының құрамды бөлігі (немесе қажетті элементі) ретінде қарастырады. Кейбір жағдайларда прокурорлық биліктің болуын негіздейді немесе, керісінше, прокуратураның сот ведомствосына бағыныштылығын негіздеуге тырысады. Прокуратура биліктің бөлінуін қамтамасыз ететін тежемелік пен тепе-теңдік тетігі элементтерінің бірі болып табылады деген пікір де айтылды.
Мемлекеттік билік жүйесінде прокуратураның рөлі мен орнын ғылыми түсіндіру нәтижелерінің кең аясын, сондай-ақ қандай да бір мемлекеттің органда- ры мен лауазымды тұлғаларының құзыретін белгілеуде қандай да бір шаблондарды қолдану мүмкін еместігін ескеріп, қаралып отырған мәселелер бойынша прокуратура туралы отандық заңнаманың конституциялық және өзге де нормаларын талдауға негізделген ұстанымдарын белгілейміз.
Біріншіден, сот ісін жүргізуге қатысу және сотта мемлекет мүддесін білдірудің өзге де нысандары қазақстандық прокуратура құзыретінің бір бөлігі ғана болғандықтан, прокуратура сот билігінің жүйесіне кірмейді.
Екіншіден, прокуратураға ерекше құқықтылықтар беріліп, ол тәуелсіз қызметінің кепілі болып табылатын биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарынан бірдей қашықтықтағы ел Президентіне есеп береді.
Үшіншіден, прокуратура мемлекеттік билікті иеленген орган болып табылады, Прокуратура туралы заңның прокуратура органдарының қызметкерлері мемлекеттік билік өкілдері болатындығын және мемлекет қорғауында болатындығын көздейтін норманың мазмұны осы пікірді формальды түрде растайды (50-баптың 1-тармағы).
Мемлекет атынан функцияларды жүзеге асыру құқығы берілген мемлекеттік органдардың орталықтандырылған жүйесін құрайтын прокуратура мемлекеттік биліктің қызмет етуінің қажетті элементі болып табылады. Осы жағдай, бір уақытта қоғам мен мемлекет алдындағы қызметінің нәтижелері үшін прокуратура жауапкершілігінің жоғары дәрежесін білдіреді.
Төртіншіден, жоғарыда аталған жағдайлар, келешекте прокуратура органдарының конституциялық мәртебесін жеке (сот жүйесінен бөлек) реттеу орындылығын негіздейтін ғалымдар мен практиктердің пікірін қолдауға мүмкіндік береді.
Прокуратураның тек оған ғана тиесілі өкілеттіктері, функционалдық бағыттылығы және әлеуметтік-саяси жағдайлармен, сондай-ақ мемлекеттік дамудың міндеттері мен нақты қажеттіліктерімен болжанатын оған тән әдістері болғандықтан, прокуратура өзінің заңдық сипаты бойынша мемлекеттік биліктің қандай да бір тармағына бағынышты бола алмайды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының ғылыми-практикалық түсіндірмесінен үзінді