Жаңалықтар

Қызылша жұқтырудың қаупі: адам соқыр болып қалуы мүмкін

Қызылша жұқтырудың қаупі: адам соқыр болып қалуы мүмкін
Фото: © Pixabay.com 09.02.2024 07:34 725

Қазақстанда соңғы айларда қызылша жұқтырғандар күрт көбейді. Жыл басталғалы бір айдың ішінде-ақ 22 мың адамның қызылша жұқтырғаны расталса, оның ішінде 17 мыңы бала екені анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Дәрігерлер ауырған балалардың басым көпшілігі вакцинация жасатпағандар деп отыр. Сондықтан мамандар ата-аналарды балаларына екпе жасатуға шақырады.

Сонымен, қызылшаның симптомдары қандай, ол қалай жұғады, ол асқынып кетсе, салдары қандай болуы мүмкін, қандай дәрі-дәрмек қабылдау керек және екпе жасату неліктен міндетті екеніне сарап жүргізіп көрелік.

№1. Қызылша дегеніміз не?

Қызылша дегеніміз ­– бұл вирус тудыратын жедел жұқпалы ауру. Ол балалар арасында жиі кездеседі және қауіпті болып саналады. Бұл ауру көбіне дене қызуымен және бөртпелермен сипатталады. Қызылша негізінен балалар арасында таралған инфекция болып саналса да, ересек адам да оны жұқтыруы мүмкін, әсіресе вакцинация алмаған адамдардың ауырып қалу қаупі жоғары.

№2. Симптомдары

әлсіздік;

дене қызуының көтерілуі;

қабақтың ісінуі;

бас ауруы;

ұйқысыздық;

мазасыздық;

тәбеттің болмауы;

шырышты шығаратын ауыр ринит;

құрғақ жөтел;

конъюнктивит;

алғашқы белгілер пайда болғаннан кейін үш-сегіз күннен кейін денеде бөртпе пайда болады.

№3. Ауру қалай жұғады

Вирус ауа тамшылары арқылы, яғни ауру адамның сілекейі арқылы сөйлесу, жөтелу және түшкіру кезінде таралады.

№4. Инкубациялық кезең қанша уақытқа созылады

Аурудың қалыпты жағдайында үш кезеңді бөле-жарып айтуға болады: катаральді (бастапқы), бөртпелердің пайда болу кезеңі және реконвалесценция (қалпына келтіру) кезеңі.

Қызылшаның алғашқы белгілері аурудың катаральді сатысында пайда болады, ол ұзаққа созылмайды: тек үш-бес күн аралығында. Осы уақытта ұйқышылдық, тез шаршағыштық, жөтел және мұрыннан су ағу пайда болуы мүмкін. Дене температурасы да аздап көтерілуі мүмкін. Бұл кезеңдегі негізгі белгілердің бірі ­– ауыз қуысында тістердің түбінде бөртпелердің пайда болуы. Бұл ауруды ерте анықтауға және науқасты оқшаулауға көмектеседі. Бұл кезеңде ауру дамиды, жөтел күшейеді, дене қызуы көтеріліп, тіпті 40 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Катаральді кезең бөртпелердің пайда болу сатысына ауысады. Бұл кезеңде баланың денесінде бөртпе пайда болады. Алғашқы дақтарды құлақтың артында және шаш өсетін бас терісінен кездестіруіңіз мүмкін. Содан кейін олар бетке, мойынға және кеудеге таралады. Екінші күні бөртпе иықтың, қолдың және арқада пайда болады, содан кейін ішке таралады. Үшінші күні саусақтарға шығады.

Қызылша жағдайында бөртпе кезеңінің аяқталуы дене қызуының жоғарылауымен, интоксикация көріністерінің және катаральді белгілердің жоғарылауымен бірге жүреді. Науқасты тексеру кезінде артериялық гипертония, тахикардия, бронхит немесе трахеобронхит белгілері анықталады.

Реконвалесценция кезеңі. Науқастың жағдайы бөртпе пайда болғаннан кейін үш-төрт күн ішінде жақсарады. Дене температурасы тұрақталып, бөртпе жоғалады. Толық қалпына келгенге дейін адамды ұйқы басып, ашуланшақ болады, сонымен қатар өзін шаршаңқы сезінуі мүмкін.

№5. Қызылша белгілері анықталған жағдайда не істеу керек

Егер аурудың белгілері пайда болса, сау адамдарға жұқтырмас үшін айналаңыздағы адамдармен байланысты дереу тоқтату керек. Тездетіп дәрігерге барған дұрыс. Науқасқа нақты диагноз қою үшін дәрігер оны қан мен зәр анализіне жібереді. Қажет болса, басқа зерттеулер де тағайындалады. Сондай-ақ дәрігерлер қызылшамен ауырған барлық адамды 21 күн бойы тексереді.

№6. Ауру неге әкелуі мүмкін

Егер ауру асқынып кетсе, қызылша вирусы пневмонияның, энцефалиттің, сондай-ақ менингиттің дамуына әкелуі мүмкін. Науқастың көру қабілеті нашар болса, қызылша соқырлыққа әкеп соғуы да ықтимал.

Сондықтан асқындырып алмас үшін дәрігерге уақтылы бару маңызды.

№7. Қызылшаны қалай емдейді

Бұл жұқпалы аурудың нақты емі жоқ. Инфекция кезінде науқас төсек демалысын сақтап, көп мөлшерде сұйықтық ішуі керек. Дәрігер антипиретиктерді, мұрын бітелуіне және тамақ ауруына қарсы дәрі-дәрмектерді, сондай-ақ қақырық түсіретін дәрілер мен дәрумендерді тағайындай алады. Егер жағдай нашарласа, науқас ауруханаға жатқызылуы мүмкін.

Бөртпелерге ештеңе жақпаған жөн. Денені бөлме температурасындағы сумен шаю жеткілікті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға