Жаңалықтар

Қызылорданың астана болғанына 100 жылдық мерейтой республика көлемінде аталып өтеді – қала әкімі

Қызылорданың астана болғанына 100 жылдық мерейтой республика көлемінде аталып өтеді – қала әкімі
Фото: syrboyi.kz 10.02.2025 16:31 346

Осыдан тура 100 жыл бұрын, 1925 жылы 9 ақпан күні Қазақ АКСР орталық атқару комитеті төралқасы мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке (қазіргі Қызылордаға) көшіру туралы шешім шығарды.Қазір аймақта шараны лайықты атап өтуге байланысты жоспар құрылып, жыл бойы жасалатын жұмыстардың кестесі түзілді.Осы орайда El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатовпен тарихи тойдың маңызын арттыратын шаралар жөнінде сұхбаттасқан еді.

Нұржан Сәбитұлы: Биыл қаламыз үшін ерекше жыл. Тарихтан жақсы таныс, 1925 жылы 15 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің V-сьезі ашылып, күн тәртібіне екі мәселе қойылды. Бірі – ұлтымыздың «қазақ» деген атауын қайтару болса, екіншісі – Ақмешітті Қызылорда қаласы деп атауға қаулы қабылданды. Осы қаулыны жүзеге асыру мақсатында Қызылорда уездік қалалық атқару комитеті 1925 жылы 30 мамырда барлық мемлекеттік мекеме, кооперативтік және басқа да ұйымдарға мөр, мөртабан, мекеме мандайшаларындағы атауын 1 ай көлемде «Қызылорда» деп өзгертуді міндеттеді.

Қызылорданың астана болғанына 100 жылдық мерейтой республика көлемінде аталып өтеді – қала әкімі

Міне, осы Қызылорда – біздің қасиетті қаламыз. Олай дейтінім, қазақ зиялыларының табаны тиген, құнды ізі мен ілкімді ісі қалған, астана мәртебесімен маңызы сақталған, ұлттық мерейіміз ұлықталған, қазақ этнонимі қайта жанданған жасампаз жылнама осы қаладан қанаттанды. Қызылорда атауы да өте астарлы, кең мағыналы. Ал, түп төркінінде Қызылорда сөзі «Алтын орда» мағынасын білдіреді. Қызылорда атауын съезде көпшілікке ұсынған ұлт мақтанышы Сұлтанбек Қожанов болса, оны ойлап тапқан жерлесіміз Қоңырқожа Қожықов екен. Тапқырлықпен табылған қала атауы әліге дейін өзінің биігін аласартпай, жарқын жолынан жаңылған емес.

El.kz: Дұрыс. Енді мерейтойды өткізу барысын баяндасаңыз. Елдің назарын қандай қызықты да, тартымды тақырыптарға бұру жоспарланған.

Нұржан Сәбитұлы: Алдымен бұл мерейтойды республика көлемінде жоғары деңгейде атап өтуге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев барынша мән беріп отыр. Яғни, облыс басшысының тікелей қолдауымен торқалы тойдың тарихи тереңдігін, ұлтымыздың ұлы мақсаттарына сай келетін келелі шаралар бар.

El.kz: Нақты...

Нұржан Сәбитұлы: Мерейтойға арналған имидждік өнімдер шығару, «Қызылорда – Алаштың жүрегінде» кітабы жазылу үстінде. Республикалық ғылыми-танымды конференция, аламан айтыс өткізу, анимациялық мультфильм әзірлеу, түрлі мәдени-көпшілік шаралар жасау жоспары жасалды.

Өздеріңізге белгілі, 1925 жылы Қазақстан туралы «Годовщина KACCP» атты алғашқы деректі фильм Қызылордада жарыққа шықты. Сол секілді М.Әуезов атындағы драма театрының қазығы 1926 жылы 13 қаңтарда  Қызылорда қаласында қағылды. Ол Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» драмасымен ашылды. Осындай елдік рухты оятқан қаламыздан қонақтарымыз рухани мол рәуіш алады деп ойлаймын. Тағы бір айрықша атайтын оқиға, қалада С.Сейфуллин, Б.Майлин, І. Жансүгіров, А.Оразбаева тұрған үйлерде ескерткіш тақтал ілінген. Ендігі кезекте, Алаш арысы Мыржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апайдың айтуынша, 1925 жылдан 1929 жылға дейін бұрыңғы Садовая, 7, кейінгі Селиверстова, 17 үйде Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов тұрған. Сол үйге енді ескерткіш тақта орнату ойымызда бар.

Қызылорданың астана болғанына 100 жылдық мерейтой республика көлемінде аталып өтеді – қала әкімі

Әрине, басты жоспардың бәрін қамту қазір мүмкін емес. Негізінен аталған шаралар ұлттық ұйысудың, тарихты тірілтудің феномені болса деп тілеймін.

El.kz: Нұржан Сәбитұлы, қазір қала еліміздегі ең таза шаһарлардың қатарына кіреді. Көшелердің кеңейіп, заманауи ғимараттар салынып, көрікті келбеті қалыптасты. Мұнан бөлек, үлкен той алдында қала тынысына қосымша қандай жаңашылдық леп қосылады?

Нұржан Сәбитұлы: Тойға тарту ретінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимараты, заманауи стандарттарға ие «Қызылорда Арена» стадионы ел игілігіне беріледі. Бұл - бірінші.

Екіншіден, халықтың өмір сүру салтын жақсарту бағытында қалалық мәдени және демалыс паркіне жаңғырту жұмыстары басталса, осындай баянды бастама бойынша Тұңғыш Президент, Денсаулық, Батырхан Шөкенов атындағы саябақтары мен Қорқыт Ата мемориалы аллеясында жүргізілетін болады. Жалпы, биыл Қызылорда қаласын дамытуға байланысты 142 ауқымды жобаны жүзеге асыруды алдымызда зор міндет ретінде қойып отырмыз.

El.kz: Жақында Қызылорда қаласының астана болғанына және «Қазақ» атауының қайтарылуына 100 жыл толуын мерекелеуді өткізу жөніндегі жұмысшы топтың жиынында жергілікті ғалымдар мерейтойға бағытталған жаңа аллея салуды ұсынды. Бұған не айтасыз?

Нұржан Сәбитұлы: Мұндай маңызды ұсыныс өте орынды. Облыс орталығынан «Тұңғыш астанаға 100 жыл» аллеясын ашу туралы ойымыз бар. Сәтін салса, ол да бола жатады.

El.kz: Әңгімеңізге рахмет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға