Жаңалықтар

Қызылордалықтар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене кірісті

Қызылордалықтар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене кірісті
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі 10.04.2024 12:00 8363

Елімізде 8 сәуірде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Бүгінде бес аптаға созылатын науқанды іске асыру жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Өңірлерден алғаш болып Қызылорда облысы үн қосты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жерлестерін осы акцияға белсенді атсалысуға шақырған болатын. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігі қызылордалық белсенді азаматтардың акцияға қатысты пікірін білді.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай облыс әкімінің үндеуіне сәйкес Сыр өңірінде «Таза Қазақстан – таза аймақ» экологиялық науқаны басталып кеткенін айтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді көркейту, көгалдандыру, тазалау мәселесіне қатысты үлкен бастама көтерді. Біздің оқытушыларымыз бен студенттеріміз Президенттің бастамасын қолдап, университеттің Ботаникалық бағында ағаш көшеттерін отырғызып, тазалық жұмыстарын жүргізді. 100-ден астам студент пен аға буын оқытушылар 500-ге жуық ағаш көшеттерін отырғызды, - деді ол.

Жандос Базартай елімізде тазалықпен байланысты акцияларды жиі өткізіп тұру маңызды деп есептейді. Акцияға қатысқан жастар экологиялық тәрбие алады, сондай-ақ олардың табиғатты қорғауға деген белсенділігі артады.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» деген бес түрлі тақырыпқа арналып отыр. Енді жоғарыда аталған жоспарға сәйкес әрекет ететін болсақ, еліміздің тазаруына, көркейуіне үлес қосамыз, - дейді проректор.

«Сыр медиа» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Марат Аралбаев акцияға «Сыр медианың» қызметкерлері белсене атсалысып жатыр дейді.

Біз ғимараттың айналасына талдар егуді, тазарту жұмысын жүргізуді бастап кеттік. Одан бөлек Қызылорда қаласын көркейту жұмысына да кірісетін боламыз. Өзіміздің қаламызды өзіміз тазаламасақ, сырттан келіп ешкім тазалап бермейді, - деді ол.

Марат Аралбаев «Сыр медианың»  негізгі жұмысы халықты ақпараттандыру болғандықтан, олар барынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы туралы ақпараттарды шығарып жатқандарын айтады.

Қазіргі таңда халықтың тазалық жағынан мәдениеті қалыптасып келе жатыр деп ойлаймын. Әлі де қоқысты жерге тастап кететіндер бар. Бірақ олардың қатары азайды. Қызылорда қаласында тазалық жағынан біраз тәртіп орнаған. Шетелден келген қонақтар «қандай таза қала» деп таңғалып кетеді. Қызылорда қаласы еліміздегі таза қаланың біреуіне айналды деуге болады, - дейді бас директордың міндетін атқарушы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға