Жаңалықтар

Қызылордалық өнертапқыш электр энергиясын қажет етпейтін генератор ойлап тапты

Өнертапқыш «Мәңгілік қозғалтқыш» моделін патенттеді
Қызылордалық өнертапқыш электр энергиясын қажет етпейтін генератор ойлап тапты
Фото: жеке мұрағат 28.10.2022 13:35 3624

Қызылордалық өнертапқыш Марат Палмахов осыдан бір жыл бұрын өздігінен электр және сумен қамтамасыз ете алатын автономды генераторды жасап шығарды, деп хабарлайды El.kz.

Жақында өнертапқыш ойлап тапқан техникасына патент алды. Айтуынша, генератордың көмегімен шалғайдағы ауылдарды электр қуатымен және сумен қамтамасыз етпек ниетте. Бұл техниканың қыр-сырын зерттеуге жеті жыл уақыты кеткенін айтты.

«Мұндай ой Экспоның болатын уақытында ойға келген дүние. Содан кейін халыққа пайдалы дүние ойлап табуды шештім. Әсіресе, судан, электр энергиясының жетіспеушілігі сияқты мәселелер шалғайдағы ауылдар да жиі кездеседі. Бірінші соларды қамтамасыз етпекпін. Генератордың ерекшелігі осында жел, су, электр энергиясы мен отынды қажет етпейді. Және өздігінен жұмыс жасайды», - дейді өнертапқыш.

Оның идеясына елдің беделді университеттері, соның ішінде Nazarbaev университеті қызығушылық танытты. Артықшылығы, дизайн мен жұмыс принципін қолдану оңай және үлкен шығындарды қажет етпейді. Сондықтан оны жеке өнеркәсіптік өндірісте пайдалануға мүмкіндік бар.

«Тағы бір айта кетерлігі, генератор экологиялық материалдардан жиналады және қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Толығымен автономды, оның жұмысы сыртқы факторларға тәуелді емес. Сондай-ақ, генераторға техникалық қызмет көрсету оңай. Яғни, күрделі жөндеуді, мамандарды қажет етпейді. Жоғарыда айтқанымдай, генераторды кез-келген климаттық жағдайда қолдануға болады», - деп атап өтті өнертапқыш иесі Марат Палмахов.

Бір сөзбен айтқанда, генераторды электр беру, байланыс, су құбырларының жақын өтетін желілері жоқ ауылдар, елді мекендер, фазендтер, фермерлік шаруашылықтар еркін қолдана алады. Қызмет көрсету жағынан құны қымбат күн батареяларынан асып түседі.

Жас өнертапқыштан ендігі жоспарын сұрағанымызда, өнерін әрі қарай дамыту мақсатында мемлекеттен қолдау күтетінін тілге тиек етті. Және мемлекет қолдауымен өз елімізде өндіріс ашып, осындай қажетті техникаларды әлі де жасап шығармақ ниетте.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға