Қызылордада жол апатынан көлік ішінде қысылып қалған адам құтқарылды

Қызылорда қаласында жол-көлік оқиғасынан автокөлік ішінде қысылып қалған 40 жастағы азамат құтқарылып, жедел жәрдем мамандарына тапсырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 3 наурызда сағат 11.30 шамасында Тәуелсіздік даңғылы бойында болған. Сол аумақта «Volkswagen Passat» және «Chevrolet Cobalt» маркалы автокөліктер соқтығысып қалған.
Жол-көлік оқиғасы бойынша тиісті құжаттар жинақталып, сараптамалар тағайындалуда.
«Төтенше жағдайлар қызметіне жол-көлік оқиғасынан 1 адам қысылып қалғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар 1984 жылы туған азаматты «Volkswagen Passat» автокөлігінен авариялық-құтқару құралдарын пайдаланып, шығарып алғаннан кейін жедел жәрдем қызметіне тапсырды», - деп жазылған Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта.
