Қызылордада жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары күшейтілді

Қызылордада өткен аптада «Заң және тәртіп» акциясы аясында «Қауіпсіз аймақ» атты рейдтік іс-шара өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оған жергілікті Полиция департаментінің 20 қызметкері, сондай-ақ облыстық Қоғамдық даму басқармасы мен Жастар ресурстық орталығының 10 қызметкері қатысты.
Рейд барысында облыс орталығындағы жастар жиі жиналатын ойын-сауық орындары, соның ішінде «Джо бар», «Веном», «Хан», «Табакофф» клубтары мен бірнеше кинорум залдары тексерілді.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің мәліметі бойынша, 10-16 ақпаны аралығында Қызылорда қаласында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың, қылмыстың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген жұмыстар жүргізілді.
Суреттер: Қоғамдық даму басқармасы
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132-бабы бойынша «Джо бар», «Гравити», «Кумар», «Шишка», «QWERTY» ойын-сауық орындарының 5 кәсіпкеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
127-бап негізінде 5 жасөспірімнің ата-анасына балаларына тиісті деңгейде қарамағаны үшін әкімшілік шаралар қолданылды.
Барлық білім беру мекемелерінде буллинг, кибербуллинг, құқық бұзушылық пен топтық төбелестің алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
