Қызылордада 12 адам Қырым-Конго қанды безгегін жұқтырған

Қызылорда облысында биыл Конго-Қырым қанды безгегіне шалдыққандар саны 12 адамға жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыста жыл басынан бері кене шаққан 1 023 адам медициналық көмекке жүгінген. Бұл азаматтар 14 күн бойы медициналық бақылауда болды.
Науқас адамдардың 6-ауы Жанақорған, 3-еуі Шиелі аудандарында тұратыны анықталса, Қармақшы, Сырдария мен облыс орталығында ол 1 жағдайдан тіркелді. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық-энтомологиялық зерттеу жүргізіліп, залалсыздандыру жұмыстары жасалды, - деп мәлім етті облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Биыл аталған аса қауіпті ауру бойынша облыста 106 елді мекен қолайсыз болып белгіленді. Осыған орай кенеге қарсы көктемгі өңдеу жұмыстары жоспарлы түрде 2 кезеңмен облысымыздың барлық ауданы мен Қызылорда қаласындағы қолайсыз елді мекендерде жүргізілді. Залалсыздандырудың алдағы кезеңін 16 тамыздан бастап жүргізу жоспарланып отыр.
