Жаңалықтар

«Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту жұмыстары басталды

Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі мәлім етті
«Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту жұмыстары басталды
Фото: Total.kz 23.11.2022 16:10 3508

Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин биыл атқарылған жұмыстың алдын ала қорытындыларын шығарып, келесі жылға жоспарлармен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарымен жалпы қолданыстағы 11 мың шақырымнан астам автожол қамтылған.

«Республикалық желі бойынша 4 мың шақырымда құрылыс және реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр, соның 1,2 мың шақырымын аяқтаймыз. Күрделі және орташа жөндеумен шамамен 3 мың шақырым жол қамтылды, соның 900 шақырымына жуығында жұмыстар мәресіне жетті. Жергілікті автожолдар желісіне тоқталар болсам, жөндеудің барлық түрімен 4,6 мың шақырым жол қамтылған, соның 2,6 мың шақырымы аяқталады», – деді Төлеген Абдуллин.

Осылайша, жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91%-ға және жергілікті желі бойынша 85% ға дейін жеткізілетін болады деп жоспарлануда.

Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин брифингте сондай-ақ биыл ұзындығы 72 шақырым болатын «Подстепное – Федоровка» автожолының екі учаскесін реконструкциялау жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Қалған 2 учаскеде қаражат тарту есебінен қаржыландыру мәселесі пысықталуда.

Бұдан бөлек биыл Қызылорда облысының аумағы бойынша «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту басталғанын хабарлады. Ал Ұлытау облысының аумағындағы қалған учаскелер бойынша мердігерлік ұйымды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ жекелеген учаскелерде жобалау сметалық құжаттамалар әзірлеу жұмыстары аяқталуда. Аталған жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн.

«Әлеуетті жобаларға тоқтала кетсем, жобалау процесінде 3 жаңа жоба бар. Атап айтқанда, Орал қаласының оңтүстік-батыс айналма жолымен «Атырау-Орал», «Жезқазған-Қарағанда» және «Ақтөбе-Ұлғайсын». Жобалау жұмыстарын 2023 жылы аяқтау көзделіп отыр. Бұдан соң құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарлануда», – деді Комитет төрағасы Т. Абдуллин.

2023 жылғы жоспарға сәйкес жолдардың нормативтік жағдайын арттырып, сақтау үшін шамамен 3,5 мың шақырым жол жөндеумен қамтылмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға