Жаңалықтар

Қызылорда облысында 20 жыл құлдықта болғанын айтқан адам сөзін жоққа шығарды

Қызылорда облысында 20 жыл құлдықта болғанын айтқан адам сөзін жоққа шығарды
Фото: Видеодан алынған кадр 06.02.2025 10:49 469

Осыдан бірер күн бұрын Қызылорда облысы Қазалы ауданының Ақсуат ауылында тұратын отбасы әлеуметтік желіде 20 жыл құлдықта болғанын айтып, жанайқайын жеткізген еді. Олар сол өңірге белгілі кәсіпкерден жылдар бойы қорлық көріп келгенін жеткізген. Дегенмен енді отбасының қожайыны Қожагелді Жалғасбаев сөзінен бас тартып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы жаққа 2004 жылы көшіп келдім. Ағайын адамбыз ғой. Құлдықта болған жоқпын. Ағайын болған соң, жай жұмсайды, көмектесеміз ғой. Ренішім жоқ. Үйімді алып беремін деп отыр, мал бермекші, - дейді Қожагелді Жалғасбаев.

Жергілікті блогер Үйтолған Жареке әкесі «қолын шапты» деген сөзінен де тайқып отыр. Шөп турағыш шайнап кетті деп ақталды. Бірақ жұмыс уақытындағы жарақат кезінде рәсімделуі тиіс құжаттар жасалмаған дейді.

Бұлар мал иесі байға бөтен емес, туған нағашысы екен. Қарақалпақстанда жағдайы болмай жүрген жерлерінен алдырған. Осы жұмысты беріп, бас-көз болып отырған. Ешқандай еңбек келісімшартынсыз, құжатсыз. Момынның есебін қу табады демей ме? Әйтпесе анасының туған бауырына осыншалық жаны ашымастық көрсету үшін ол жиеннің жүрегі қандай болуы керек? Бүгін: «Нағашы мен жиен татуластық. Ағайын арасы кикілжің еді. Малшы отбасына жылдар бойы мал бақтырып келген жиені үй алып беріп, еншісін беріп бөлек шығарып жатыр», - деген ақпарат келді. Ағайын араласады. «Қол сынса, жең ішінде, бас сынса, бөрік ішінде» деп қазақшылықтары еске түсе қалады. Осы отбасы құм арасы құладүзде бейнетке батып, есесі еленбей жүргенде қайда сол қазақшылықтарың? Енді сол алып берген үйде тұрып қатарға қосылып кетсін, - дейді блогер.

Бұған дейін Жалғасбаев 24.kz тілшісіне берген сұхбатынжа 20 жыл бұрын «жұмыс тауып беремін» деген уәдемен отбасымен бірге шекарадан алып өткенін мәлімдеген еді. Содан кейін 20 жыл бойы жергілікті кәсіпкер жалғыз өзін ғана емес, жолдасы мен бала-шағасын да қара жұмысқа жеккенін айтқан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға