Жаңалықтар

Қызметкерлерге қойылатын талаптардың бірі - қазақ тілін жетік білу – кәсіпкер

Қызметкерлерге қойылатын талаптардың бірі - қазақ тілін жетік білу – кәсіпкер
Фото: instagram.com/dulat_tastekey 10.04.2023 09:40 2132

Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «TAS Group» қаржы компаниялар тобының басшысы, кәсіпкер, меценат Дулат Тұрсынұлы Тастекеевпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 - Дулат Тұрсынұлы, уақыт тауып сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін рахмет. Сұхбатымызды бизнестегі ұлттар достығына арнасақ қарсы болмассыз деп ойлаймын. Сіздің бизнесіңізде қандай ұлт өкілдері қызмет етеді?

- Бізде бүгінгі таңда әртүрлі ұлт өкілдері бар: орыс, кәріс, ұйғыр, өзбек ұлтының өкілдері, одан басқа аз ұлттардың қанша барын білмеймін, бұлар қазақстандағы кеңсемізде, ал, біздің бизнесіміз Ресейде және Өзбекстанда да бар. Ол жақта сол елдердің негізгі халқы - Ресейде орыс ұлты, Өзбекстанда өзбек ұлты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ онда біздің қазақтар да қызмет етіп жүр. Бізде осындай жағдай. Яғни компаниядағы қызметкерлердің 90% астамы қазақтар. Мұнда мәселе ұлтқа бөлінгендік емес, бізде қызметкерлерге қойылатын талаптардың бірі қазақ тілін жетік білу. Соған да байланысты шығар, біздің білікті қызметкерлердің негізі қазақ ұлтының азаматтарынан қалыптасып отыр.  

- Бизнес саласында өзге ұлт өкілдері мен қазақ кәсіпкерлерінің достығы қалай көрініс табуда?

- Соңғы кездерде мынадай «әрбір жетістікке жеткен қазақ кәсіпкерінің кемінде бір кәріс досы болады» деген әзіл әңгіме айтылып қалады. Бұл шындыққа да сай келеді (күледі). Мысалы, бізде бизнесмендер деген топ бар. Оған кіретін 30-ға жуық адам. Оның ішінде орыстар, кәрістер, ұйғырлар, украиндер де бар, осы Алматы облысының адамдары. Онда ұлтқа бөліну деген жоқ. Бірақ шыны керек, олардың барлығы жиналған жерде қарым-қатынас тілі - орыс тілі. Ал енді одан бөлек, мен Ресейде Сколковода оқыдым, ол жақта басқа ұлттың кәсіпкерлерімен араластым. Ал қазіргі оқып жатқан Харвард бизнес мектебінде (АҚШ) әлемнің 40 мемлекетінен келген түрлі ұлттың кәсіпкер өкілдері. Жалпы кәсіпкерлерде ұлтқа бөліну деген болмайды. Адамның жеке басында болмаса, бір-біріне қарым-қатынаста «сен қай ұлттың өкілісің?» деген түсінік өте сирек байқалады.

- Құдайға шүкір дейік, елімізде тыныштық бар. Осында тұрып жатқан барша ұлт өкілдерінің берекелі тіршілік етуінің негізгі факторы неде деп ойлайсыз. «Халықтар достығы» дегенді қалай түсінесіз?

- Иә, жалпы біздің қазақтың қонақжайлығы ерекше ғой. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» демекші, қонақжайлық - қазақтың болмысына біткен сипат. Біреудің бетінен алу, жағасына жармасу, қоқан-лоқы жасап, күш көрсету дегендей әрекеттер біздің халықтың болмысында жоқ. Әрине басқа кезде, жалындап тұратын сәттеріміз де болады, оны жасырмаймыз.

Мен 30-дан астам мемлекетті аралаған екенмін, кейде салыстырамын, біздің елде осы жағдай қалай болды деп. Біздің бір ерекшелігіміз топ адам болып отырып, ортамызға басқа бір ағылшын келсе, біз ағылшын тілінде сөйлесуге тырысамыз. Орыс келсе орыс тілінде сөйлесе кетеміз. Бұл біздің басқаға деген құрметіміз. Бұл өзге этностардың ашаршылық, репрессия, соғыс жылдарынан кейін елге келіп сіңісіп кету процесі, негізгі мемлекетқұраушы халық - қазақтың басқаға деген қамқорлығы.

Ата-әжесі көшіп келген, өздері осы жерде туып-өскен басқа ұлттың талай өкілдерімен араласамыз. Олардың «егерде елдің шетіне жау тиетін болса, біз қару алып осы Қазақстан үшін тұрамыз, қасық қанымызды береміз» деген сөздері біздің көңілімізді марқайтады. Сондықтан бұл қазақ халқының бауырмашылдық, достыққа деген жақындық сипатының нәтижесі деп ойлаймын.

Қызметкерлерге қойылатын талаптардың бірі - қазақ тілін жетік білу – кәсіпкер

- Русофобия бар дегендерді кезіктірдіңіз бе?

- Иә, мынаны қараңыз, «русофобия», «синофобия» деген түсінік бізде болған және болады да. Синофобияны Кеңес дәуірі кезінде тіпті күшейтті. «Қара қытай қаптайды, сол кезде ақырзаман болады» деген сияқты әжелеріміздің, үлкен кісілердің айтып жүргені ол идеологияның бір тармағы. Негізі Кеңес дәуіріндегі басым халықтың басқа халықтарға бізді қарсы қоюында. Бұл жерде ол жақтан еш қауіп келмейді деген дұрыс емес шығар. Себебі біз екі алпауыт мемлекеттің ортасында тұрғаннан кейін, біз бәрібір түсінуіміз керек, адамның көңілі «бірде көл, бірде шөл». Сол сияқты әр елдің көңілі әр кезде әртүрлі болатынын естен шығармауымыз қажет.

Қазіргі геосаяси ситуацияда не болып жатқанын көріп отырмыз. Мына сөздің бетін аулақ қылсын, бірақ «өгіздің басына туған күн, бұзаудың басына да туады» деген түсінік бар. Сондықтан мұндай жағдайдың болмайтындығына ешкім кепілдік бере алмайды. Ол қай жақтан болса да. Сондықтан да әрдайым күші көп адамдар озбырлығын жасауы мүмкін, сол озбырлыққа жол бермеу үшін, біз өзімізде жылдан жылға адами капиталымызды күшейтіп, мемлекет ретінде нығайып, қауқарымызды көтере беруіміз керек. Әйтпесе русофобия мен синофобияның бары рас, оны жоққа шығара алмаймыз. Себебі ол қасымызда тұрған тәуекел, ол қауіп-қатер. Одан сақ болып, сақтанып жүруіміз керек деп ойлаймын.

- Дұрыс айтасыз, әсіресе әлеуметтік желілерде осыны көбірек айтып, ұлтараздықты қоздырып отыратындар бар ғой. Оның орнына керісінше ұлттар арасындағы ынтымақты дәріптеу үшін не істегеніміз жөн?

- Әрине, ол белгілі бір саяси топтардың мүддесі, сол мүддені қуалап отырған адамдардың дүниесі. Қарапайым халық үшін ол керек емес. Кезінде мен туып өскен ауылда немістер қаншама уақыт тұрды. Соғыстан кейін келген немістерді біздің халық өзінің бауырына басып, кейін бір-бірімен құда-құдағи болып, кәдімгідей бір елдің азаматтары болып өсті. Себебі оларға араздасудың, бір-бірімен жауласудың еш қажеті жоқ еді. Балалардың арасында «сен фашистсің» деп айтып, жылатып тастаған кездер болған шығар, бірақ оның артында ешқандай зілі, астары болған жоқ. Қарапайым халық үшін бейбіт өмірдің анағұрлым қажет екендігі түсінікті.

Ал соғыс дегеніміз не? Ол елдің үлкен табиғи немесе басқа да ресурстарына сол қарапайым халықтың көз жасымен қол жеткізу. Тіпті псевдопатриоттық сезімдер де сол кезде оянады. Кезінде мен бір профессормен қатты сөзге келіп, ренжісіп қалған едім. Себебі ол кісі «патриотизм дегеніміз - соғыс кезінде қараша халықтың қолымен байлардың билігі мен өктемдігін сақтап қалу» деп айтып еді. Бұл сөздің мүлдем мәні, мағынасы жоқ деп айтуға да келмейді. Егер тарихтағы соғыстарға зер салатын болсақ, бір патша мен екінші патшаның соғысында қырылып өліп жатқан қараша халық. Олар не үшін соғысып жатыр? Елді, жерді қорғаймыз деді, ал ел мен жер кімге тиесілі? Ол сол патшаларға тиесілі деген түсінік бар. Енді оның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Сондықтан да мұндай ұлтараздықты қоздыру, осындай ситуацияны үрлеп-үрлеп тұтатып, маздату, ол белгілі бір топтардың мүддесі. Қарапайым бейбіт халықтың мүддесі емес. Себебі ертең қақтығыс не соғыс болса, сол қарапайым халықтың ұлдары мен қыздары бірінші жапа шегеді. Ал артта тұрып жел беріп, ысқырып отырған адамдардың түгі де кетпейді.

- Сонда бірлікті насихаттау үшін не істеуіміз керек?

- Сондықтан да біз бірлікті насихаттау үшін өзімізден бастауымыз керек. Біз осы уақытқа дейін достықты көріп, бірліктің пайдасын біліп келе жатқан халықпыз. Мысал үшін, көрші отырған Алексейдің немесе Кимнің мұрнын қанатқаннан бізге еш пайда жоқ. Себебі балаларымыз бірге ойнап, «көрші ақысы, Тәңір ақысы» деп біріміздің үйіне біріміз қонаққа барып жүрген адамдармыз. Олар бізді сыйлап тұрса, біз де оларға соған лайықты ілтипат білдірсек, ол татулықтың әлдеқайда нәтижелі болатындығына сенімдімін.

- Дұрыс айтасыз. Өткен жылдары ҚР Президенті Қ.Тоқаев бір сөзінде «Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деген болатын. Президентіміздің бұл пікіріне не дер едіңіз?

- Мен бұл пікірге толықтай қосыламын. Екі қолымды көтеріп қолдаймын. Өзімнің де тіліміздің болашағының сенімді, тұғырлы болуына қосып жатқан аз да болса үлесім бар деп білемін. Жалпы тілін жоғалтқан халық өзін де жоғалтады. Өзін жоғалтқан халық, тарихтан да жойылады. Оған нақты деректер бар, қаншама тілдер, мемлекеттер бар тарихтан жойылып кеткен. Аты бар да заты жоқ елдер бар, өз халқының 90% өз тілінде сөйлемейтін. Көрші отырған елдердің ішінде де басқа жерлерде де түрлі этностар бар, оны көзбен көріп те жүрміз.

Тіл деген мемлекеттің тұғыры, елдің негізгі халқы - қазақ халқының символы, мақтанышы және тірегі. Тәуелсіздігінің баянды болатындығының, мәңгілік ары қарай халық ретінде қалыптасатындығының дәлелі.

Жақында ғана Алматы қалалық мәслихат депутаты болып сайланған соң, сол мәслихаттың болатын іс-шараларында, жиындарында мен өз тарапымнан барлық дүниенің мемлекеттік тілде болуына депутат ретінде талап қойып, бір-екі отырыстарда өзімнің позициямды білдірдім. Себебі біз басқа ұлттарды қолымыздан келгенше сыйлауға тырысамыз, бірақ солай екен деп әрдайым солардың ығына жығыла беретін болсақ, онымыз болмас.

Біз бірінші кезекте өзіміздің ана тілімізге құрмет көрсетейік, содан кейін қонақтарды сыйлайық. Алдымен өзімізге құрмет көрсетпей, қашанда өзгенің ығына жығыла беретін болсақ, онда біздің тілімізге деген сұраныс, қажеттілік болмайды. Қажеттілік пен сұраныс болмаса оған деген қызығушылық мүлде болмайды. Өзге тұрмақ өзіміздің бала-шағамыз да, қазірдің өзінде қалыптасып қалған тренд, жаңадан тілі шығып жатқан балалардың интернеттегі, әлеуметтік желілердегі контентке байланысты тілдері шығуда. Әке-шешесі қазақша сөйлеп тұрса да, таза қазақ ауылында туып-өсіп жатқан балалардың тілдері басқа тілде шығып жатқан жағдайлар бар. Өз көзіммен көрген соң ішім құлазиды. Үйдегі балаларға да сәт сайын «қазақша сөйле, қазақша сөйле» деп отырмасаң олар да басқа жаққа ауып кетуі мүмкін. Сондықтан бұған да ерік-жігер, күш керек.

Бұл популизм мен саяси мінберге шыққанда сөйлейтін сөз емес. Қазіргі сәттен бастап бұл нәрсеге шындап көңіл бөлмейтін болсақ, бұл қазақтың дертіне айналып кетуі мүмкін. Қазіргі буынды басқа тілде жіберіп алатын болсақ, ертең оларды өзгерте алмаймыз. Олардың тілін қайта қазақшаға әкелу өте қиын болады. Бала қай тілде сөйлейтін болса, ертең сол тілдің сойылын соғатыны анық. Оны кезінде Әлихан Бөкейхан бастаған аталармыз айтып кеткен. Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес.

Тілімізді дамыту үшін кәдімгідей жүйелі түрде дайындалған, ертең жүзеге асатын бағдарлама - идеология керек. Сондықтан да Президенттің бұл сөзін толығымен қолдаймын.

Жаңа өзіңіз де байқаған боларсыз, жұмысқа жиналған азаматтарымызбен тек қазақша жиын өткіздік. Біз қаржы компаниясымыз. Қазақстанда осындай он компания болса, соның ішінде қазіргі таңда 6-шы орында тұрған ұжымбыз. Мына тұрған бізден басқа 9 компанияның біреуі жиналысты қазақ тілінде өткізсе мен мұрнымды кесіп берейін. Біздің еліміздегі үлкен қаржы компаниялары, тіпті банктердің үлкен басшыларының жиналысы 99,9% орыс тілінде өтетініне мен сізге кепілдік беремін. Бізде соңғы екі жылдан бері барлық жиналыстарымыз қазақ тілінде өтеді. Бұның бәрі тілге деген сұраныстың пайда болуына өзіміздің тарапымыздан жасалып отырған әрекет.

Қызметкерлерге қойылатын талаптардың бірі - қазақ тілін жетік білу – кәсіпкер

- «Сөзіңіз аузыңызда», өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне, жалпы қазақ халқына деген ниеті қандай? Өзіңіздің ұжымды мысал ретінде алайық.

- Енді бұл жерде бұған дәл қазіргі уақытта баға беру қиын. Бұрынғы мен қазіргі жағдайды салыстыратын болсақ, қазір қоғамдағы статус бар деген сияқты, соған байланысты менің көзімше қазақ тіліне қарсы шығып жатқан азаматтарды көрмедім. Көрсем, мен де оларға қарсы шығар едім. Бұрынғы кезде басқа тілді білмегеніміз үшін күлкіге қалған сәттерміз болғанын жасыра алмаймын.

Ал қазір қазақ тіліне деген дұрыс пікір қалыптасуы үшін әрбір қазақ өзін өткениетті, дамыған, білімді, дәулетті адам ретінде қалыптастыратын болса, қазақ тіліне жасаған бірінші жанашырлық көмегі сол болар еді. Киген киімі, жүрген жүрісі, тұрған тұрысы, істеген ісі, барған жері, мінген көлігінің өзі, оған жұрттың сырттан сүйіспеншілікпен қарайтын көзқарасын қалыптастыру қажет.

Өзінің ана тілінде әдемі, таза сөйлесе, істеген ісі соған сай болса, адамдар оған сырттай қарап қызығар еді. Өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ оған қарап қызығуы керек. Сол кезде, яғни қызығушылық, еліктеушілік туған кезде тілімізге деген сұраныс та пайда болады. Сұранысты әрине заң жүзінде бекітіп жасауға болады, бірақ ол қамшымен кірген нәрсе бір сәтте-ақ сытылып шығатын дүние. Ал сүйіспеншілікпен, қызығушылық сезімімен кірген дүниені шығару қиын. Сондықтан бұл жерде жалпы көзқарас дұрыс деп ойлаймын. Міне біртіндеп-біртіндеп 32 жылға аяқ басып барамыз ғой, осы жылдар ішінде біз ешкімді қумадық, қатты қысастық жасаған жоқпыз. Жасамаймыз да. Бірақ та өзіміздің келелі қадамдарымызбен осыны ары қарай бір кісідей болып жалғастыруымыз керек.

- Жақсы, енді Сіздің болжамыңыз бойынша қазақ тілі қашан бизнес тілі болады деп ойлайсыз?

- Қазіргі таңда біздің байланыс орталығына қоңырау шалатын азаматтардың 60% қазақ тілінде қызмет алады, басқасы басқа тілде қызмет сұрайды. Біз 100% қызмет көрсетуге дайынбыз. Сол басқа тілде қызмет сұрап отырған азаматтардың 90% өзіміздің ұлттың өкілдері. Мен оған кепілдік бере аламын. Енді қараңыз, қазақ тілі қашан бизнес тілі болады дейсіз. Ол үшін әрбір тұтынушы, Сіз бен біз дүкеннен азық-түлік, телефон немесе киім сатып алған кезде қызметтің қазақ тілінде берілуін талап етуіміз керек. Оны Президент, Парламент, Үкімет қамтамасыз ете алмайды. Егер тұтынушының тілі қазақ тілінде болатын болса, бизнесте басқа варинат жоқ. Ол өзінің клиенті үшін тұтынушысы қай тілде сөйлейді, сол тілде қызмет істейтін болады. Олар осыған дейін өзге тілде бизнесін жүргізіп, тауарын емін-еркін сатып келген болса, оларға шығынданып қазақ тілді адамдарды жалдап, оларды оқытып артық шығын жасау бизнесменге не үшін керек? Керек емес қой?

- Иә, ойыңыз орынды.

- Сондықтан бизнестен тілді тұтынушы талап етуі керек. Бизнесті қазақша сөйлететін қарапайық халық. Ал қараша халық ойлауы мүмкін, бизнесті қазақша сөйлететін мемлекет немесе өкімет деп. Олай емес. Мемлекеттің жеке меншік бизнеске араласуына қақысы жоқ. Біз бизнесті қолдауымыз керек деп жатырмыз. Қазір мемлекет тарапынан барып «сен мына тілде сөйле» деп қысастық жасайтын болсақ, ол заңға қайшы болады. Ал егер де тұтынушы барып, маған өз тілімде қызмет көрсет дейтін болса, ол заңға қайшы емес. Сондықтан әрқайсымыз дүкенге кіргенде сатушының ығына жығылып, сол сөйлеп тұрған тілде сөйлеп, ақшамызды беріп кете беретін болсақ, ол солай болып қала береді. Ал егерде біз әрқайсымыз тұтынушы ретінде «маған қазақ тілінде қызмет етіңіз» деп талап ететін болсақ, сол кезде бизнес те қазақ тілінде сөйлейтін болады. Оған бірінші жауапты халық, ал халық дегеніміз клиент.

- Түсінікті. Өзіңіз шет елдерде, атап айтсам Францияда оқыдыңыз, Америкада білім алып жатырсыз. Шетелдің осы саладағы тәжірибесін зерттеп көрдіңіз бе?

- Иә, мысал үшін айтайын, Францияда француз халқына ағылшын тілінде сөйлесеңіз, саған қырсығып француз тілінде жауап береді. Француздарда ондай сипат бар. Бәрінде емес. Еуропада бар, бірақ француз халқында ол ерекше білінеді.

Ал енді Америка Құрама Штаттарына келетін болсақ, ол жерде бірінші тіл ағылшын тілі, одан кейін испан тілі қолданылады. Кейбір штаттарда, мысалы Флорида штатында креол деген тіл бар. Ол қара нәсілді ұлттар мен француздың қосылған ерекше тілі. АҚШ-тың кейбір жерлерінде тіпті ағылшын тілін білмейтін адамдар тұрады. Мысал үшін Нью-Йорктің Брайтон-Бич деген ауданы таза орыс тілділердікі. Одан кейін China Town деген әрбір қаласында бар. Ол жерде әлі күнге дейін ағылшын тілін білмейтін қытай ұлтының өкілдері бар. Содан кейін көптеген жерлерде тек испан тілінде ғана сөйлейтін адамдар бар. Флорида, Калифорния және Мексикаға, Кубаға жақын жерлерде дүкенге кіріп ағылшын тілінде сұрасаң, ол саған испан тілінде жауап береді. Испан тілінде сөйлемеймін десең, саған бажырайып қарайды.

Сондықтан бізден басқа елдердің бәрінде керемет деп айта алмаймын. Бірақ бізде өзімізді басқамен салыстырып отыруға уақыт жоқ. Кеңес дәуірінің кезінде идеологияның саясатымен империяны құрғанымызға 250 жыл болды деп тойлаған кездер де болған. Мәскеуде, Самара қалаларында тойлаған сәттерін білемін. Сондықтан да сол нәрселердің бәрін өтіп келіп, қазіргі кезде біз қайтадан рухтануымыз үшін, өзімізді осы жердің нағыз қожайыны, негізін құраушы халық екенімізді басымызды көтеріп, еңсемізді тік ұстап тұрып сөйлей алатын дәрежеге жету үшін өзіміздің ішкі жан-дүниеміздің түбірі, тұғыры - тілімізді мықтап алуымыз керек деп ойлаймын.

Қызметкерлерге қойылатын талаптардың бірі - қазақ тілін жетік білу – кәсіпкер

- Сіздердің «TAS Group» компаниялар тобының негізгі қызметі неде, қандай ерекшеліктеріңіз бар? Осыған тоқтала кетсеңіз, оқырмандарымызға да қызық болар.

- Компаниямыздың негізгі бағыты қаржы саласы. Біз еліміздің қаржы нарығының басты ойыншысына айналғымыз келеді. Оны өзгерткіміз, халыққа жақын еткіміз келеді. Біздің тұтынушыларымыз негізінен шағын және орта бизнестің өкілдері, сонымен қатар микробизнес немесе өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етушілер. Біздің қызметіміз кәсіпкерлердің бизнесіне қажетті қысқа мерзімді қаржы беру.

- Сіздер сонда өз жобасымен келген кез-келген кәсіпкерді қаржыландырасыздар ма?

- Иә, қысқа мерзімді, мысалы тауар керек болып қалды, ол қазір арзан бағамен бар, ал оны сатып алуға ақша жетіспейді. Ол бізден ақшаны алды да тауарды сатып алып, үстіне баржасын қойып сатты дегендей. Немесе келген тауарды кеденнен тазалап алу керек, соған ақша керек болды, сондай сәттерде біз кәсіпкерлерге көмектесеміз. Содан кейін біз қазақша сөйлейтін, таза қазақ тілінде қызмет көрсете алатын алғашқы қаржы компаниясы болғымыз келеді.

- Бір ерекшелігіміз осы дейсіз ғой?

- Иә, бұл бір. Одан кейін біз қаржы сервисін қазіргі таңда Ресей мен Өзбекстанға экспорттап отырмыз. Тек мұнайды ғана экспорттамай, қызметті де экспорттауымыз керек. Қазақтың қаржы сервисін біз басқа мемлекеттерге экспорттап, біраз уақыттан соң қазақтың қаржы сервисін экспорттап отырған компания ретінде көрініп, артымыздан өсіп келе жатқан буынға Қазақстаннан шығып, жаһандық компания болғанын көрсеткіміз келеді, бұйыртса. Қазір біз осымен айналысып жатырмыз, ары қарай да жасай береміз. Осындай біздің ерекшеліктеріміз бар.

Одан кейін біз әлеуметтік жауапкершілігімізге өте көп көңіл бөлеміз. Өзіміздің жылдық пайдамыздың белгілі бір бөлігін қоғамның, әлеуметтің, мәдениеттің, спорттың дамуына қайырымдылық жасауға жұмсаймыз. 2018 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан «Assyltas» атты қоғамдық қорымыз бар.

- Иә, осы Қор туралы да сұрайын деп отыр едім.

- «Assyltas» қоғамдық қоры «TAS Group» қаржы компаниялар тобының әлеуметтік жауапкершілігін жүзеге асыратын қор. Мысал үшін 2023 жылы 250 млн. теңгеден астам қаржы түрлі жобаларға бөлініп отыр. Бұл әртүрлі салада бекітілген жобалар. Олардың қай уақытта қалай жүзеге асатындығы нақтыланған. Биылғы жылы әр айдың өзіне 7-8 жобадан бөлініп, жоспарланған. Осы жылы, бұйыртса, 100-ден аса жобаны жүзеге асырамыз.

«Инновацияға ден қойып, қазақ тілін қалың бұқараның іскерлік орта тіліне айналдыру. Қайырымдылық жасау. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Ұлттық мүдде жолында қызмет ету», бұл «Assyltas» қоғамдық қорының миссиясы, яғни өмір сүру мәні. Бұл айналып келгенде «TAS Group» компаниясының да болмысын көрсетеді. «TAS Group» компаниясының негізгі миссиясы қаржы нарығындағы жұмысы болатын болса, жалпы топтың миссиясы осыған келіп саяды. Осы уақытта біз спортшыларды, журналистерді, ғылымды, әдебиетті, оның ішінде айтысты да қолдаймыз.

Қызметкерлерге қойылатын талаптардың бірі - қазақ тілін жетік білу – кәсіпкер

Айтыс - фольклорымыздағы ұлттық өнеріміздің маржаны. Қазақ тілінің әдемілігін, әуезділігін қалыптастыратын, халықты қызықтыратын, сөзге тоқтауға үйрететін, өскелең ұрпақтың тілге деген махаббатын оятатын бірден-бір инструмент. Сондықтан да 7-8 жылдан бері айтысты қолдап, өзіміздің жеке «Асыл домбыра» деген жобамызды шығарып, суырыпсалмалықты, жеребемен айтысуды ұйымдастырып жүрміз. Одан басқа өңірлерге көмектесу, жаңадан кәсіп бастап жатқандарға бизнес грант бөлу, «Жүз өлең» деген жобалармыз бар. Бұл жобада жүз өлеңді жатқа білген адамдарға бас жүлдеге көлік беріп жүрміз. Автокөлікті осы уақытқа дейін өлең жаттаған балаға ешкім бермеген. Оны тек айтыскер ақындар мен балуандарға ғана беріп келген еді.

- Бұл жобада сонда белгілі бір ақындардың өлеңдерін жаттап айтуы керек пе?

- Иә, біз ақындардың тізімін жасап береміз. Бұл сайысты осыған дейін үш рет өткізіп, үш адам көліктің иесі атанды. Әр сайыста бір адам көлік алады, бес жүз адам жүз өлеңнен жаттайды. Яғни қазақтың әрбір жасы жүз өлеңді жаттап алады деген сөз. Бірақ бұл жобаға жасы алпысқа келген адамдар да қатысты. 100 өлеңді жатқа білу деген адамның рухани баюына себеп. Ондай адамның келешекте кез келген ортада сөйлеген сөзінің сапасы да, салмағы да артық болады. Бұл жобаның арқасында 1500 адамның жүз өлеңнен жаттап алғаны басқа жұртқа байқалмауы да мүмкін. Бірақ бұл біздің адами капиталымыздың қалыптасуына өзіндік үлесін қосатын жобалар.

- Дұрыс бәрі сәтті өтуіне тілектеспіз. Сіз жақында ғана Алматы қалалық мәслихатының депутаты болып сайландыңыз, құтты болсын! Депутат болған қалай екен?

- Рахмет, әзірше біз әлі депутаттықтың «дәмін» сезініп те үлгерген жоқпыз, шыны керек (күледі). Екі рет басқосуымыз болды. Бірінші сессияда төрағаны сайладық, комиссиялардың құрамын белгілеп, оның ішіне кімдер кіретінін анықтадық. Екінші отырыста әрқайсымыз өзіміздің комиссиямен қай бағытта жұмыс істейтіндігімізді анықтадық. Ертеңгі күні қаладағы басқармалардың басшыларымен, әкімнің орынбасарларымен танысып, солармен ары қарай жұмысты жалғастыратын боламыз.

- Қателеспесем, Сіз қалалық мәслихаттағы құрылыс, сәулет, урбанистика және жер қатынастары жөніндегі комиссияның мүшесісіз.

- Иә, мен Алматы қалалық мәслихатындағы құрылыс, сәулет, урбанистика және жер қатынастары жөніндегі комиссияның мүшесімін. Менің бұл бағытта айтарлықтай тәжірибем жоқ, дегенмен де халықтың талабын орындап, олардың жақсы өмір сүруіне, қаланың көркеюіне атсалыссам деген ниет бар. Менің депутаттыққа барғандағы себебім, осы уақытқа дейінгі адамдардың депутат лауазымына деген көзқарасын өзгертіп, өшіп қалған сенімін қайта тірілтіп, депутаттық образды дұрыс жағынан қалыптастырсам деген оймен барған болатынмын. Осы бес жылдың ішінде осыны қолдан келгенше істеймін деген ойдамын.

- Өзіңізден кейінгі жастарға айтар ақылыңыз, заманауи қазақ азаматтары бай-қуатты өмір сүруі үшін ең бірінші не істеуі керек?

- Бұған енді көп факторлар әсер етеді. Бақ та керек, бап та керек. Бақ енді Жаратқанның берген тылсым күші болса, бап дегеніміз ол білімді әрдайым лайықты түрде тоқтаусыз дамытып отыру. Содан кейін алған білімді қолдануға тырысу керек. Құр білімді жинап-жинап, оқығаны көп, істегені жоқ болмауы керек.

Табандылық керек, бәрі бірден бола салады деп ойлау қате. Болмай қалған күннің өзінде қайтпас қайсар мінезбен қайтадан алдыға шығу керек. Мысал үшін айтайын электр шамын ойлап шығарған Томас Эдиссонның өзі бір қарағанда, шамды бір ретте ойлап тапқан сияқты. Бірақ оның алдында ол 999 рет қателескенін ұмытпауымыз қажет. Жас болған соң ата-ана алдындағы, одан кейін Отанының алдындағы парызын орындауы керек. Осыған бірден-бір негіз ол өзінің мықты болуы, ол деген білімді, білікті болу, бірнеше тілді, заманауи технологияларды білу. Қоғамда сұранысқа ие болу арқылы өзінің тұрмыстық жағдайын да, рухани жағдайын да өсіру. Отанының алдындағы парызы - басқа елге үлгі болу арқылы біздің мемлекеттің қатарындағы азаматтардың сапасын жақсартуға үлес қосу.

- Салиқалы сұхбатыңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға