Жаңалықтар

Қытаймен визасыз режим Қазақстанға не үшін керек?

Қытаймен визасыз режим Қазақстанға не үшін керек?
Фото: © Pixabay.com 11.05.2023 15:11 4634

Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара визасыз режим мәселесі қоғамда қызу талқыға түсті. Визасыз режимнің енгізілуіне бірі қарсы болса, енді бірі оның тиімді екенін айтып жатыр. Мұндай келісімнің елімізге қандай пайда әкелетінін сарапшылардан сұрап көрдік.

Визасыз режим былтыр енгізілді

Өздеріңіз білетіндей, былтыр жазда Қазақстан Қытай азаматтары үшін визасыз режимді енгізген болатын. Дәлірек айтқанда, қытайлықтар елімізде 2 аптаға, яғни 14 күнге дейін бола алады. Енді жаңа келісім негізінде екіжақты визасыз режим енгізу жоспарланып отыр. Демек, Қазақстан азаматтары Қытайға 30 күнге визасыз барып келе алады. Бұл ереже Қазақстанға келетін Қытай азаматтарына да қатысты болмақ.

2022 жылы елімізге келген қытайлық туристерден түскен табыс 16 млн долларға жеткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Мұндай деректі Kazakh Tourism жариялаған болатын.

Kazakh Tourism-нің хабарлауынша, Қазақстан жеріне келген әрбір қытайлық турист шамамен 1 000 доллардан жұмсаған.

Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі еліміз тағы 26 елмен визасыз режим енгізуге келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Ол елдердің арасында Австрия, Сауд Арабиясы, Сан-Марино, Бахрейн секілді елдер бар.

«Алтын отыз жыл»

Биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 31 жыл толып отыр. Осынау жылдар ішінде екі ел түрлі салада серіктестік орнатып үлгерді.

Қазақстанның Қытайдағы елшілігі жариялаған мәліметке сәйкес, Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сауда көлемі тарихи рекордқа жеткен.

2023 жылғы 18 қаңтарда ҚХР Бас кеден басқармасы Қытайдың 2022 жылы шет елдермен сыртқы саудасы туралы статистикалық мәліметтерді жариялаған. Жыл қорытындысы бойынша ҚР мен ҚХР арасындағы тауар айналымы рекордтық 31,2 млрд долларға жеткен.

Өзара сауданың 23,6%-ға өсуіне негізінен Қазақстанның Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін 133,7%-ға, шикізаттық энергетика өнімдердін – 58%-ға, химиялық өнімдердін – 25,2%-ға жеткізуінің ұлғайуы себеп болып отыр. Сонымен қатар Қазақстан Қытайдан пластмасса мен каучук импортын 45%-ға, тоқыма және тоқыма бұйымдарын 23,4%-ға және машиналар мен жабдықтарды 21,4%-ға ұлғайтты.

Визасыз режим елімізге не береді?

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза мұндай мүмкіндікті тиімді пайдалану керек деп есептейді.

Біз – теңізге шықпайтын мемлекетпіз. Бізге сауда-саттық үшін мұхитқа коридор керек. Яғни осы тұрғыдан Қытай біз үшін үлкен мұқит сияқты көрші. Қытай бізден барлығын сатып ала алады және өздеріндегі барды бізге сата алады. Сол себепті мұндай мүмкіндікті пайдаланбау тарихтың алдындағы қылмыс деп есептеймін, - деп айтты депутат.

Ол қазақстандықтардың не себепті Қытаймен визасыз режимге қарсы болып жатқанын түсіндіріп көрді.

Қытайдан қорқатын адамдардың көбі - Қытайда болмаған адамдар. Қытай тарихында 5000 жыл бойы ешкімге, ешқашан соғыс ашып, оккупация жасаған оқиға жоқ. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Қытайға біз керекпіз бе әлде Қытай бізге керек пе? Мысалы, Қытай Қазақстансыз өмір сүре алады. Оның Тынық мұхитта порттары (Мысалы, Шанхай порты) бар. Біз керісінше, Қытайға экономикалық тұрғыдан мұқтажбыз. Оны мойындау керек. Егер Қытайдың шекарасы жабылса, онда Қазақстан Республикасында тауар тапшылығы сезіледі. Осында жүрген адамдардың көбінің киген киімі «Made in China». Сол себепті Қытаймен дос болу керек. Қытаймен қарым-қатынасты түзеу қажет. Ол - біздің Құдай қосқан көршіміз. Ол ұнамаса сатып, көшіп кететін пәтер емес қой. Ол біздің тарихи көршіміз. Одан ешқайда қашып кете алмаймыз. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан да дәл сондай. Сондықтан дипломатияға жүгініп, аман-сәлемімізді түзегеннен ешқандай зиян жоқ, - деп ойын ортаға салды Самат Нұртаза.

Мәжіліс депутаты елімізде қытайтанушылар аз екенін айтты. Оның айтуына қарағанда, елімізде Қытайды зерттейтін институттар қажет.

Визасыз режимнің несі жаман? Саудагерлеріміз Қытайға барып жұмыс істеп, тауар алып келе алады. Бұрын виза күтетін болса, енді ел ішіндегідей, яғни Ақтөбе, Семейге барған сияқты, билет сатып аласыз да, ұшып барып келесіз. Шанхайға болсын, Пекинге болсын... Өкінішке қарай, бізде синофобия бар. Көп адам бірдеңені білмегеннен, содан қорқады. Оны біліп, зерттеу керек. Қазақстанда жалпы синологтар, яғни қытайтанушылар аз. Қытайды зерттеу керек. Ол үшін оны зерттейтін институттар ашылуы қажет. Жабылып алған, вакуумдағы мемлекет болмауымыз керек, - деп айтты Нұртаза.

Депутаттың сөзінше, егер визасыз режим енгізілсе, сауда-саттық, тіпті темір-терсектен мұнайға дейін сата алатын клиент пайда болады.

Кейбір мемлекеттер өзінің қазба-байлығына, тауарына клиент таппай отыр. Қытай барлығын сатып алуға дайын. Неге ондай көршіден бас тартуымыз керек? Керісінше, қуануымыз керек. Қытаймен шекарасы жоқ көптеген мемлекет бізге қызыға қарайды. Мысалы, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан Қытайға өту үшін біздің жеріміз арқылы өтіп, бізге транзит үшін ақша төлейді, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза визасыз режим жайлы.

Депутат Самат Нұртаза осыған дейін Қытайда, соның ішінде Үрімжіде бір рет болғанын айта кетті.

«Визасыз режим ең үлкен дипломатиялық серпіліс болады»

Экономист Рахим Ошақбаев та Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа байланыс деңгейіне қатысты ойын білдірді.

Қытай экономикасы әлемде бірінші орында. Сондай-ақ өздеріңіз білетіндей, халқы ең тығыз орналасқан ел. Оған қоса ежелгі өркениеттің жері. Сондықтан туризм, бизнес, инвестиция үшін елге визасыз кіру мүмкіндігі бұл жай ғана арман десек те болады. Менің ойымша, визасыз режим екіжақты қарым-қатынастардағы ең үлкен дипломатиялық серпіліс болады, - деп айтты Ошақбаев.

Ойынша, бұл құжат болашақта шағын және орта бизнеске де өзінің оң әсерін тигізеді.

Кезінде 90-жылдары Кеңес одағы құлап, барлық экономикалық байланыс бұзылғаннан кейін көптеген отбасының күнкөрісі қиындап, аман қалудың үстінде болды. Сол кезеңдерде Қытайдың арзан тауарлары Қазақстанға ғана емес, сонымен бірге посткеңестік елдерге аяғынан тұруға мүмкіндік берді. Көптеген тұтынатын тауар арзан бағада Қытайдан келді. Ия, ол кезде сапасы жоғары болмады. Бірақ оны адамдар киді, жеді, оны тұтынды. Ол адамдарға күндерін көруге көмектесті. Мұны елемеуге болмайды, - деп түсіндірді сарапшы.

Рахим Ошақбаев Қытай қазіргі күні электроника саласында қарқынды дамып келе жатқанын алға тартты.

Қазір Қытай тұрмыстық электроникада, мысалы, смартфон, гаджет, дрон шығаруда көшбасшы ел саналады. Сондай-ақ қазір электромобиль шығаруда да алдыңғы қатарда. Егер қазақстандықтар Қытайға саяхат жасап, тауарларын сатып алып, көріп, келісімшарт жасасып, оны елге алып келсе, үлкен серпіліс болар еді, - дейді ол.

Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі екіжақты визасыз режимге мамыр айында қол қойылуы мүмкін екенін айтқан болатын. Егер келісімге қол қойылса, онда екі елдің азаматтары Қазақстан мен Қытайда 30 күн визасыз жүре алады. Сондай-ақ азаматтар іскерлік немесе туристік мақсатта ғана осы уақыт аралығында елдерде бола алады. Яғни екі жақтың азаматтары да жұмыс істеу үшін бара алмайды. Егер талап бұзылса, онда азамат тиісті жазаға тартылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға