Жаңалықтар

Қытайлық аяқ киім өндірушілері Қазақстанға импорттайтын аяқ киімдерді тегін таңбалауға дайын

Қытайлық аяқ киім өндірушілері Қазақстанға импорттайтын аяқ киімдерді тегін таңбалауға дайын
Фото: © Pixabay.com 18.11.2023 02:30 986

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аяқ киімді цифрлық таңбалау бойынша өкілетті органы ретінде Бірыңғай оператормен бірлесіп аяқ киім өндірушілермен және ірі логистикалық компаниялармен тауарды таңбалау мәселелері бойынша келіссөздер өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында Beijing Vitcony компаниясының басшылығы тегін таңбалау қызмет көрсетуге дайын екенін айтты.

«Сіздің кәсіпкерлеріңіз барлық деректерді енгізуіміз үшін жапсырмада болуы керек ақпаратты PDF форматында жіберуі тиіс. Осыдан кейін біз бүкіл процедураны орындаймыз. Клиент тек жеткізу қызметтерін үшін төлеуі керек. Бұл түпкілікті бағаға әсер етпейді. Біз серіктестеріміздің бізден тек жоғары сапалы қызмет алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», - деді Фаина Таньядаша, Beijing Vitcony бас директоры.

Сараптама нәтижесінде қытайлық өндірушілер - аяқ киім тігу бойынша ірі фабрикалар басқа да көрші елдер аумағына экспортталатын тауарлар бойынша таңбалау қызметін қазірдің өзінде жүзеге асырып жатқаны анықталды. Тиісінше, барлық бизнес-процестер тестітлеуден өтіп, жүзеге асырылып, бірнеше рет сынақтан өткен және Қазақстан Республикасының аумағына аяқ киім өнімдерін импорттау барысында қолданылуға дайын.

Сонымен қатар, экспортқа шығатын жүктерді «жинау және топтау пункттері» болып табылатын ірі трансшекаралық тораптар ресейлік және қазақстандық импорттаушыларға аяқ киім өнімдерін таңбалау қызметін көрсетуде. Бұл процедураның құны бір жұп аяқ киім үшін 0,2-ден 0,5 юаньға (13-33 теңге) дейін жетеді, кейде аталмыш рәсім жүк көлеміне және тауар иесімен жасалған келісімдерге байланысты қосымша төлемсіз жалпы кешенді қызмет ретінде беріледі.

«Baby sky» брендінің өкілдері де тегін ынтымақтастыққа дайын екендіктерін жеткізді. Тауарлардың үлкен көлемін экспорттайтын болса, олар арнайы кодты жабыстыруға жұмсалатын барлық шығындарын өздері көтеруге дайын. Айта кетерлігі, қытайлық өндірушілер қазақстандық аяқ киім нарығының жалпы көлемінің 70 пайызын қамтиды.

Анықтама: міндетті таңбалау енгізілгеннен бері Қазақстанға аяқ киімнің ресми импорты 2019 жылғы 39,5 миллион жұптан 2021 жылы 53,1 миллион жұпқа дейін 34 пайызға және 2022 жылдың 7 айында 26,1 миллионнан 2023 жылы 35,6 млн. жұпқа дейін 36 пайызға өсті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға