Қытайдан Қазақстанға 680-нен астам жүк көлігі өтті

Үкіметте Қазақстан-Қытай шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттерінің тиімділігін одан әрі арттыру жөніндегі жоспарлар талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы аптада «Нұр Жолы» бекетінің өткізу қабілеттілігі едәуір арттты.
Атап айтқанда, 19 наурызда:
ҚХР-дан ҚР-ға 680-нен астам жүк көлігі (13 наурызда шамамен 150 көлік);
ҚР-дан ҚХР-ға 140-қа жуық көлік өткен.
Шекарадағы кезек алғашқы күндері нақты 300 көліктен 20 наурыздағы жағдай бойынша шамамен 70 көлікке дейін азайды. Қазақстан жағында көбіне Қытай визаларын алуды күтіп отырған тасымалдаушылар басым.
Премьер-Министр Сыртқы істер министрлігінің көмегімен бұл процесті жеделдету, сондай-ақ қазақстандық компанияларды халықаралық тасымалдарға шығуын оңайлату жөніндегі шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов шекаралық бақылау-өткізу бекеттеріндегі электрондық кезекті қалыптастыру тәсілдерін қайта қарауды және оңтайландыруды тапсырды. Оның айтуынша, бұл процесті ашық әрі тиімді жүргізу үшін «Атамекен» ҰКП тарту керек.
