Қытайдағы қазақ боксшысына жергілікті билік 6,5 млн теңге көлемінде қаржылай сыйақы табыстады
Бокстан Ханжчоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарының чемпионы Тоқтарбек Таңатқанұлын өзінің туған жерінде Алтай қалалық парткомының орынбасары Жеңісхан Құрманұлы 100 мың юаньмен (6,5 миллион теңге) арнайы марапаттады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Kazinform-ге сілтеме жасап.
Бұл туралы қытайдың орталық халық радиосы ресми түрде мәлім етті.
Алтай қалалық партком басшылары Таңатқанұлын марапаттау үшін оның үйіне арнайы амандаса барған.
Қала басшылары халықтың ықыласты сәлемі мен ізгі тілегін жеткізіп, әрі 100 мың юань сыйлық ақша ұсынумен қатар, Тоқтарбектің алғашқы жаттықтырушысы Мұрат Бошайұлына 50 мың юань ақша сыйлап, дарынды боксшыны баулыған ұлағатты еңбегіне шынайы алғыс білдірді, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, Тоқтарбектің үйіне амандаса барған жергілікті атқамінерлер осындай чемпионды ержеткізген Тоқтарбектің ата-анасына да алғыстарын білдірді.
Шара барысында Тоқтарбек ендігі арманы Олимпиаданы бағындыру екенін де атап кетті.
Бұл натижеге қол жеткізгенде ең әуелі ата-анамның мәпелеп өсірген шапағатына, жаттықтырушымның баулыған еңбегіне ерекше алғыс айтамын. Сондай-ақ, барлық жағдайымызды жасап отырған ел билігіне, мені қолдап келе жатқан барлық жанкүйерлеріме шынайы алғысымды айтамын. Бұл Азия ойындары мен үшін үлкен тәжірибе болды. Ендігі мақсат - келесі жылы өтетін төрт жылдық дода Олимпиада ойындарында топ жару, - деп атап өтті боксшы.