Қытайда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін - ғалымдар

Сарапшылар Қытай мен көршілес аймақтарда жойқын жер сілкіністері болады деп болжам жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бейжің ғалымдары Қытай мен оған іргелес жатқан аймақтар жаңа сейсмикалық белсенділік кезеңіне аяқ басуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Чжу Хунбинь жетекшілік ететін Жер сілкінісі агенттігінің зерттеуіне сілтеме жасай отырып South China Morning Post жазды.
Соңғы 150 жылдағы деректерді талдау нәтижесінде алты сейсмикалық белсенді кезең анықталған. Ғалымдардың пайымдауынша, қазір жетінші кезең басталуда.
Ең жоғары қауіп Сычуань, Юньнань және Гималай маңында, өйткені жер қыртысындағы кернеу солтүстік-шығысқа қарай ығысып жатыр.
Бұл зерттеу Мьянмада жақында болған жойқын жер сілкінісінен кейін жарияланды. Қытайлық мамандардың айтуынша, бұл оқиға аймақта болуы мүмкін жаңа апаттардың белгісі болуы мүмкін.
