Жаңалықтар

Қытайда қысқы Азия ойындары аяқталды

Қытайда қысқы Азия ойындары аяқталды
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі 14.02.2025 19:41 810

Қытайдың Харбин қаласында ұйымдастырылған IX қысқы Азия ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, биылғы ақ Азиадада Қазақстан құрамасы 4 алтын, 9 күміс, 7 қола жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтап отыр. 

Ел қоржынына алтын жүлдені биатлоннан жекелей сында өнер көрсеткен Владислав Киреев, фристайл-акробатикадан синхронды секіруден, шорт-тректен және хоккейден ерлер құрамасы салды.

Күміс жүлдені биатлоншы Вадим Куралас пен эстафетада Қазақстан ерлер құрамасы, фристайл-акробатикадан аралас құрама, шаңғыдан Константин Бортцов пен әйелдер құрамасы, шорт-тректен әйелдер және аралас құрама, конькимен жүгіруден Евгений Кошкин және шайбалы хоккейден әйелдер құрамасы жеңіп алды.

Ал конькимен жүгіруден әйелдер құрамасы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров, шаңғышы Олжас Климин, шаңғыдан ерлер құрамасы, фристайл-акробатикадан Аяна Жолдас пен әйелдер құрамасы және биатлоннан әйелдер құрамасы Азиаданың қола жүлдегері атанды.

Қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының 137 атлеті 6 спорт түрінен 10 дисциплинада сынға түсті. Харбиндегі дүбірлі додада жалпы 9 елдің спортшылары жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Айта кетейік, келесі қысқы Азия ойындары 2029 жылы Сауд Арабиясында өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға